Әдебиет • 21 Қазан, 2018

Қостанайда Қайнекей Жармағамбетовтың 100 жылдығы аталып өтті

405 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл ақын, әдебиетші, замандастары энциклопедиялық білім иесі деп бағалаған Қайнекей Жармағамбетовтың туғанына 100 жыл толды. Ол өзінің кіндік қаны тамған Жангелдин ауданында аталып өткен болатын. Енді облыс орталығында ірі тұлғаға арналған кештер өтіп жатыр. Соның бірі бүгін Қостанай мемлекеттік педагогика университетінде және облыстық Л.Толстой атындағы әмбебап  кітапханасында өтті.

Қостанайда Қайнекей Жармағамбетовтың 100 жылдығы аталып өтті

Педагогика университетінде өткен кеште филология ғылымдарының кандидаты, ақын Серікбай Оспанұлы өзі мақаласында айтқандай «Қайнекейдің қырларына» тоқталды.

«Расында, энциклопедиялық білімі бар адам еді. Әдеби шығармашылығына келсек, ол қазақ әдебиетінде баллада жанрын қалыптастырған кісі. Бейімбет Майлиннің тұңғыш зерттеушісі де Қайнекей болатын. Мен әлем ақындарының афоризмдерін зерттеп жүрмін. Қайнекей өлеңдерінде афоризм тұнып тұрады» деді Серікбай Оспанұлы.

Кітапханадағы кеште филология ғылымдарының кандидаты Нағашыбай Мұқатов өзі зерттеген Қайнекейдің әдебиеттегі еңбектері туралы кеңінен әңгімелеп берді. Студенттер Қайнекейдің балладаларынан үзінділер оқыды. Екі кездесуге де Қайнекейдің туыстары, қызы Әлима Қайнекейқызы қатысты, естеліктер айтты.

«Әкемнің 100 жылдығы оның туған жерінде аталып өтіп жатыр. Қазақ әдебиетіндегі ізі жоғалмай, бағасын, жақсы сөзін естіп жатырмыз. Мен әкемнің туған жері, кіндік қаны тамған жеріне бірінші рет аяқ басып отырмын. Торғай өңіріне барып, әкемнің табанының ізі қалған, балалық, жастық шағы өткен топыраққа тәу етемін. Әкемнің сүйегі де аталарымның қасында, туған жерде жатыр. Олардың басына барып, әруағына құран оқытып, тағзым етемін» деді Әлима Қайнекейқызы.

Кештерде Қайнекей шығармашылығы туралы және оның көзін көргендер естеліктер айтты.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай