Өнер • 17 Қазан, 2018

Дэнис Кин: Алматыдағы мозаикаларды сақтап қалғым келеді

837 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алматының көрікті көшелерімен біте қайнасып кеткен монументтік картиналарды жиыстырып, бас-аяғын мұқият түгендеп жүрген жалғыз адам бар. Ол – алматылық Дэнис Кин. Оның елдегі монументтік бейнелеу өнері саласының бүгінгі жай-жапсары, Monumental Almaty жобасының маңызы, болашақ жоспары жайындағы әңгімесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Дэнис Кин: Алматыдағы мозаикаларды сақтап қалғым келеді

– Дэнис, сізді көпшілік мо­нументтік бейнелеу өнері саласының зерттеушісі ре­тін­де біледі. Жалпы, Қазақ­стан­да қашаннан бері тұра­сыз? 

– Алғаш 17 жасымда студент алмасу бағдарламасы арқылы Алматыға оқуға келіп, қазақ тілі мен орыс тілін үйрене бастадым. Кейін туып-өскен жерім АҚШ-тың Калифорния штатына оралған соң, лингвистика саласына ден қойдым. Қазір бес жылдан бері Алматыда тұрып жатырмын. Қала архитектурасы мен инфрақұрылымындағы, тіршілігіндегі кей жайттар мені қы­зықтыра түсті. Алайда ағыл­шын тілінде мардымды дерек табу қиынға соқты. Қаланың көрікті жерлерін жаяу аралап, фотосуретке түсіріп, қала туралы блог жүргізе баста­дым. Осылайша Walking Almaty жо­басы туристер мен алматы­лықтар арасында кең танылып, таралып кетті. 

– Жақында ғана әлеу­меттік желіде мозаикамен бе­зен­дірілген ескі ғимараттың бұзылғалы жатқанын айтып көмек сұраған едіңіз. Ол іс қалай реттелді?

– Қарасай ауданы, Теректі ауылындағы мозаиканы сақтап қалу туралы соңғы сәтте әлеу­меттік желіге көмек сұрап жазуыма тура келді. Мекеменің иесі мозаиканы тездетіп ше­шіп алмасақ, ғимаратты құ­ры­лыс мақсатында бұзып жат­қанын хабарлаған еді. Қайда хабарласпадық. Әкімдікке де шықтық. Ақыр соңында желі­дегі жазбамызды көрген бір кәсіпкер қажетті техника беріп, мозаиканы шешіп алу үшін әлгі жерге бардық. Бір қабырғасын әлдеқашан бұзып тастаған екен. Кешкісін мекеменің қо­жа­йыны мозаика өзіне керек екенін айтып, айнып қалыпты. Қа­бырғадағы ірі панноның құр­дымға кеткені өкінішті, деген­мен екінші қабырғадағы суретті сақтап қалуға титтей де болса ықпал еткенімізге қуаныш­тымыз. Бұл 1981 жылы жасалған Борис Чувылконың мозаикалық шығармасы болатын. 

– Жалпы, монументтік бей­­не­леу өнері саласына қы­­­зы­­­ғушылығыңыз қалай бас­тал­ған еді? Monumental Alma­ty жо­басы сізге неліктен қым­бат?

– Алматыға алғаш келген күнім әлі есімде. Кеңестік мону­менттік реализмнің қазақ­стандық дамуы мен монументтік нақыштағы сәулет құрылыстары мені ерекше таңғалдырды. Мұндай тамаша өнер туындыларын Америкада еш жерден көре алмайсыз. Қараусыз жатқан көркем туындыларды сақтап қалғым келді. Осы мақ­сатта Monumental Almaty сай­тын құрып, 100-ден астам фрес­ка, мозаика, витраж сынды кескіндеме жұмыстары туралы деректерді топтастырдым. Мен болмасам да, өнерге бейжай қарамайтын өзге біреу жана­шырлық танытқан болар еді.

– Қандай монументтік кес­­кіндемені ерекше айтар еді­ңіз?

– Ең сүйікті компози­ция­лардың бірі ретінде «Алматы» қонақүйінде орналасқан «Еңлік-Кебек» панносын (Молдахмет Кенбаев, Николай Цивчинский, 1965 жыл) айтар едім. Мұнда тарихи жырдың бар болмысы айшықталған, анық көрінеді. Солдан оңға қарай екі жастың та­ныстығынан басталып, ға­шық­тық күресі жолындағы сын-қатер түгел баяндалған. Қиы­мыл-қозғалыстары қандай шынайы, дәл жанды сурет сияқты. 

 «Еңлік-Кебек» панносы, Молдахмет Кенбаев, Николай Цивчинский, 1965 жыл

– Жұмыс барысында қан­дай кедергілер жиі кездесті?

– Қандай қиындыққа тап болмадық дейсіз. Байқауымша, Қа­зақстанда зерттеу жұмыс­тарын жүргізу, яғни тиісті ақпа­ратқа қол жеткізу оңай емес. Әсіресе Ұлттық кітапхананың жұмыс істеу жүйесі көңілімнен шық­пады. Қызметкерлер тап­сырыс берген кітаптың жоға­лып кеткенін айтты. Бұл Ұлт­тық қор емес пе, кітаптың жоғалып кеткені қалай? Мені аса таңғалдырған осы жайт бол­ды. Екінші жиі кездескен мәселе, ғимарат иелерімен тіл табыса алмадық. Олар мону­менттік туындыларды суретке түсіруді ерекше құпия санап, рұқсат бермейтін. Мәселен, Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мем­ле­кеттік академиялық орыс театрының маңдайшасындағы кескіндемені фотоға түсіре ал­ма­дық. Мекеме басшылығы жата кеп, қарсылық танытты. Жалпы идеямызды бірден тү­сіне қоятындар аз. 

– Қолдаушылар болды ма?

– Бастапқыда жобаны өз қаржыммен жалғыз атқа­рып жүрдім. Әйткенмен сон­ша­лықты қалталы адам емеспін. Уақыт өте келе тиісті орындарға хат жолдау кезінде Қазақстан Суретшілер одағы, Алматы әкім­дігінің туризм басқармасы қол­дау көрсетіп, бірқатар жұмы­сымызды жеңілдетіп бергені рас.

– Қала әкімдігіне атал­ған жобаңызды ұсынып көрме­діңіз бе? 

– Әзірге әкімдіктің туризм бас­қармасымен ғана жұмыс атқарып көрдік. Алдағы күндері Мәдениет басқармасымен жо­лы­ғып, осы мәселені күн тәр­ті­біне қойғымыз келеді. Өйт­кені тарихи маңызы бар ұлт­тық мұраларды сақтау жұмыс­тары олардың тікелей мін­деті. Қаншалықты құнды дүние­лер­дің қараусыз жатқанын тү­сін­се екен дейміз.

– Қазірге дейін қанша мо­нументтік-сәндік кескіндеме туын­дыларын сақтап қала алдыңыздар? 

– Алғашқы жақсы естелік­тердің бірі Достық –  Қажымұқан көшелері қиылысындағы жер­асты өткелімен байланысты. Аудан әкімдігімен ке­лісімге келіп, осы жерас­ты өткелінің қабырғасына қа­­шалған туындыны сақтап қалуға уағдаласқан болатынбыз. Илья Малков бас­таған жас суретшілер қол ұшын созып, кескіндемені реставрациядан өткіздік. Естеріңізде болса жоғалып кетіп, қайта табылған Молдахмет Кенбаев пен мүсінші Николай Цивчин­скийдің «Сұлушаш» панносы суретшінің ұлы Алпамыс Кен­баевтың арқасында Алматы қаласы әкімдігінің қолда­уымен Көктөбеге қойылған болатын. Бұл бір ғана мысал. Қала билігі өзге де артефактілерге назар аударып, сақтаудың заң­ды жолдарын ойластырса екен. Меніңше, бұл бағыттағы жұмыстар енді ғана басталды. Алдымен көпшілікке мұн­дай тарихи туындыларды сақтап қалудың не себепті ма­ңызды екенін түсіндіріп алуы­мыз қажет. Қазіргі уақытта осы са­лаға қатысы бар тиісті ұйым­дармен бірлесіп, зерттеу жұ­мыстарын бастадық. Яғни, кес­­кіндемелердің туу тарихын, авторын анықтау тәрізді жұ­мыстарды жүйелеп жатырмыз. 

– Ал Қазақстанның өзге қалаларындағы монументтік картиналардың жайы қалай?

– Келешекте өзге қалалардағы мұралардың сақталуы бойынша жұмыстарды қолға алғымыз келеді. Алайда өзге аймақтарды аралау үшін қосымша қаржы мен уақыт керек. Әрине, өзге қалаларға қарағанда мұндай арт объектілер Алматы аумағында жақсы сақталған. Астана, Қарағанды қалаларындағы нысандардың басым көпшілігі қаладағы құрылыс жұмыстары кезінде жойылып кеткен тәрізді.

– Алдағы жұмыс жоспарыңызды қай тарапта жалғастырмақсыз?

– Назардан тыс қалған монументтік кешендерді іздестіріп, бір жүйеге түсіру басты мақсатымыз болып қала бермек. Одан бөлек Қазақстандағы нақыш, фреска, мозаика және витраж картасын жасап, монументтік-сәндік кескіндеме туындылары туралы кітап жазғым келеді. Елдің тарихы мен дәстүрін баяндайтын монументтік өнер композицияларын мемлекет өз бақылауына алуы тиіс. Замандастарыма, мұның маңызды іс екенін түсіндіргім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен  Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше