Аймақтар • 26 Қазан, 2018

Алтынсариннің туған жері киелі орындар тізіміне енгізілді

1335 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберіндегі «Атамекен» кіші бағдарламасымен Алтынсарин ауданында «Ұстазға тағзым»,«Ы.Алтынсарин туған жерін абаттандыру» жобасы іске асырылды.  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина   Аронованың қатысуымен Ы. Алтынсариннің туған жерінде «Омар құдығы» деп аталатын кешенінің салтанатты ашылуы өтті.

Алтынсариннің туған жері киелі орындар тізіміне енгізілді

«Омар құдығы» ХІХ ғасырдағы Алтынсарин ауданының М. Хакімжанова атындағы ауылдық округінің Сатай ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 5 шақырым жерде орналасқан. Бұл аймақта Ыбырай Алтынсариннің атасы Балғожа бидің ауылы болған. Осы жерде 1841 жылы ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсарин дүниеге келген. 2017 жылдан бастап Ы.Алтынсариннің туған жері «Омар құдығы» Қостанай облысы киелі нысандардың аймақтық тізіміне енгізілді.

Арақарағай орман шаруашылығы мекемесі, «Темте», «Айдала» және «Селена» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің демеушілік жасауымен «Ұстазға тағзым», «Ы.Алтынсарин туған жерін абаттандыру» жобасы жүзеге асырылды. Құдық болған жерге күркелер, кіреберіске арқа салынды, қоршаулар қойылып, адамдар жүретін жалғыз аяқ жолға тақта тас төселді, орындықтар, қоқыс салатын жәшіктер орнатылды.

«Ыбырай Алтынсариннің туған жері, жүрген жерлері, ашқан мектептерінің орны, кесенесі бүгінгі ұрпақ үшін нағыз рухани дүниеге айналуы тиіс. «Омар құдығы» соның бір жарқын мысалы, Алтынсаринге байланысты тарихи орынның біріне айналады. Мектеп оқушылары, жастар келген сайын ұлы ұстаз туралы көп мағлұмат біледі, туған жерге деген патриоттық сезімді тәрбиелейді» деді Ирина Петровна.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай