Аймақтар • 17 Қазан, 2018

Солтүстік Қазақстанда Қожаберген жырауға ескерткіш орнатылды

896 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавл қаласының кіре беріс қақпасына батыр, сардар, ақын, мемлекет қайраткері Қожаберген жырауға еңселі  ескерткіш қойылды. 

Солтүстік Қазақстанда Қожаберген жырауға ескерткіш орнатылды

Салтанатты рәсімге «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, сөз сөйледі.  Шешендер, басқа да сөйлеушілер атақты «Елім-ай дастанының авторы бабамыздың  өшпес ерлігі, өнегелі өмірі жұртшылық есінде сақталатынын, жастарға үлгі-өнеге болатынын, ұлыны ұлықтау ел парызы екенін жеткізді. 

Қолына домбыра ұстап, ат үстіне қонған Қожаберген ескерткішінің биіктігі 12 метр. Авторы–есімі Қазақстанға  белгілі мүсінші Қазыбек Сатыбалдин. 

Қожаберген жырау Жамбыл ауданы Гүлтөбе жерінде дүниеге келген. Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде атақты жырау, қолбасшы жайлы  тарихшылар көптеген құнды еңбектер жазды. Қазір оның атында мектеп бар. «Қожаберген жырау–Тәуелсіздіктің, Қазақ мемлекеттілігінің және халық бірлігінің символы» деген тақырыпта М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда Ұлттық ұлан Петропавл әскери институтына оның атын беру туралы мәселе көтеріліп, ұсыныс қолдау тапты.

Қожаберген Толыбайұлы – «Жеті жарғыны» жазуға қатысқан, Тәуке ханның замандасы, Бөгенбай батырдың ұстазы, ұлы Абылай ханның кеңесшісі болған тарихи тұлғалардың бірі. Ескерткішке гүл шоқтары қойылып, баба рухына тағзым етілді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы