Теннис • 18 Қазан, 2018

«Кремль кубогында» теннисшілеріміз сәтсіз өнер көрсетті

237 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәскеуде өтіп жатқан «Кремль кубогы» жолындағы жарыс Қазақстанның теннисшілері үшін сәтсіз аяқталды. Осы жарысқа қатысқан үш жерлесіміздің барлығы да алғашқы айналымдардан аса алмады.

«Кремль кубогында» теннисшілеріміз сәтсіз өнер көрсетті

Ерлер сайысының алғашқы күні Михаил Кукушкин сүрінді. АТР тізімінде 73 орында тұрған жерлесіміз тұсаукесер кездесуде әлемнің 105 ракеткасы, ресейлік Евгений Донскойдан ұтылды – 4:6, 6:7. Одан кейін Александр Бублик жеңілістің кермек дәмін татты. Ол франциялық Пьер-Юг Эрберге есе жіберді – 3:6, 4:6.

Әйелдер арасындағы еліміздің бірінші ракеткасы Юлия Путинцева тұсаукесер кездесуінде румыниялық Ирина Бегуді 6:2, 6:0 есебімен ойсырата ұтып, өз жанкүйерлерін бір қуантып тастаған еді. Алайда екінші кезеңде ол тым мықты қарсыласқа тап болды. Жерлесіміздің WTA рейтингінде 11 сатыға жайғасқан 28 жастағы Латвияның ойыншысы Анастасия Севастоваға әлі жетпеді – 5:7, 6:4, 4:6.

Бүгін және ертең «Кремль кубогы» жолындағы жарыстың ширек финалдық сайыстары өтеді. Ал жеңімпаздар 21 қазанда анықталады. Естеріңізге сала кетейік, Мәскеудегі турнирдің жүлде қоры ерлер арасында 392 866  және әйелдер арасында 932 566 АҚШ долларын құрайды.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»