Қазақстан • 25 Қазан, 2018

Б. Сағынтаев: Ұлт денсаулығы және денсаулық сақтаудың қолжетімділігі — мемлекетіміздің және Президенттің негізгі басымдықтары

319 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада «Алматыдан басталған денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамтуға және тұрақты даму мақсаттарына» атты Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуге арналған жаһандық конференция басталды. ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев конференцияның ашылу салтанатына және жоғары деңгейлі сессияға қатысты.

Б. Сағынтаев: Ұлт денсаулығы және денсаулық сақтаудың қолжетімділігі — мемлекетіміздің және Президенттің негізгі басымдықтары

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Қазақстан үшін Астанада осындай жоғары деңгейлі Жаһандық Конференцияның өтуі — зор мәртебе.

Біз Жаһандық Конференцияны Қазақстанда өткізуге сенім білдіргендері үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына, БҰҰ Балалар қорына (ЮНИСЕФ) алғысымызды айтамыз.

Бүгін бізге қонаққа ДДСҰ-ға мүше 140 мемлекеттен, халықаралық ұйымдардан, дүние жүзінің барлық түкпірінен — Америкадан, Еуропадан, Африкадан, Оңтүстік Шығыс Азиядан, Шығыс Жерорта теңізі және Батыс Тынық мұхиты аймағынан жиналған әлемдік академиялық элитаның 1500 өкілі келді.

Қазақстанға қош келдіңіздер!

Астанадағы Жаһандық Конференция — айтулы шара. 40 жыл бұрын біздің жерімізде Алматы Декларациясы қабылданғанын мақтаныш етеміз, оны БҰҰ «Әлемдік денсаулық сақтаудың ұлы хартиясы» деп атаған еді. Бұл құжаттың маңыздылығы, адамзат тарихында тұңғыш рет адамдардың денсаулық сақтауға тең құқығын барлық мемлекеттердің ресми түрде мойындауы болды.

Қазақстан Республикасы талпынып отырған және бүгін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап өткен басты құндылық осы.

1991 жылы тәуелсіздік алған сәттен бастап біз еліміздің азаматтарын денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамту үшін салаға зор серпін бердік. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек — ұлттық денсаулық сақтаудағы басымдықтардың бірі.

Тәуелсіздік алғаннан бері 27 жылда біз құрамына 1808 емхана, орталықтар мен амбулаториялар кіретін МСАК нысандарының кең таралған инфрақұрылымын құрдық; ел Конституциясында кепілдік берілген тегін медициналық көмектің барлық көлемін жалпы қаржыландырудағы МСАК үлесін бес есеге арттырып, 40%-ға дейін жеткіздік.

Соңғы 10 жыл бойы біз аурулардың алдын алуға бағытталған жұмыстарды жүргізіп келеміз. Жыл сайын елімізде 2 млн жуық ересек адам скринингтен өтеді.

Сонымен қатар, 21 жұқпалы ауруға қарсы екпе жасалады — бұл бағдарлама жыл сайын 5 млн адамды қамтиды.

***

Ұлт денсаулығы және денсаулық сақтаудың қолжетімділігі — біздің мемлекетіміздің және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі басымдықтары. Бұл — 2050 жылға дейінгі ел дамуының ұзақмерзімді Стратегиясында бекітілген және Қазақстанның жаңғыруының Үшінші толқыны аясындағы маңызды бағыт.

Басты мақсат — денсаулық сақтаудың ЭЫДҰ стандарттарына сай келетін заманауи жүйесін құру. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін жыл сайын міндеттерге түзетулер енгізіліп отырады.

Жуырда Елбасы Н. Назарбаев 2019 жылға арналған өзінің Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау мен білім беруге жұмсалатын шығындарды ЖІӨ-нің 10%-ына дейін ұлғайту міндетін қойды. Алдағы үш жылда тек денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығындар 24%-ға көбейтіледі.

Әсіресе, ауылдық жерлерде медициналық-санитариялық алғашқы көмектің қолжетімді болуына ерекше көңіл бөлініп отыр. 2019 жылдан бастап еліміздегі барлық емханалар мен ауруханалар құжаттарын қағазсыз, цифрлы түрде жүргізуге көшеді. 2020 жылдан бастап еліміздің әрбір азаматының Электронды денсаулық паспорты болады. 2019 жылы біз Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысын бастаймыз.

Ұлт денсаулығы тек медицинамен шектелмейді, салауатты өмір салтын да қамтиды. Сондықтан Үкімет халықтың салауатты, белсенді өмір салтын ұстануға, зиянды әдеттерден бас тартуға ұмтылысын қалыптастыратын арнайы бағдарламаны іске асырып жатыр. Алдағы жылдары біз еліміз бойынша қосымша барлығы 100 дене шынықтыру–сауықтыру кешендерін саламыз, бұл мұндай кешендердің халық үшін қолжетімділігін арттырады.

Денсаулық сақтау сапасына көңіл бөлудің бұлай артуы жаңа сын-тегеуріндердің пайда болуымен байланысты.

Байқап отырғанымыздай, әлем өзгеруде, технологиялық прогресс біздің көзқарастарымыздың жаңаруын және жаңа сын-тегеуріндерге үн қатуымызды талап етеді. Бірінші кезекте бұл — медициналық-санитариялық алғашқы көмектің ауруларды басқарудағы жаңа рөлін сезіну. Денсаулық сақтау жүйесіне жаңа цифрлық технологиялар мен инновациялар трансферті. Кадрлар даярлау.

Бұл бағытта біз біраз жетістіктерге қол жеткіздік. ДДСҰ-ға мүше елдердің, халықаралық ұйымдар мен академиялық қауымдастықтың бірігіп күш-жігер салуының нәтижесінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек туралы жаңа Декларация әзірленді.

Декларацияның біздің Астанада өтіп жатқан Жаһандық Конференцияда қабылдануы кез келген елдің денсаулық сақтау жүйесінің негізі ретінде МСАК-ның дамуы үшін бағыт-бағдар болады.

Жаңа Декларацияда жетілдірілген МСАК арқылы баршаның денсаулыққа қол жеткізуі үшін мемлекеттің, адамдардың, қауымдастықтардың, денсаулық сақтау жүйесі мен серіктестерінің міндеттемелері көрсетілген.

Қазақстан Үкіметі ДДСҰ-ға және ЮНИСЕФ-ке, мемлекеттерге және халықаралық үкіметтік емес ұйымдарға, осы құжатты әзірлеуге өз үлесін қосқан барша қауымға алғысын білдіреді.

Декларацияны жаһандық күн тәртібіне шығару қажет деп санаймыз — оны Женевадағы Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау Ассамблеясында қарастырып, 2019 жылы қыркүйек айында Мемлекеттер басшылары деңгейінде БҰҰ Бас Ассамблеясындағы жоғары деңгейлі кездесуде ұсыну керек.

Жаңа Декларация — бұл қуатты МСАК стратегиясын ХХІ ғасырда да жалғастыруға деген ұлттардың ортақ ерік-жігерінің айқын көрінісі.

Құрметті конференцияға қатысушылар!

Астанадағы Жаһандық Конференция көптеген сауалдарға жауап табуға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Қазақстан ашық диалог пен өзара іс-қимыл орнатуға әзір. Сіздерге табысты жұмыс пен нәтижелі ынтымақтастық тілеймін!