ІІІ жасөспірімдер Олимпия ойындарының ең соңғы күнінде Қазақстан құрамасының қоржыны екі жүлдемен толықты. Боксшы Талғат Шайкен (64 кг) финалда ресейлік Илья Поповтен жеңіліп, Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Жекпе-жектен кейін пікір білдірген Шайкен бұған дейін ол боксшыны үш рет жеңгенін, бұл кездесуде жеңілмегенін айтты. Бірақ төрешілер жеңісті 1:4 есебімен ресейлік боксшыға берді. Ал каратэ спортынан 68 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Әбілмансұр Батырғали жартылай финалда бельгиялық Квенти Махауденнен жеңіліп, турнирдің қола жүлдегері атанды.
Он екі күнге созылған ІІІ жасөспірімдер Олимпия ойындарының қорытындысы бойынша, қазақстандық спортшылар медаль санынан да, алтын жүлде бойынша да рекорд орнатты. Бұған дейінгі екі Олимпиадада отандастарымыз 3 алтын медаль иеленген болатын. Биыл 4 алтын, 3 күміс және 3 қола жүлдеге қол жеткізді. Жалпыкомандалық есепте біздің спортшылар жалпы саны 10 медальмен он төртінші орынға тұрақтады. Бұл сында Ресей федерациясының спортшылары бірінші болды. Солтүстіктегі көршілеріміздің қоржынында 59 медаль бар (29 алтын, 18 күміс және 12 қола). Қытай құрамасы 36 жүлдемен (18, 9, 9) екінші орынға орналасты. Ал үшінші сатыға табан тіреген Жапония спортшыларының қоржынында 39 медаль бар (15, 12, 12).
Жасөспірімдер Олимпиадасында ел қоржынына ең көп медальды боксшылар салды – 4 жүлде. Оның біреуі алтын, екеуі күміс және біреуі қола. Додаға бес боксшы барғанын айта кеткен абзал. Айбек Оралбай Олимпиада чемпионы атанса, Дамир Тойбай мен Талғат Шайкен күміс, Надежда Рябец қола жүлдені иеленді. Сондай-ақ велоспортшылар Евгений Федоров пен Глеб Брусенский, каноэмен ескек есуден Диас Бахриддин және дзюдошы Бекарыс Сәдуақас ел қоржынына алтын жүлде салса, дзюдошы қыз Маргарита Гриценко күміс, каноэмен ескек есуден Стелла Суханова қола жүлдегер атанды.
Жасөспірімдер арасындағы Олимпия ойындары 2010 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Биылғы жарысты қоса есептегенде Қазақстан құрамасының спортшылары мұндай сайысқа үшінші рет қатысты. Осы аралықта біздің спортшылар жалпы саны – 25 медаль иеленген екен. 2010 жылы тұңғыш рет ұйымдастырылған байрақты бәсекеде біздің елдің спортшылары үш алтын, екі күміс және екі қола медаль алған еді. Жалпы саны 7 жүлдемен медаль көрсеткіші бойынша жалпыкомандалық есепте 15-орынды місе тұтты.
Араға төрт жыл салып Қытайдың Нанкин қаласында өткен Олимпиадада Қазақстан құрамасының спортшылары 3 алтын, 1 күміс және 4 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 21-орынға тұрақтады.
Жасөспірімдер арасындағы келесі Олимпиада 2022 жылы Сенегалда өтетін болды. Бұл шешімді Халықаралық Олимпиада комитеті Буэнос-Айрестегі сессияда бірауыздан қолдады. Сенегалда өтетін халықаралық дода Африка құрлығындағы алғашқы Олимпиада жарысы болмақ.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»