Қазақстан • 20 Қазан, 2018

Түрік технологы сүт өндірудің тың әдісін үйретті

693 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шетелдік маман Ақтауға Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының шақыртуымен келді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы экономиканың басымдыққа ие салаларында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға білікті маман шақырып, жаңа технологияларды енгізу бойынша кеңес алып, біліктіліктерін көтеруге мүмкіндік береді. 

Түрік технологы сүт өндірудің тың әдісін үйретті

Мұндай жағдайда тетел маманының қызметі мен жол шығыны мемлекет есебінен төленеді. Ал сарапшыдан тәжірибе алатын кәсіпорын маманды жатын орын, тамақтану, аудармашымен қамтамасыз етеді.

Түркиялық маман Ақтау қаласындағы «Берекет-Ф» ЖШС-нің сүт зауытында болды. Енді «Ақнек» таңбасымен шығарылатын отандық өнімдер жаңаша дәмге ие болмақ.

Түрік технологы Йасин Акбаба - сүт өнімдерін дайындау саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман. Осыған дейін Украина, Болгария, Түркия сынды елдерде мол тәжірибесімен бөлісіп жүр. Ақтаудағы 10 күндік сапарында сүт өнімдерінің тың рецептімен бөлісу, жаңадан басталған кәсіпті өркендету, кәсіпорынды басқару әдісін үйрету, заманауи құралдары сатып алу, қондыру тәсілдерін меңгерту, сүт өнімдерінің сан түрі бойынша бизнес-кеңес, маркетинг пен сапаны бақылау барысын игерту- негізгі мақсат.

-Ең дәмді сүт өнімінің дайындалу тәсілдерін білемін. Бұл жолы сыр, ірімшік, йогуртты түрік әдісімен әзірлеуді үйретіп жатырмын. Маңғыстаулық мамандар айтқанды ынтамен орындап жүр. Қазір әлемдік өндіріс озық технологияға ауысып барады. Зауыттарды заман талабынан қалмай жетілдіріп отыру өнімнің сапалы болып, бәсекеге қабілеттілігін арттырады, дейді Йасин Акбаба.

Техниканың тілін меңгерген Йасин көптен бері тілін білмегендіктен іске қосылмай келген сүт зауытының жаңа кешенін іске қосып бермек. Шебердің келуімен жаңа құралдар пайдаға асты. Тіпті өнімнің жасалу мерзімін таңбалайтын мөр құрылғысы  жөнделді. Сөйтіп, ол кәсіпорынның біраз шаруасын ширатты.

-Кәсіпкерлер палатасы осымен 3 жыл қатарынан шетел мамандарынан үйрену тәжірибесін қолдап келеді. Биылғы жылдың басынан бері Маңғыстау облысына білікті 4 маман келді. Олар туризм, дәмхана, аяқ-киім өндірісі мен сүт өнімдері салаларының дамуына ықпал етті. Жергілікті мамандардың біліктілігі артты, дейді Өңірлік кәсіпкерлер палатасының 1-санатты сарапшысы Мұрат Тоқсанбаев.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше