Аймақтар • 17 Қазан, 2018

Алматы облысында екі ауданға жаңа әкім тағайындалды

613 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысының Ақсу және Сарқан аудандарына жаңа әкім тағайындалды. Жаңа басшыларды аймақ әкімі Амандық Баталов  таныстырды, деп хабарлайды Қазақпарат

Алматы облысында екі ауданға жаңа әкім тағайындалды

Ақсу ауданына әкім болып Есім Базарханов тағайындалды.

Есім Сейілханұлы бұған дейін төрт жыл бойы аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Есім Базарханов 1978 жылы туған. 1999 жылы Д.Қонаев атындағы Қазақ гуманитарлық институтында, 2009 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «заңгер», «қаржы бакалавры» мамандықтары бойынша оқыған. Еңбек жолын 2002 жылы Алматы облысындағы Қаратал ауданы прокурорының көмекшісі қызметінен бастаған. 2003 жылы «Павлодар облысының прокуратурасы» мемлекеттік мекемесінде қылмыстық істер бойынша сот шешімдерінің заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры болды. 2003-2006 жылдары Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің бақылау және талдау басқармасының нормативтік құқықтық актілерді бақылау бөлімінің басшысы қызметін атқарып, 2006 жылы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Астана қаласы бойынша дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды. Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары қызметін де атқарған. Ал 2014 жылдан осы күнге дейін Ақсу ауданы әкімінің орынбасары болды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ақсу ауданының әкімі Әділбек Далбағаев болды. Ауданды бес жылдан аса басқарған Әділбек Егеубекұлы басқа қызметке ауысына байланысты өз еркімен аудан әкімі қызметінен босатылды.

Сарқан ауданының әкімі болып Марат Разбеков тағайындалды. 1966 жылы туған. Ол бұған дейін осы аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Мамандығы - экономист-бухгалтер. Еңбек жолын 1983 жылы Сарқан шарап зауытының жұмысшысы болып бастаған. 1998 жылы Сарқан ауданы бойынша салық инспекциясының салық инспекторы, 2002-2003 жылдары Алматы облысы бойынша салық комитетінің бөлім бастығы, 2003-2004 жылдары Алматы облысы бойынша салық комитетінің өндірістік емес төлемдер басқармасы уәкілетті органдармен жұмыс бөлімінің бастығы, 2004-2008 жылдары Алматы облысы бойынша салық комитетінің басқарма бастығы, 2008-2009 жылдары Алматы облысы бойынша салық департаментінің салық әкімшілігін жүргізу басқармасының бастығы, 2009-2010 жылдары Талдықорған қаласы бойынша салық басқармасының бас салық инспекторы, 06.04.2010 -13.12.2010 жылы Сарқан ауданы бойынша салық басқармасы бастығының орынбасары, 13.12.2010 жылдан осы уақытқа дейін Сарқан ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Ал бұған дейін аудан басшысы болған Ерғазы Қошанбеков зейнет демалысына шықты.