22 Қазан, 2018

Тозған жолдар – толғақты мәселе

370 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жол­дауында айрықша назар аударылған көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда.

Тозған жолдар – толғақты мәселе

Салынып жатқан жаңа магистральдар біздің еліміздің барлық аймақтарын орталықпен байланыстырады. Жүк тасымалы жеделдеп, ел арқылы транзит көлемі артуда.
Осы қатарда шекаралық өңірге жататын Атырау облысы аумағымен өтетін халықаралық транзиттік дәліздердің жос­пар­ланған реконструкциясы бо­лашақта шекаралас мемлекет­термен көпжақты ынтымақ­тастық шеңберінде өңірдің тран­зиттік күш-қуатын артты­рып, нәтижесінде өңірдің эконо­микалық дамуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. 
Бірақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасымен салыс­тырғанда «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» жобасында елді мекендердің айналым жолдары қарастырылмаған. Осы бағыт және «Атырау – Орал» авто­мобиль жолдарының тран­з­иттік ағымы Атырау қала­сы­ның ішкі жолдары арқылы, Жылы­ой ауданының орталығы Құл­сары қаласының ішімен «Доссор – Құлсары – Ақтау» жолы өтеді. Ол техникалық стан­­дарт­тарға сай келмейді және жол қауіпсіздігі талаптарын бұзуға себеп болуда. Со­ның сал­дарынан облыста тек 2016-2017 жылдары және 2018 жыл­дың бірінші тоқсанында 74 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 47 адам қаза тауып, 142 адам түрлі жарақаттар алған. Алдағы уақытта жол қозғалыстарының қарқындауына байланысты жол қауіпсіздігі мәселелері қиындай түсері сөзсіз. 
Тағы бір күрделі мәселе – «Ақтөбе – Мақат» жол учаскесін реконструкциялауға байланыс­ты республикалық тас жол бойы­мен Қызылқоға ауданы және әрі қарай Ақтөбе облысына бағытталған Маңғыстау облысынан және Жылыой ауданынан шыққан автокөліктер Мақат ауданының Доссор ауылын 260 шақырым айналып өтуге мәжбүр болып отыр. 
Аталған мәселелерді кешен­ді түрде шешу үшін респуб­ликалық меншікке берілген жол жабындысы толықтай бұзылған және барлық жерінде құрылымы тозған, ұзындығы 135 шақырым «Құлсары – Мұқыр» автомобиль жол учаскесін (желісін) қайта қалпына келтіру қажет. Бұл бір жағынан, Ақтөбе қал­а­­сынан Ақтау қаласына дейін­г­і жолды 120 шақырым қыс­қартуға, екінші жағынан, «Доссор – Құлсары» учаскесінің ре­кон­струкциясына және бөлек айналым жолдың құрылысына бюд­жеттен қосымша шығын шығар­мауға мүмкіндік береді. 
Осыған байланысты біз Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына сауал жолдап, «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» дәлізі жобасын жүзеге асыру барысында Аты­­рау қаласының айналым жолы құрылысы және Құлсары қала­сының айналым жолымен қоса «Мұқыр – Құлсары» автомобиль жолын реконструкция­лау мүмкіндігін қарастыруды сұрадық. 

Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ, 
Сенат депутат