Әдебиет • 18 Қазан, 2018

Томас Густав Виннер зерттеуіндегі Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығы туралы ой-пікірлер

16661 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Томас Густав Виннер зерттеуіндегі Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығы туралы ой-пікірлер

Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, арқалы ақын, жампоз жырау Мұрат Мөңкеұлының шығармалары әр жылдарда бүгінгі қазақ жерінен тысқары қалаларда жарық көрді. 1908 жылы Қазандағы ағайынды Кәрімовтер бас­пасынан «Мұрат ақынның Ғұмар Қазы ұғлына айтқаны» деген кітап араб қарпімен басылып шықты. Бұл – ақын шығармаларының алғашқы басылымы еді. Оны нақты кім әзірлегені жөнінде әзірге ешқандай мәлімет жоқ. Мұрат ақынның тұңғыш зерттеушісі – Алаштың ардақты перзенті Халел Досмұхамедұлы 1924 жылы Ташкент қаласынан «Мұрат ақынның сөздері» атты кітапты бастырып шығарды. Бұдан соң Мұрат ақынның шығармалары 1940 жылы Мәскеуде басылған «Песни степей» атты қазақ әдебиетінің антологиясында (жалпы редакциясын басқарған Леонид Соболев) жарияланды. Мұхтар Мағауин 1978 жылы Мұраттың «Үш қиян» толғауының аудармасын Ленинград қаласынан шық­қан «Поэты Казахстана» атты антологияға енгізді. 

Ал 1958 жылы Америка Құрама Штаттарының Дьюк университетiнiң профессоры Томас Густав Виннердiң ағылшын тiлiнде басылған «Ресейлiк Орталық Азия қазақтарының ауызекi шығармашылығы мен әдебиетi» атты кітабында Мұрат Мөңкеұлының өлеңдеріне талдау жасалды. Белгілі әдебиет­танушы-ғалым Амантай Шә­ріп екеуміз 1995 жылы АҚШ-тың Окла­хома мемлекеттік университетінің кітапханасынан қазақ поэзиясының озық үлгілері талданған, соның ішінде Мұрат мұрасына да орын берілген кітапты тауып, көшірмесін алып кел­дік (Thomas G. Winner. The oral art and literature of the Kazakhs of Russian Central Asia. Duke university press, 1958. – 270 p). 

Қазақ халқының әдебиетін, оның ішінде зар заман кезеңін, сол дәуірдің өкілі Мұрат Мөңкеұлының өлең-тол­ғауларын талдап, арнайы кітап жаз­ған Томас Густав Виннерді таныс­тыра кетейік. Ол 1917 жылы 3 мамыр­да Прагада дүниеге келген. 2004 жы­лы 20 сәуірде Америка Құрама Штат­тарының Массачутес штатында, Кембридж қаласында қайтыс болды. Ол – сондай-ақ Лев Толстой мен Антон Чехов шығармаларын жан-жақты зерттеген ғалым. Виннердің «Тол­стойдың Ясная Полянадағы шә­кірт­терінің шығармашылық жұмыс­тары», «Чехов және оның прозасы», «Чеховтің «Шағаласы» және Шекс­пирдің «Гамлеті», тағы басқа ғылыми моно­графиялық еңбектері жарық көрген.

Томас Густав Виннердің «Ресейлік Орталық Азия қазақтарының ауызекі шығармашылығы мен әдебиеті» атты кітабы 1980 жылы Нью Йоркте және 2002 жылы Стэнфордта қайта жарыққа шықты. Кітаптың бұдан да басқа басылымдары бар. 

Т.Г.Виннер өз зерттеуінде Мұрат ақынның әйгілі «Үш қиян» толғауынан мынадай үзінді келтіреді: 

The soldier’s bayonet has taken 

the steppe from us –

The tsar has thrust his hand into 

our pocket,

And when he took the Džajyq from us

He gripped us by the collar.

He has realized his inventions.

The black hand of the thief

Has forever taken Uil from us

And the Mangyshlak peninsula.

Dragging his bullock cars, 

he advanced,

To Ǘrgench, Tashkent, and Bukhara,

Taking, along the road, everything 

for himself:

Women and men and even the children,

Cattle and land. If you look around,

O men – over our native land

The day of life, like an evil night, 

is dark.

Осы тұсқа келгенде «Өмірі қазақ топырағын баспаған Томас Виннер Мұраттың тыйым салынған өлеңдерін қайдан алды екен?», – деген сауал туындайды. Оның үстіне аударма түп­нұсқадан едәуір алшақтап кеткен. Ағылшыншаға қандай талантты тәржімашы аударса да, жампоз жыр жүйрігінің түйдектеліп түсетін қуатты тіркестері төл тіліміздегідей жымдасып тұрмайтыны анық. Мәтінді біраз қараған соң толғаудың осы жол­дарының қайдан алынғанын анықтау аса қиын болған жоқ. 1940 жылы Мәскеуде жарық көрген «Песни степей» атты қазақ поэзиясының антологиясына зар заман поэзиясының бірқатар үлгілері енгізілген-ді. Кітап төрт тарауға бөлінген: хан сарайы маңындағы ақындар (Бұқар, Нысанбай, Досқожа), көтеріліс дәуірі поэзиясы (Ығылман, Махамбет, Шернияз), зар заман («эпоха скорби») ақындары (Шортанбай, Мұрат), XIX ғасырдағы жазба әдебиеті (Ыбырай, Шәңгерей, Абай, Жүсіп, Нұржан). Жинақты құрастырушы Леонид Соболевтің: «Екі жақты езгіге ұшырап, өз жұртының қалталылары мен патша отарлаушыларынан қорлық көрген қазақ халкының қайғысы «зар заман» ақындары – Шортанбай мен Мұраттың өлеңдерінде көрініс тапты», – деген пікірі күні бүгін де құнын жоғалта қойған жоқ. 

Бұл кітапқа енген Мұрат ақынның «Үш қиян» («Три эпохи») толғауын аударған Павел Николаевич Шубин (1914-1950) – кеңестік дәуірде кең танымал болған орыс ақыны, журналист, аудармашы. Америкалық ғалым Т.Г.Виннер «Үш қиянның» орыс тіліндегі осы аудармасын пайдаланып, соны ағылшынша сөйлеткен. Екі тілдегі өлең мәтіндерін салыстыра қарағанда мұны анық аңғаруға болады: 

Степи отобрал солдатский штык –

Царь в карман нам руку запустил,

А когда отнял у нас Яик –

То и вовсе за ворот схватил.

Замысел он свой осуществил:

Воровская черная рука

Навсегда отобрала Уил,

Полуострова Мангышлака.

Волоча арбу, он шел вперед –

В Ургенчи, в Ташкент и в Бухару,

Все беря дорогой на учет:

Женщин, и мужчин и детвору,

Скот и землю... Поглядишь вокруг,

О, жигиты, – над страной родной

Жизни день, как злая полночь, глух,

От него хоть в омут головой! 

Т.Г.Виннердің ғылыми еңбегі ауыз әдебиеті нұсқаларынан бастап қазақ әдебиетінің елуінші жылдарға дейінгі кезеңін молынан қамтиды. Кітабының алғы сөзінде ғалымның өзі: «Айналымға қосылатын барлық түпнұсқа туындылар мұқият тексе­рілді, бірақ осы еңбек жазылып жат­қан тұста Кеңестер Одағының өзінде жан-жақты зерттеу жүргізуге мүм­кіншілік болған жоқ. Сол себепті менің қазақ әдебиеті мен сөз өнерінің эсте­тикалық құндылықтары туралы қандай да болсын кесімді пікір айта аламын деген ойым жоқ. Одан гөрі мен әлеуметтік көзқарасқа ден қойдым», – деп ағынан жарыла атап көрсетеді. Автор зар заман дәуірі («Time of Lament») ақындарының санатында Шортанбай мен Мұратты атайды. Базар, Әбубәкір және Ақан серінің шығармаларын да осы сарынмен байланыстырады. Т.Г.Виннер зерттеуінде, әсіресе алдыңғы екі ақынның ағылшын тіліне аударылған өлең мәтіндері біршама талданған. Шортанбайдың «Зар заман» («Time of Lament») және «Алдаушы жалған» («Faithless Lying»), Мұраттың «Үш қиян» («Three Epochs») толғаулары орыс тіліндегі аудармасы арқылы ағылшыншаға тәржімаланған. Сонда Шортанбайдың «Сауып ішер сүті жоқ, Мініп көрер күші жоқ, Ақша деген мал шықтысының» АҚШ-та басылған оқулықтағы нұсқасы былай болады:

Instead of herds, money. 

From such cattle

Yow can obtain no milk.

How can one put a saddle on it?

Бұл, әрине, жоғарыда айтқаны­мыздай, түпнұсқаның бар бояуын сақ­таған аударма емес, автордың өзі мойындағандай, әлеуметтік көзқа­рас­ты таныту мақсаты ғана алға қойылған секілді. Сондықтан ол «Үш қиянды» талдай отырып, «Мұрат тығырықтан шығар жол іздеп, «замананы қалай жөнге келтіреміз?» – деген сауалға жауап таппай қиналды»,  деп, қазақ әдебиетінде әлденеше рет айтылған дәстүрлі қорытындыға келеді. Ең бастысы, Т.Г.Виннер зар заман әдебиетінің табиғатын таниды, әлеуметтік-тарихи себептеріне үңіледі, халық тағдырымен тамырластығына назар аударады. Бұл зерттеу осынысымен де биік тұрады.

Ал енді еркіндеу көсілген Павел Шубиннің аудармасына негіз болған «Үш қиянның» түпнұсқадағы үзіндісі мынау еді:

Еділді тартып алғаны – 

Етекке қолды салғаны. 

Жайықты тартып алғаны – 

Жағаға қолды салғаны. 

Ойылды тартып алғаны – 

Ойдағысы болғаны. 

Маңғыстаудың үш түбек 

Оны-дағы алғаны. 

Үргеніш пен Бұқарға 

Арбасын сүйреп барғаны,

Қоныстың бар ма қалғаны? 

Мал мен басты есептеп, 

Баланың санын алғаны. 

Аңғарсаңыз, жігіттер, 

Замананы тағы да 

Бір қырсықтың шалғаны! 

Т.Г.Виннер отаршылдық дәуірдегі жыр-толғауларға арналған тарауды «Зар заман өлеңдері» немесе «Мойын­сұну дәуірінің поэзиясы» («Poetry of Resignation») деп атаған. Оның зерттеу еңбегінде Есет Көтібаров пен Бекет батырдың бастауымен болған көтерілістер басып-жаншылғаннан кейін халықтың наразылыққа толы көңіл күйі зар заман ақындарының өлеңдерінде көрініс тапқаны туралы айтылады. Сол кезең ақындарының тығырыққа тірелген жұрттың тағды­рын баяндау үшін дәстүрлі жерлеу салттарында орындалатын жоқтау жыр­ларының үлгісіне көбірек ден қой­ғанын тілге тиек етеді. Олардың бұдан құтылудың жолы ретінде мис­тикаға беріліп, торығуға салынуды құп көргенін баяндайды. «Зар заман» ағымының көңіл күйін бейнелеген ең айшықты шығармалардың бірі – орыс отарлаушыларының езгісінен жаншылып-жанталасу сезімін танытатын Мұраттың «Үш қиян» («Three Epochs») поэмасы. Ақын қазақтың ерлікке толы және аңызға айналған өткен дәуірін, қазақ сарбаздарының ерлігін, жердің қадір-қасиетін және қисапсыз малын еске ала отырып, өкініштен өксиді», – дейді Т.Г.Виннер. Ол Шортанбай сияқты Мұрат позиясында да жемқорлықтың жайы мен қарапайым халықтың езгіге түсуін бейнелеу жағынан үндестік байқалатыны жөнінде байлам жасады. Ақынның орыстар енгізген кез келген салт-дәстүрді қабылдауға, тіпті қазаққа үйлесе қоймайтын батыстық үлгідегі киімге де қарсы болғанын атап көрсетеді. Осыған орай зерттеуші мына үзіндіні мысалға келтіреді: 

He wears a suit, without sleeves,

Straight as a board. Between body 

and belt

You cannot even stick a finger – 

everything is pulled tight.

Бұл жолдардың да «Песни степей» антологиясында жарық көрген, Павел Шубин аударған «Үш қияннан» («Три эпохи») алынып, тікелей тәржі­маланғаны дау тудырмайды. Орыс­шадан ағылшыншаға жолма-жол ауда­рылған. Тіркестің түзілу реті, орналасқан қатары, тіпті тыныс бел­гілеріне дейін сақталған. Шайырлық үрдіспен шабыттана шалқыған Шубин­нің шумақтарын саралап көрем десеңіз, мінекей:

Носит он костюм без рукавов,

Прям, как палка. Между кушаков

Пальца не просунешь, − 

стянут весь...

Ал енді бұл арынды ақын Мұраттың «Үш қиянындағы» «қатпа болған түйедей», «киеңкі болған биедей», «екі бұты таралған» «ел билеген бір сым­­пыс­ты» кейіптеген баршаға мәлім әйгілі тіркестер екенін оқырман аңға­рып отырған болар: 

Киім кисе жеңі жоқ,

Етегі бар да белі жоқ,

Бармақ сияр жері жоқ...

Америкалық ғалым Томас Густав Виннер еңбегінің құндылығы мынада. Әдеби мұраны салмақтап-саралау мақсатымен 1959 жылы Алматыда өткізілген әйгілі конференцияда Мұрат ақынның және оның рухтастарының шығармалары аяусыз сыналып жатқан кезде бұл монография сонау мұхиттың арғы жағында жарық көрді. Онда зар заман ақындарының мұрасы ғалым тарапынан өз дәуірі тұрғысынан лайықты бағаланды. 

Бүгінде туғанына 175 жыл толған Мұрат Мөңкеұлының халықаралық деңгейде танытылуы әлі де жалғасып келеді. Өткен жылы Германияда ағыл­шын тілінде басылып шығып «Amazon.com» халықаралық интернет дүкені арқылы оқырманға ұсынылған «Қа­зақ және қырғыз әдебиеттеріндегі зар заман ағымы» (генезис, типология, поэтика)» атты біздің монография­мызда  Мұрат ақынның шығармашылығына да кеңінен орын тиді.

Мұратану мен мұраттанудың үйле­сімі алдағы уақытта да сақтала бермек.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

ҰҒА корреспондент-мүшесі,

филология ғылымдарының докторы, профессор