Білім • 25 Қазан, 2018

14 қарашада Латын графикасы негізінде жалпыхалықтық диктант жазу ұйымдастырылады

905 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл жайында Павлодарда  өтіп жатқан  «Латын әліпбиіне көшу– қазақ тілінің жаңа белесі»   тақырыбында    республикалық конференцияда белгілі болды.

14 қарашада  Латын графикасы негізінде жалпыхалықтық диктант жазу ұйымдастырылады

Жиынға еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Борашев, А. Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек, Баку мемлекеттік университетінің профессоры, Фируза Ағаева қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев сөз сөйлеп, республикалық деңгейдегі маңызды шараға қатысушыларға  «Латынға көшу- заман талабы, әрі ел үшін маңызды екенін айтып өтті.

Комитет төрағасы Қуат Борашевтің айутынша, латын  қарпіне көшуге орай, жалпы халықтың ұсыныс-тілектеріне  орай жаңа нұсқасына қосымша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Арнайы ұлттық комиссия құрылып, отырыстар өткізілді.  Орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық және ақпараттық- технологиялық жұмыс топтары құрылды.

- Дайындықты ұйымдастыру кезеңі аяқталды, - дейді Қуат Борашев. - Келер жылы нақты іске кірісеміз. 2019 жылы даярлық сыныптар латын графикасына көшеді, ал 2020 жылы 1 сынып оқушылары бастайды. 2021-2025 жылдар аралығында төлқұжаттарымыз, нормативтік-құқықтық актілер, мемлекеттік басылымдар латын графикасына көшіріледі.

-14 қараша күні  латын графикасы негізінде жалпыхалықтық алғашқы диктант жазу ұйымдастырылады.   Барлық өңірлерде бір мезетте сағат 11.00-де бір сағат шамасында диктант жазу басталады. Барлық өңірлермен онлайн байланыста боламыз, -деді Қуат Борашев.

  Сонымен бірге, «Қазақ радиосы»  арқылы тікелей эфирде таралады. EMLE.KZ сайтында студенттер мен жастар үйлерінде отырып диктант жаза алады.  Қазіргі таңда республикалық тіл саясаты ғалымдары өңірлерді аралап, жұмыс істеуде.

 Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР