Әдебиет • 19 Қазан, 2018

Амангелді Кеңшілікұлының «Қазақты сүю» атты шығармашылық кеші өтті

909 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада қаламгер, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлының 50 жылдық мерейтойына арналған кеші өтті. 

Амангелді Кеңшілікұлының «Қазақты сүю» атты шығармашылық кеші өтті

«Қазақты сүю» деп аталған шығармашылық кешке қаламгерлер Мырзатай Жолдасбеков, Төлен Әбдік, Қажығали Мұхаметқали қатысты. Аға буын өкілдері құттықтау сөзінде Амангелді Кеңшілікұлының жас та болса, қазақ әдебиеті сынына араласып, жаңаша бағыт әкелгенін тілге тиек етті.

Қаламгерді мерейтойымен құттықтаған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев А. Кеңшілікұлын арнайы Алғыс хатпен марапаттады.

«Әкем «әкесі достың баласы да дос» деп жиі айтушы еді. Бүгін белгілі қаламгер Амангелді Кеңшілікұлының 50 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеште осы бір сөз қайта-қайта санамда жаңғырып тұрды. Себебі, әкем Сағат Әшімбаев Әбекеңнің әкесі, қазақтың айтулы ақыны Кеңшілік Мырзабековпен үзеңгі қағыстырған жолдас, дос болатын», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, М. Әшімбаев құттықтау сөзінде «Амангелді Кеңшілікұлы әке ізін лайықты жалғап, қазақ әдебиетінде өзіндік орны мен қолтаңбасын қалыптастырған қаламгер. Оның сын жанрындағы еңбектері мен эсселері өзінің терең мазмұнымен оқырмандарды қалың ойға жетелейтіні сөзсіз»» деп атап өтті.

Қазақстан ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллин Мағжан Жұмабаев атындағы алтын медальді тапсырып, темір тұлпар мінгізді.

«Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі мерейтой иесін құттықтап, ақ жарма тілегін арнады. «Ел газеті Егеменнің «Жан сарай» айдарына шыққан сұхбатыңыз арқылы бүгінгі мерейлі күніңізді 200 мың оқырманға сүйіншілеп жеткіздік. Амангелді Кеңшілікұлының болмысындағы әділеттілік, шыншылдық қасиеттері оны көп қаламгерден даралап көрсетеді.  Жоғары интеллектуалдық қасиетіңізбен əдебиетімізге қызмет ете беріңіз», деді Дархан Қыдырəлі.

Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың құттықтау хатын ақын Алия Дәулетбаева жеткізіп, темір тұлпар мінгізді. Туған жері Қостанай облысынан келген қонақтар да ізгі лебізін білдірді.

Айта кетейік, Амангелді Кеңшілікұлының «Ақ жауын», «Қарлығаш-дәурен», «Сөз патшасы», «Қазақты сүю», ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Мәңгілік сәулесі», «Жүрек сөзі», «Парасат биігі», «Рух жыры» және «Тұрақсыз әлемнің суреткері» сияқты зерттеулері, эсселері, сыни мақалалары топтастырылған көптеген кітаптары оқырман көңілінен ерекше орын алған. 

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»