Білім • 20 Қазан, 2018

Тіл меңгерудің өзекті мәселелері талқыланды

380 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті және «Мемлекеттік тілді үйрету элиталық курсы» мәдени мекемесінің ұйымдастыруымен Достық үйінде «Жексенбілік мектептерде қазақ тілі мен ұлттық (ана) тілдерді жеделдете оқытудағы өзекті мәселелер» тақырыбында республикалық ғылыми-әдістемелік семинар-тренингі өтті.     

Тіл меңгерудің өзекті мәселелері талқыланды

Қазақ тілі мен өзге тілдерді оқытуда инновациялық әдістер мен технологияларды зерделеу, тәжірибеге енгізу сияқты көкейкесті мәселелер семинардың өзегіне айналды.

Семинарға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Тіл саясаты басқармасының сарапшысы Гауһар Маданова, «Мемлекеттік тілді үйрету элиталық курсы» мәдени мекемесінің директоры Сәуле Бақтыбаева, филология ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Хасанов, «Қоғамдық келісім» РММ Алматы қаласы Достық үйінің жұмысын қамтамасыз ету қызметінің жетекшісі Жанна Шаймұханбетова,  Күрдтер қауымдастығының төрағасы Князь Мирзоев, профессор Айгүл Сатбекова, т.б. әдіскер ғалымдар, тіл мамандары, этномәдени бірлестіктер жанындағы жексенбілік мектептердің мұғалімдері қатысты.

«Мемлекеттік тілді үйрету элиталық курсы» мәдени мекемесінің директоры Сәуле Бақтыбаева жексенбілік мектептерде  қазақ тілі мен ұлттық тілдерді жеделдете оқытудағы көкейтесті мәселелерді атап өтті. Осы орайда аталған мекеме тарапынан кез келген мәселені сараптап, жан-жақты зерттеп, айқындауға байланысты кешенді шаралар жүзеге асуда.

Жексенбілік мектептер мәдени-ағартушылық жоба ретінде мектеп жасына дейінгі балаларды, оқушылар мен ересектерді тілге баулумен қатар, туған елдің тарихы, мәдениеті тұрғысындағы ақпараттармен қамтамасыз етуді мақсат етеді.

Ағымдағы жылы республикалық және аймақтық ұлттық-этномәдени бірлестіктер жанындағы жексенбілік мектептерде қазақ және ана тілдерін оқыту курстарында 144 топ құрылды. Онда бүгінде 26 ұлттың өкілдері білім алуда. Олардың 70 пайызын мектеп оқушылары мен жастар құрайды. Ал жексенбілік мектептерде  қазақ тілі мен өзге тілдерді жеделдете оқытудың өзекті мәселелерін шешу уақыт талабы. Бұл институционалды оқу орны емес, қосымша әрі тегін білім беретін мектептер. Жексенбілік мектептер бір жүйеге келтірілген бағдарламаны, жан-жақты қамтитын тұжырымдаманы қажет етеді. Осы орайда мамандарға да кәсіби қолдау қажет, яғни тіл үйретудің әдіс-тәсілдерінің, этнопедагогиканың және елтану негіздерімен қатар кәсіби психологиялық көмектің маңызы зор. Жексенбілік мектептер тыңдаушыларының жасы да, білімі де әр түрлі келетіндіктен, олармен тіл табысу, тіл үйренуге деген қызығушылығын арттыруда үлкен шеберлік қажет. Осы орайда мамандар мәселесіне, оқыту бағдарламасына, арнайы оқу құралдарын әзірлеуге ерекше назар аударған жөн.

Семинарда әдіскер-ғалымдар мемлекеттік және өзге де ұлт өкілдерінің тілдерін оқытудың тиімді технологиялары мен әдіс-тәсілдерімен бөлісіп, этномәдени бірлестіктер жанындағы жексенбілік мектептердің үздік  мұғалімдері шеберлік сабақтарын көрсетті.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше