Үкімет делегациясының құрамында Қытайға барған облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев Қостанай қаласындағы Индустриялық аймақта теледидар шығаратын зауыттың биыл басталатын құрылысының Жол картасына қол қойды. Жақында трактор, ауыл шаруашылығы, құрылыс техникаларын шығаратын Қытайдағы, тіпті жалпы әлемдегі ең ірі өндірістің бірі YTO Group Corporation компаниясының делегациясы Қостанайға келіп кетті. Компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Чжао Ишуи қостанайлықтармен ынтымақтастық орнатуға, оның ішінде трактор өндірісін дамытуға ынталы екенін білдірді. Айта кетейік, Қытай жағы осы жобаға жоспарлаған инвестициялық қаржының алғашқы сатысындағы көлемі 25 миллион долларды құрайды.
Қостанай облысының инвестициялық әлеуетіне Қытай да, Ресей де қызығушылық танытып отыр. Шығыстағы көршіміздің машина шығаратын Sinotruk, Hanteng automobile Co., Ltd., SANY Group компаниялары және Ресейдің «Красногвардейский машиностроительный завод» АҚ, «Сибеко» ААҚ Қостанай қаласындағы Индустриялық аймаққа өндірісін орналастыруға ынталы. Алдымен Индустриялық аймаққа ауылшаруашылық техникаларын өндіретін «Композит Групп» трансұлттық холдингі келіп үлгерді. Оның өнімі экспортқа ТМД елдеріне артылады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізе өңдейтін заманауи кешенді қазақстандық «BioQrain» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қытайлық инвесторлармен бірігіп салатын болады. Қытайлық инвестиция арқылы жүзеге асатын бұл үшінші жобаға құйылатын қаржының көлемі 300 миллион АҚШ долларын құрайды. Кешеннің құрылысы келесі жылы басталады. Қостанайда жүзеге асатын осы үш жоба да «Бір белдеу – бір жол» және «Нұрлы жол» бағдарламалары қолдау көрсететін Қазақстан-Қытай инвестициялық жобалардың тізіміне кіреді.
– Ірі үш жоба да өңір экономикасына серпін беретін болады. Әрине құрылған әр кәсіпорыннан қостанайлықтар өзінің жұмыс орнын табады. Олар өндірген өнімнің барлығы да өңірдің, еліміздің экспорттық әлеуетін кеңейте түседі, – дейді облыс әкімінің орынбасары М.Мырзалиев.
Осындай ірі инвестициялық жобалар арқылы Қостанай өңірі экономикасының әртараптылығы да арта түсуде.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ