Өнер • 29 Қазан, 2018

Алпыс­бай Қазғұловтың «Көңіл көк­темі» атты көрмесінің салтанатты ашылуы болды

635 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Суреттің құдіреті неде?.. Көңіл түкпірінде жасырынған тіл жеткізе алмас көркем ой мен ұшқыр қиялды қылқалам ұшына сыйдыра алуда, біздіңше. Әйтсе де бояу тамған кенептің барлығы өнер емес. Нағыз өнер – шынайылығында. Міне, осы бір даралық суретші Алпысбай Қазғұлов қаламына тиесілі!

Алпыс­бай Қазғұловтың «Көңіл көк­темі» атты көрмесінің салтанатты ашылуы болды

Жақында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Астанадағы Ұлттық музейде Қазақстан Республикасының ең­бек сіңірген қайраткері, бел­гілі қылқалам шебері Алпыс­бай Қазғұловтың «Көңіл көк­темі» атты көрмесінің салтанатты ашылуы болып өтті. Көрмеге «Әжемнің үйі», «Асау­ды ауыздықтау», «Шарын шат­қалына шығу», «Ыстық күн», «Күт­пеген кездесу», «Дала әуені» сынды барлығы 140-тан аса сурет қойылып, тамашалаушысын таңғажайып әлемнің тұңғиығына бойлатты. 

Алпысбай Қазғұловтың картиналарында суреттелген шынайы өмір көріністері жай ғана көшірме емес, ол – хас шебердің қылқаламына ғана тән өзіндік жеңіл мәнермен берілген сезім мен сырға толы нағыз өнер туын­дылары. Сондықтан да болса керек, су­ретші шығармаларында терең білім, тағылымды өмірлік тә­жіри­бемен қатар, қылқалам ие­сінің жан тебіреністері мен көркем әлемі де сайрап жатады. Кәсіби шеберлігін айтпа­ғанда, суретші көңіл күйдің әсем көріністерін ғаламат бір ше­­берлікпен әсем үйлестіреді.

«Маған осы бір адам ұнап қалды: суреттері алдаған жоқ – расымен де заман талабына, сондай-ақ толығымен дәс­түрге сай ойланады екен. Оның қылқаламынан шыққан туын­дылар пішіні жағынан «мо­дернистік», алайда қозғаған тақырыптары баяғыдағыдай. Ал­пысбай дала, ауыл, қора-қопсы сынды тақырыптармен шек­телген сияқты болғанымен, шын мәнінде өз суреттеріне қандай да бір ғарыштық деңгей бере отырып, біздің санамыздың шең­берін кеңейте түседі» деп жазыпты өз естелігінде Шыңғыс Айтматов.

Расымен де, ұлы қаламгер бағалап өткендей, тамашалаушы қиял иесінің жұмысымен алғаш танысқан сәтінен-ақ айнымас досқа айналып, бірден сырласып кетеді. Суретші қандай жұмбақ болса, дәл сондай қарапайым да. Оның еңбектерінде сұлулық пен тазалықтың исі аңқып тұрады. Дәл таңдалып, қанық бедерленген көркем әлем көзді арбап, тұңғиығына тартып ала жөнеледі. 

«Қылқаламға ғана арна­ған осынау 42 жылдық шығар­ма­шылық ғұмырымда барлығы 5000-нан аса картина салған екенмін. Бұл тек саны ғана емес, олардың әрқайсысы мазмұндық тұрғыдан сан алуан. Әйтсе де адамда арман таусылған ба?! Алла ғұмыр берсе, енді осы 5000 туындымды он орайтын ең үздік деген кемінде 5 картина тудырсам деймін», – дейді суретші.

Рас, адам бар жерде арман бар. Ол әсіресе, қиялға бай суретші әлемінде тіпті биік. Алпысбай Қазғұлов шығармашылығымен танысып, көңіл көктеміне саяхаттап қайтқан ғаламат сапарымызда біз осыған көз жеткіздік. 

P.S: Алпысбай Қазғұловтың «Көңіл көктемі» көрмесі Қазақ­стан Республикасының Ұлттық музейінде 2018 жылдың 12 жел­тоқсанына дейін жалғасады.

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»