Таным • 16 Қазан, 2018

Жасанды сұлулық жан азабына айналмасын

1803 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Көрікті болып көрінудің жолында адам неге бармайды дейсіз. Уақытты алдамақшы болып, уыс-уыс ақша шашып, тәуекелдің түр-түріне барып жүргенде, керісінше кісі көзіне шыға алмай қалғандар қаншама?! Әдемі боламын деп ажал құшқандардың да мысалы аз ба? Алайда осының бәріне қарамастан, медицинаның ішінде енді пластикалық хирургия үлкен индустрияға айналғанына ешкім дау айта алмас. Түптің түбінде оның өтеуі қандай болатынына адам дер кезінде есеп бере бермейді.

Жасанды сұлулық жан азабына айналмасын

Құдайым-ау, жаратқан иеміз де Құран Кәрімде: «Адам баласын ең көркем мүсінде жараттым», дейді. Расында, біздің түр-тұлғамыз бен тік жүруіміз жер бетіндегі өзге тіршілік иелеріне қарағанда сымбатты екені айдан анық. Тәңірден асқан суретші жоқ болса да, жасанды сұлулыққа деген талас енді толас­тамайды. 

Сонымен қазіргі таңда Қазақ­станда ең көп таралған пластикалық ота түрлері – блефаропластика, екін­ші орында – омырау үлкейту тұр. Үшінші, төртінші орындарға smas-лифтинг пен липосакция таласады. Демек әйелдердің талғамы өзгере бастады. Біраз жыл бұрын ғана қыз-келіншектер бірінші кезекте маммопластиканы көбірек таңдап келген. Ал бөксе үлкейту – глютеопластикаға біздікілер қа­зір көп жүгіне бермейтін көрінеді. Есесіне еуропалық пішінмен қабақ кес­тіруге әуестер көбейді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана әлемде жылына 18 миллионға дейін пластикалық операция, оның ішінде 10 миллионнан астамы хирур­гиялық жолмен жасалына­тыны жарияланған-ды. Егер қыз-келіншектердің көпшілігі әрі жас әрі әдемі көрінудің жолында пы­шаққа түскенін барынша жасырып бағатындығын ескерсек, бұл көрсеткішке аса сене беруге болмас. 

Сол сияқты пластикалық хи­рург­тің қызметіне жүгінген әлемге танымал өнер жұлдыздары мен әлеу­меттік желінің сұлулары бұл істің базарын жүргізіп тұр. Есесіне осы операцияның кесірінен сиқы қашқан танымал тұлғалардың рей­тингі ешкімді қорқытпайды. Сұ­лулық – құрбандықты қалайды дейтін қайтпас қағидаттың салдары әлі әдемілік қуғандарды шошытып отырған жоқ. 

Пластикалық хирургтер бет мүшелері бөлек-бөлек қартай­май­тындықтан, кешенді түрде оны пышақпен кесіп-пішеді. Олар үлкен тәуекелге бара отырып, нәтижесі үшін түпкілікті кепілдікті ешқашан берген емес. Ал табиғаттың бір- бірімен мінсіз жалғастырып тұрған тіндері мен жасушаларын, көзге көрінбес қан тамырлары мен жүйке талшықтарын қию – денсаулыққа зия­нын бәрібір тигізбей қоймайты­нын медициналық білімі жоқ адам да ішкі түйсікпен сезеді... 

Алайда осының біріне қарамас­тан, жасанды сұлулық салтанат құрып тұр. 

– Қазіргі үрдіс пен тәжірибе бізге қазақ қыздарының еуропалық­тарға еліктейтінін көрсетеді. Ко­рея­дағы сияқты бізге жастарымыз жұлдыздардың неше түрлі сурет­терін алып келеді. Олардың арасында Instagram парақшалардан алынған бикештер, яки модельдер де бар. Бұлардың бәрі классикалық еуро­палық қас-қабақ, бақырайған көз, жабысқан жақ, томпақ, дүр­диген ерін, сопақ бет болып келе­ді. Мұндай жағдайда біз клиенттерге аса қажеттілік болмаса, Құдай­­­дың берген келбетінен бас тарт­пауға кеңес беріп бағамыз. Бірақ дегенінен қайтпайтындар бәрі­бір хирург пышағынан қорық­пайды. Мәселен, липосакцияны алайық, бұл операция – артық май­ларды азайтқанымен, бәрібір арықтадың дегенді білдірмейді. Липосакциядан арықтаған әйелді мен әлі кездестірген жоқпын, – дейді қазақстандық пластикалық хирург Алексей Куимов. 

Не десек те, халқымыздың сұлу­лықты «оймақ ауыз», «күлім көз» деп суреттеген қалыбынан шық­пағанда сақтай алатынымыз айдан анық. Әйтпесе қазір жастарымыз жекеменшік сұлулық салондарын ашып, өз бетінше косметолог болып жүргендер арқылы жасанды кірпік жабыстыруға аса үйір. 

Бұл туралы да тәжірибелі косметолог Гүлшаш Әубәкірқызы: «Желім­нің химиялық құрамы өте жоғары, көзге тигізетін зияны да көп, желіммен жалғанған кірпіктерден кейін адамның өз кірпіктері саудырап түсіп қалады. Косметологиялық желім деген желім болмайды. Мен кірпік жалғатуға келген адамға жасатпауға кеңес беремін. Әрине бір аптаға дейін әдемісі әдемі, ал одан кейінгі зияны қаншама?! Қа­зір косметология дамыған. Жа­сан­­ды кірпік жабыстырмай-ақ, кір­­­пікті тітіркендіру арқылы дәру­мендермен қоректендіріп, өсіруге болады.

Осы салада жүріп, маман ретін­де мен де біраз ой түйдім. Қазір қыз-келіншектер сұлу көріну үшін ботокс сияқты әдістермен беті­нің жанын кетіріп, қабағын кес­кізіп, бәріне барады. Тіпті сапасыз пластикалық операциялардан өліп кетіп жатқандар да бар. Міне, осының бәрі ақша табудың кесірінен болып жатыр. Қаншама әйел өзінің табиғи түрінен айы­рылып, айнаға қарауға жүрегі дауа­­ламайтын жағдайлар орын алуда. Адамның денсаулығы мен келбетіне қатысты кәсіппен айналысатындар бірінші кезекке адал­дықты, сапаны қою керек. Қауіпсіз болуына жауапты болуы тиіс», дейді. 

– Ал дорба ауыздарға келсек, қазақтың қиғаш қас, алма мойын, оймақ ауыз деп әспеттеген сұлуларға арналған теңеуі бізден алыстап барады. Қазір ересек әйелдердің өзі ерніне гель құйғызып, аузын дүр­дитіп алатыны аса ерсі көрінсе де көп. Біріншіден, бұл табиғи емес екендігі бірден көзге түсіп тұрады, екіншіден, дұрыс сөйлей алмай, жансызданған ернімен тамақты да дұрыс іше алмайды. Біздің қазақ табиғи көрікті бағалаған. Ең сорақысы салпиған еріндер кейде ісініп, қабынып, іріңдеп, соңы жақсы болмай жатады. Мұның арты немен аяқталатынын айтпаса да түсінікті. Бүгінгі таңда ерінді әдемі том­пиған, балғын етіп көрсетудің түрлі әдістері мен инновациялық зерттеу жолдарымен жасалған ерін далаптары қазір көптеп табылады, – дейді «Gulshash_spa_salon» директоры Гүлшаш Әубәкірқызы. 

Әрине, әйел баласының әдемі­лікке деген құштарлығында тұрған еш оғаштық жоқ. Бірақ ертеңді ойласақ, денсаулықты, ұрпақты ойласақ, пластикалық хирургке барарда он рет ойланып, қырық рет толғанған жөн-ау.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ