Аймақтар • 20 Қазан, 2018

Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасында  семинар өтті

326 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қысқа мерзімді курстар: талаптар, мүмкіндіктер мен перспективалар» деп аталатын семинарға Маңғыстау облыстық білім басқармасы мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері, оқу орталықтары мен кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Семинар барысында оқыту орталықтары тізілімін қалыптастыру және жүргізу, сондай-ақ қысқа мерзімді курстар өткізу талаптары сынды мәселелер талқыланды.

Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасында  семинар өтті

- 2017 жылдың шілдесінде техникалық және қызмет көрсету мамандықтарына кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру үшін оқу орталықтары тізілімін қалыптастыру мен жүргізу тәртібі туралы ереже дайындалды. Оқу орталықтарының тізілімін қалыптастыру мен қолдаудың мақсаты - оқу орталықтарының бірыңғай дерекқорын құру. Онда қысқа мерзімді курстарды өткізуге қызығушылық танытқан оқу орталықтары тіркеуге қойылатын талаптар бар, деді Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев.

Басқосуда кәсіпорындардың кейбірі өздерінің мекемелерінде оқу -орталықтарын ашуға дайын екендіктерін білдірді. Сондай-ақ, қазіргі таңда нақты мамандық бойынша қысқа мерзімді курстардың оқу құнын анықтау үшін әдістеме әзірленетін болды.  

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мұндай әдістемені әзірлеу үшін қажетті алғашқы деректерді жинайды.Маңғыстау облысында 26 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Олардың 15-і мемлекеттік, ал 11-і жекеменшік.

Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Әсет Шопановтың айтуынша, ресурстық орталықта «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кəсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы бойынша- 287 курсант, «Жол картасы» және «Жұмыспен қамту» бағдарламаларымен -56, қалалық жұмыспен қамту орталығының кепілхатымен- 17, мекемелердің келісімшарты мен жеке тұлғалар өтінішімен- 1018 курсант, барлығы – 1710 адам оқып шықты. Маңғыстаудағы екі колледжде мобильді оқыту орталығы сатып алынды. Жүріп-тұруға ыңғайлы, модульдер бір-бірімен байланысты, машинаға бір тізбекте орналасқандықтан бір мезетте 3 мамандық бойынша оқытуға болады. 

Облыстың барлық колледждері көп профильді екенін ескере отырып, тәжірибелі кәсіпорындарда оқу орталықтарын ашуға және осы орталықтарда оқыту жүргізуге үлкен басымдық беріледі.

Қазір колледждерде қысқа мерзімді курстарға арналған 11 ресурстық және жаңа үлгідегі 2 мобильдік оқу орталықтары жұмыс істейді. Олар шалғай елді мекенде тұратын азаматтарды қысқа мерзімді оқытумен қамтамасыз етеді.

2017 жылдың желтоқсанында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кəсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының бірінші бағыты «Еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша жұмысшы кадрларды қысқа мерзімді кәсіптік оқу» бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды оқу орталықтары мен кəсіпорындар назарға алып, тізілімге кіруге дайын болады деген пайым жасалды.  

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы