Медицина • 24 Қазан, 2018

Кеген орманы – табиғаттың қорғаны

1444 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Аспантаулар аясындағы Кеген орман шаруашылығы еліміз бойынша қарағай көшетін өсірумен айналысатын бірегей шаруашылық. Мемлекеттік мекеме иелігіндегі жалпы аумақ 84 582 гектар жер болса, оның таза орманды алабы 26 855 гектарды құрайды. Шаруашылық 5 орман бөлігін біріктіріп отыр. Жалаңаш, Ұзынбұлақ, Темірлік, Қарқара және Екіаша деп аталатын орман бөліктерінің атқарып отырған, өздеріне тән істері жетіп-артылады. 

 

Кеген орманы – табиғаттың қорғаны

Осындағы Жалаңаш орман бөлігіне қарасты 54 гектар жерді тұқымбақ алып жатыр екен. Әйгілі Шренк шырша­­­­лары қоршаған ортаға сән берген аймақта негізінен тұқымдық шырша көшеттері өсіріледі. Аумағы 2,5 гектар жер 3 мил­­лионға жуық балғын шырша көшеттеріне тұнып тұр. Шаруа­шылықтың жұмысшылары осы көшеттерді балаша мәпелеп кү­тіп-баптаумен айналысады. Кө­шет өсіруді жауапты жұмыс қа­на емес, отбасылық дәстүрге айналдырған нағыз орманшылар да осында екен. Жұмабек Әнепияев, Майра Құттығаева, Мұхит Исаев, Әлия Оспанбаева, Қуаныш Ысқақов, Жұмахмет Сейдалимов, Күміс Алжанбаева секілді көшет күтушілердің маң­дайтері тамған топыраққа өскен көшет түбі мәуелі ағашқа айналатынына сенесің. Жалаңаш орманшылығының жұмыстарына осында орманшы болып жұмыс істейтін Дәурен Досайбековтей білімді, тәжірибелі азамат басшы­лық жасайды. Мұнда орман тұ­қым­бағының шеберлері Манас Төреханов, Аслан Сабырбеков және озат орман күтушісі Әбдуали Қасенов­тің еңбектері ерен.

– Биыл Жалаңаш орман бөлі­гіне қарасты 17 гектар жерге 68 мың түп жас көшет егілді. Не­гі­зінен Шренк шыршасы мен қа­рағай көшетін отырғыздық. Жалпы 170 гектардағы жас кө­шеттер күтіп-бапталуда. Оның сыр­тында орман алқаптарын толықтыру үшін де жұмыс жасау­дамыз. Аумақтағы 11 гектарға барлығы 30 мың түп Шренк шыр­шасы, 2200 түп қарағай, 200 түп алма және 200 түп басқа да ағаштардың көшеттері егілген, – дейді Кеген орман шаруашылығы мекемесінің директоры Айболат Солтанғазиев.

Жалаңаш орман бөлігіне қа­рас­ты тұрақты тұқымбақта ел­дің сұранысына сай түрлі ағаштар, жеміс ағаштары да өсіріледі. Алманың және көгілдір шыршаның әлемін көргенде көңіліңіз көтеріліп сала береді. Жыл бойы өңін бермейтін, әдемі иісін аңқытып тұратын аршаның да көшеттері бар. 

– Төрт жыл тұрақты және уақыт­ша тұқымбақтарда өсірілген шырша көшеттері одан соң қа­зылып алынып, орман қорларын кө­бейту мақсатына жұмсалып оты­рады. Биылғы жылы Те­мір­­лік орманшылығындағы уа­қыт­ша тұқымбақтан Шренк шыр­шасының 4 жылдық екпе кө­шетінен 200 мың түп, дәл осы Жа­лаңаш орманшылығының тұрақты тұқымбағынан 147 мың түп барлығы 347 мың түп қа­зылып алынып, орман қо­рын көбейтуге жұмсалды, – деп әңгі­месін жалғастырды бас орманшы. 

Сонда орманшылардың балаша бағып өсірген көшеттері қай­да кетеді деген сауал туындай ма? Негізінен облыстың табиғи ре­сурс­тар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қа­расты Нарынқол, Шелек, Үйгентас, Алакөл, Жоңғар, Ұй­ғыр және Талдықорған орман шаруашылығы мекемелеріне жіберіледі екен. Мұнан бөлек Кеген орман шаруашылығы меке­месі жыл сайын көктем маусымында тұтас ел аумағынан түскен сұраныс бойынша Шренк шыршасын, қарағай және тал-терек, алма, арша ағаштарының көшеттерін дайындайды. Мы­салы, биыл түрлі мекемелерге 574 түп Шренк шыршасы мен 151 түп қарағай көшеті босатылған. Орман күтушілері отыратын қыз­меттік үйлердің ауласына 387 түп Шренк шыршасы, 168 түп қарағай отырғызылған. 

Жалпы Кеген орман шаруа­шы­лы­ғы мекемесі бойынша жыл сайын 17 гектар жерге шырша көшеті егіледі. Бұл шіріген, пай­даға жарамайтын, жеміс бер­мейтін ағаш түптерінің орнын алмастырып, табиғаттың әсем көркіне нұқсан келтірудің алдын алады. Ал шіріген ағаш ай­наладағы ауылдың адамдары үшін дайын­ отын. Биыл орманды шірінді ағаш­тар мен бұтақтардан тазарту мақ­сатында 1561 текше метр отын­д­ық ағаш жиналған. 

– Жалпы осы жыл орманшылар үшін қолайлы болды. Өңі­рімізде бірде-бір өрт оқиғасы тір­келген жоқ. Бұл жас өскін ағаш­тың бой алып, бүлінбей өсуі үшін қолайлы-ақ. Мұнан бөлек орман­шылардың еңбекақылары көтерілуде. Жұмыс оңай емес. Орманшы болуға табиғаттың тілін білетін, қоршаған ортаны жан-тәнімен сүйетін адам ғана тәуе­кел етеді. Енді еңбекақының өсуі орманшылардың жұмысын ширата түсетініне сенімдімін, – дейді бізге Кеген орман шаруа­шылығы меке­месінің директоры Айболат Сол­танғазиев.

Айтпақшы ұшы-қиыры жоқ Ұлы Дала туралы мақтанышпен айтқанда, ел аумағында орманды алқаптың көлемі аздау екенін ескеруіміз керек. Мысалы, қа­зақ даласының 4,2 пайызын ғана орманды аумақ құрайды екен. Бұл шамамен әлемде то­ғы­­зын­шы орын алатын жер көл­емі­нің 11,5 миллион гектары ғана. Де­мек, орман алқабын көз­дің қара­шығындай қорғап, орманшы еңбе­гінің ерлікке пара-пар екен­ді­гін естен шығармай жүруі­міз ке­рек. 

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»,

Қанат БІРЖАНСАЛ,

журналист

Алматы облысы,

Кеген ауданы