Аймақтар • 23 Қазан, 2018

Петропавлда сұйытылған газ жетіспейді

422 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгінде облыс орталығында жұмыс істейтін оннан астам газ құю бекетінде сұйық отынның жетіспеушілігі қатты сезіліп отыр.

Петропавлда  сұйытылған газ жетіспейді

Қала тұрғыны Дмитрий  Нетисов сұйық отын іздеп, қанша жерге барса да, ұзын-сонар кезекке тап болыпты. Ол сияқты  қасқалдақтың қанындай тапшылыққа айналған көгілдір газды іздеп, табанынан таусылып, тауаны шағылғандар жетіп артылады. Мәселенің жуық арада шешілеріне газбен жабдықтаушылардың өздері де күмәнді.

«СҚО Газ» газ бекетінің басқарушысы Валерий  Жебровскийдің айтуынша, көлік иелеріне белгілі шекте ғана босатылуда.  Ал, кей газ құю бекеттерінде мүлдем таусылған.Көршілес Ақмола облысында бір литр газдың бағасы 56 теңге болса, Солтүстік Қазақстанда  73 теңгеден босатылуда.  Газ баллондарына құйдырту 90 теңгені құрайды.  Осындай қымбатшылыққа қарамастан баға тағы көтеріле ме деген қауіп жоқ емес.

 «Павлодар мұнай-химия зауытының уақытша жөндеуге жабылуына байланысты бірқатар қиындықтар орын алып отыр. Әйтпесе, екі жыл бойы газ жетіспеушілігі болған емес. Газдың алғашқы партиясының жеткізілуін күтіп отырмыз», дейді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Айдархан Мусин.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы