Таным • 29 Қазан, 2018

Игібай Әлібаевтың 115 жылдығына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

877 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстанда халық ақынына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Игібай Әлібаевтың 115 жылдығына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Халық ақыны Игібай Әлібаевтың 115 жылдығына орай М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де «И.Әлібаев мұрасы және рухани жаңғыру құндылықтары» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Университет қабырғасында ұйымдастырылған конференцияда ақынның шығармашылығы, өскен ортасы, ақындық дәстүрі кеңінен әңгімеленіп,  мұрасын жастарға жете таныстыру мақсатында мектеп бағдарламасына енгізу мәселесі көтерілді. с

«И.Әлібаев Қожаберген жырау, Сегіз Серіден келе жатқан халықтық, әдеби дәстүрді  жалғастырып, кеңестік дәуірде айтыс өнерін жандандырушылардың болғанын қазіргі буын біле бермейді. Республикадағы алғашқы айтыстардың бірі Қызылжар өңірінде өткен. Онда Игекең топ жарып, тұңғыш «халық ақыны» атағына ие болған», деді Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры Сәбит Жәмбек.

Докторант Ғарифолла Әбілқасов кешегі сал-серілердің сарқыты, соңғы тұяғы  саналған айтыс ақтаңгерінің Есіл және Көкше өңіріне ортақ төлтум ақын екенін, керемет әншілігі, суырыпсалма ақындығы, сөз тапқырлығы әлі де зерделеуді қажет ететінін жеткізді.

Бір өкініштісі, туған ауылы-Айтуардағы мектепке ақын атын беру жөніндегі шешім аяқсыз қалды, десті жиында сөйлеушілер.

Республикалық конференцияға Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау және тағы да басқа қалалардан 30-ға жуық баяндама түсіп, оқылды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы