Қазақстан • 26 Қазан, 2018

Халықаралық туризмде Қазақстан брендін қалыптастыру мәселесі қаралды 

472 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақстан Республикасының туристік қызметі туралы кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының кіру және ішкі туризмін дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылауға байланысты «Атамекен» ҰКП, мемлекеттік органдар және  туризм саласының өкілдері  Алматыда «Қазақстан» қонақ үйінің мәжіліс залында бас қосты.

Халықаралық туризмде Қазақстан брендін қалыптастыру мәселесі қаралды 

Шараға Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов, туризм саласы бойынша заң жобасын әзірлеген топтың жетекшісі Гүлнара Құрбанбаева, штабтың үйлестірушісі Еркебұлан Хасенов, т.б. жауапты мамандар қатысып, елімізде туризмді дамытудың келелі мәселелері бойынша пікірталас өткізді.

Бүгінде ел экономикасының драйвері ретінде даму бағдарын ұстанып отырған сала кешенді өзгерістерді қажет етеді. Мамандар пікірінше, ішкі және сыртқы туризмді дамытуда елімізде мүмкіндік молынан. Қазақстан табиғи тартымдылығы, ішкі тұрақты жағдайларымен кез келген саяхатшы үшін қауіпсіз аумақ болып табылады.

Осы орайда Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов кез келген турист біріншіден, саяхатшылап келетін ел туралы кеңінен мәлімет алуды қарастырады. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан табиғаты елімізге саяхаттап келетін турист үшін тартымды аймақ. Мемлекет басшысы атап өткеніндей, бізде орман да, көл де, теңіз бен дала да баршылық.  Міне, осынау керемет байлықты өзгелерге көрсету үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыруымыз қажет, деді.

Сала мамандарының пікірталасын туғызған туризм мәселесіне қатысты жоба 2023 жылға қарай  ЖІӨ туризмнің үлесін кем дегенде 8 пайызға жеткізуді көздейді. Туристік  ресурстарды дамыту, туристік  дестинациялардың және нысандардың  көліктік қолжетімділігін қамтамасыз ету, туристік  өнімдердің және қызметтердің сапасын, қолжетімділігін арттыру, қолайлы туристік  орта жүйесін түзу, ішкі және халықаралық нарықтарда елдің туристік  әлеуетін арттыру, туристік  саланы басқару және дамуын мониторингілеу жүйесін жетілдіру сияқты кешенді мәселелер шешімін табуға тиісті. Ал 2023 жылға қарай елімізге келетін туристер санын 9 млн, ал кірме туризмдегі үлесін 3 млн, ішкі туристтерді 8 млн адамға жеткізуді көздейді.  Мұнымен қатар туризм саласында жұмыс істейтіндер 650 мыңға жетуі тиіс. Осындай мақсатты міндеттерді қарастырып отырған жоба аясында маркетинг пен брендингті, инфрақұрылымдарды дамытудың маңызы зор. 

       

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ