Қазақстан • 25 Қазан, 2018

Мұзбалақ – алғырлық пен тектілік символы

1209 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Мұзбалақ» толықметрлі анимациялық фильмі қанатын кеңге жайып, кинотеатрлардағы көрсетілімін табыс­ты бастады. Үш жылға тарта уақыт тыңғылықты ізденістің нәтижесінде туған картинаның қыр-сырын фильм режиссерлері Тұрдыбек МАЙДАН мен Тілек ТӨЛЕУҒАЗЫДАН сұраған едік.

Мұзбалақ – алғырлық пен тектілік символы

– «Мұзбалақ» толықметрлі ани­мациялық фильмінің идеясы қа­лай туды?

Тұрдыбек МАЙДАН: – «Мұзба­лаққа» дейін біз саят­шылық өнердің қыр-сыры жан-жақты суреттелетін 23 минуттық «Тастүлек» деген қысқаметрлі анимациялық фильм түсірген болатынбыз. Кейін осы та­қырыпты кеңірек қамтуды ойлап, жаңа жобаны қолға алдық. Сөйтіп ойлана келе, «Мұзбалаққа» тоқталдық. Қазақты қыран текті халық дейді ғой. Фильм­нің негізгі идеясын осыдан шы­ғарғымыз келді. 

Тілек ТӨЛЕУҒАЗЫ: – Қазақ бүр­кіт­тің бес жасар кезін Мұзбалақ деп атайды. Жалпы, қыранның 1 жа­сынан 20 жасына дейін атауы бар. Соның ішінде Мұзбалақ – бүркіттің ең толықсыған, тегеуріні қатқан, мұз­тебер жалынды кезі. Ақыл­да­са келе фильмнің негізгі сюжеті етіп осы оқиғаны таңдап алдық. Тұр­дыбек ай­тып өткендей, қазақ расымен де қыран мінезді халық қой. Қы­­ран­ның бойындағы тектілік, батыл­­дық, алғырлық, адалдық және ең бастысы еркіндікке құштарлық қасиеттері қазақтың жанымен үнд­еседі. Сол себепті бұл тақырып бізге өте жақын болды. 

– Саятшылықтың қыр-сы­рын шынайы жеткізу үшін фильмнің шығармашылық тобына кеңесші ретінде кәсіби мамандар тартылды ма? 

Тілек ТӨЛЕУҒАЗЫ: – Тұрдыбек­тің де, менің де ба­лалық шағымыз сахарада өтті. Аталарымыз бен әке­ле­ріміз өмір бойы қыран баптап,­ құс салып өтті. Аңға шықпасақ та­ бүркітшіліктің қыр-сырын кө­зі­­­міз­бен көріп, біліп ержеттік. Қы­ран мінезінің бар болмысын, көз­­­­қарасын, жем же­гендегі қи­мыл-­әрекеттері мен­ қоз­ғалысын сол ба­ла кезіміз­де көр­ген­­деріміздің не­гізінде түй­дік. Оның үстіне, Тұр­ды­бектің Т.Жүргенов атын­дағы Қа­зақ ұлттық өнер академиясын тә­­мам­даған жылы қор­ғаған дип­ломдық жұмысының та­қырыбы да осы бүр­кітшілік хақында болды. Алтайға, Бай-Өлкеге барып, арнайы деректі фильм түсіріп қайт­ты. Осының барлығы біздің ізде­нісімізге көп кө­мегін тигізді. 

Тұрдыбек МАЙДАН: – Фильмде басты кейіпкер – бүркіт, яғни Мұз­балақ сөйлемейді. Бірақ барлық эмоциясын көзбен, қимыл-әрекетпен береді.

– Отандық аниматорлар арасында толықметрлі картинаға ба­ратындары сирек. Осы тұр­ғыдан келгенде, фильм түсіру барысында сіздер қандай түйткіл, қиын­дықтармен бетпе-бет кел­діңіздер? 

Тілек ТӨЛЕУҒАЗЫ: – Біз әлем­нің озық деген 9 компьютерлік бағдарламасымен жұмыс істедік. Жанымызға білікті, жаңашыл жас­тарды жинадық. Жал­пы, өнердің қай саласы да табан­ды­лықты талап етеді. Анимацияда бұл талап тіпті күшті. Хронометрі 67 ми­­­нут­ты құрайтын фильмді жасау үшін барлығы 96 500 сурет салдық. 2D және 3D форматында жасалған фильмнің әр секундын­да 24-25 кадр сурет орналастырылды. Әр суретті қайталап отырып үш реттен түсіруге тура кел­ді. Оны бояу жағы тағы бар. Осы­ның барлығын компьютерлік озық­ бағдарламалардың көмегіне сүйе­не отырып жүзеге асырдық. 

Тұрдыбек МАЙДАН: – Шет- елдер­мен, әсіресе «Уолт Дисней» (The Walt Disney Company) ком­­па­ния­сының туындыларымен са­­лыс­тырғанда, әрине, бізге са­палы­ фильм түсіруде әлі де үлкен ізденістер жә­не қомақты қаржы керек. Бірақ ТМД елдерінің ішінде қазақ анимация­сының деңгейі көш бастап тұр. Оған біз осы фильмді тү­сіру бары­сын­­да көз жеткіздік. Уақыттың тап­шылығына байланысты, көршілес мем­лекеттердегі мамандардан көмек сұрай хабарлас­қанымызда, Беларусь еліндегі әріп­тестеріміз біз пайдаланып жат­­­қан бағдарламалардың әлі өз ел­­дерінде қолданысқа енбегенін мә­­лім етті. Соған қарап шынымен-ақ марқайып қалдық. 

– Ал біздегі аниматор маман­дар­дың біліктілік деңгейі қан­дай? Жалпы, фильм түсіруде кадр мәселесі қалай шешілуде? 

Тілек ТӨЛЕУҒАЗЫ: – Бұл жа­­ғы­нан, әрине, Аллаға шүкір деп айтуға болады. Алматыдағы Т.Жүр­­генов атындағы Қазақ ұлт­тық­ өнер академиясы мен кол­лед­­­жінің, Астанадағы Қазақ ұлт­тық өнер университеті мен Шым­кенттегі өнер колледжінің сту­денттері мен түлектері арасында іріктеу жүргізіп, осы саланың білікті деген мамандарын тарттық.  «Мұзбалақты» жарыққа шы­ғаруға 40-тан аса аниматор ма­ман жұмылдырылды. Жалпы, ани­­мацияда әр кейіпкермен бір-бір маман жекелей жұмыс істеу керек. Бірақ біздің саладағы әлі де болса білікті кадрлардың тап­шы­лығына байланысты, бір ани­матордың бірнеше кейіпкермен жұмыс істеуіне тура келді. Десек те мұны уақытша мәселе деп санаймыз. 

– Ал фильмнің бюджеті ше?­ Жос­­пар­ларыңыздағы дү­ние­ні өмір­ге әкелу үшін жоба­ның қар­жы­лан­дырылуы көңілде­ріңізден шық­т­ы ма?

Тұрдыбек МАЙДАН: – Қазір қандай отандық фильмді алсаңыз да, шектеулі қаржыға түсіріледі ғой. Аздаған ақшадан үлкен өнер тудыру қажеттілігі қай уақытта да болған. Бірақ соған қарамастан, біздің жылт еткен идеямызды қолдап, демеу білдірген Мәдениет және спорт ми­нистрлігі мен «Қазақфильм» АҚ пре­зиденті Бақыт Ғафуұлына үлкен алғысымызды білдіреміз. 

– Әңгімелеріңізге рахмет.

Әңгімелескен Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»