Аймақтар • 22 Қазан, 2018

Алматы ақылды қалалар тізімінде көш бастады

442 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда елеулі өзгеріс көп. Соның бірі жаңа тұрпатта дамыған көлік жүйесінің қызметі. Жақында ғана Люблянда өткен ақылды қалалардың «Smart city-2018» Еуропалық форумында мегаполис көлік жүйесін кешенді реформалау бойынша алғашқы орынды еншіледі.

Алматы ақылды қалалар тізімінде көш бастады

Байқау комитеті Алматының қоғамдық көліктегі табыстың ашықтығына цифрлық технологияны пайдалануы, оған сарапшылар мен бизнестің қатысуы, МЖӘ механизмінің ұтымды қолданылуы, экологияны жақсартуға басымдық беруі сынды бірқатар жүйелерін айрықша бағалаған.

Биыл шаһарда автобус парктерін жаңарту деңгейін 80%-ке жеткізу көзделуде. Жеке инвестиция есебінен үшінші буындағы электробустар шығаратын автобус паркі мен зауыт салынды. Электробустарды қала бағыттары бойынша жүргізу шаһардың экологиясына оң әсер етіп отыр.  Мегаполисте ел аумағы бойынша алғаш рет BRT жүйесі іске асты, қоғамдық көлік үшін 110 км арнайы жолақ жасалып, қаланың 10 орталық көшесіне біржақты көлік қозғалысы енгізілді. Орталық аумақтарда тұтастай велодәліз жасақталды.

Алматыны тыныш аудандармен және кейін қосылған елді мекендермен байланыстыру мақсатында қос бірдей метро бекетінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қоғамдық көліктердегі  барлық транзакциялардың 97 пайызы қолма-қол ақшасыз жүргізілгені тұрғындар үшін тиімді болған. GPS-жүйесі арқылы диспетчерлік басқарудың автоматты жүйесі жұмыс істеуде, барлық автобустарға бейнебақылау орнатылған. Оған қоса тасымалдаушыларды субсидиялауға қатысты жолаушылардан түскен шағым бойынша айыппұл салу ісі жүзеге асқан. Қалада  ЖКА-на қатысты фото-видеофиксация жүйесі жұмыс істейді. Әзірге 709 қозғалыс жолағы бақылауға алынған болса, келер жылдан бастап бақылау нүктелері екі есеге ұлғаймақ.

Көлік жүйесін реформалауда қала басшылығы үздік халықаралық мамандармен бірігіп жұмыс істеуде. Олардың арасында қоғамдық көлік кеңістігі мен көшелерді модернизациялаумен айналысатын «Gehl architects», «Тұрақты көлік» жобасы бойынша жұмыс істейтін ПРООН, көлік қозғалысының кешенді сызбасын жасайтын «A+S Транспроект», «Systra» компаниялары және Алматының шебер- жоспар концепциясын жасауға кіріскен канадалық- америкалық «HATCH» компаниясы бар.

Айта кетерлігі,«Smart city» форумы Люблянда 2011 жылдан бастап өтуде және Еуропа мен Азия қалаларымен ынтымақтастықты нығайтуға, «Ақылды қалалар» цифрлы трансформациясын бірігіп жүзеге асыруға бағытталған.  Елу ең үздік әлемдік практика мен инновациялық жобалардың финалдық үштігіне Алматымен қатар «Анкара парк» туристік жобасы мен түрік астанасы Анкара мен «Сава өзеніне тұрғындардың оралуы» бағдарламасымен хорваттың Загреб қаласы да еніп отыр.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ