Қазақстан • 29 Қазан, 2018

Асқар Мамин мен Антон Силуанов Қазақстан–Ресей үкіметаралық комиссиясының отырысын өткізді

291 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

27 қазан күні Қазан қаласында Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның XX отырысы өтті. Қазақстан тарапынан тең төраға — ҚР Бірінші Вице-Премьері Асқар Мамин болса, ресейлік тараптан Үкімет Төрағасының Бірінші орынбасары Антон Силуанов қатысты.

Асқар Мамин мен Антон Силуанов Қазақстан–Ресей үкіметаралық комиссиясының отырысын өткізді

Үкіметаралық комиссия отырысы барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық, отын-энергетикалық кешен, атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, білім беру және ғылым, ақпараттық технологиялар мен бұқаралық коммуникация, мәдениет, туризм, аймақаралық және шекара маңындағы ынтымақтастық, сондай-ақ екі елдің іскер топтарының өзара іс-қимылдарындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

ҚР Бірінші Вице-Премьері А. Мамин мемлекетаралық қатынастардың барлық деңгейінде Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың табысты екенін атап өтті.

2017 жылы ҚР мен РФ арасындағы өзара сауда-саттықтың едәуір ұлғайғаны байқалды, бұл көрсеткіш 34,1%-ға өсіп, $17,5 млрд-қа жетті. Өзара сауда көрсеткіштерінің оң серпіні сауда айналымын $20 млрд-қа жеткізуге мүмкіндік беріп отыр.

Ресей Қазақстанның негізгі инвестициялық серіктестерінің бірі, соңғы 12 жыл (2005–2017 жж.) ішінде инвестициялар ағымы $12 млрд құрады. РФ-тен ҚР-ға тікелей инвестициялар ағымы 2018 жылдың І жарты жылдығында өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге — $821 млн дейін артты.

Жалпы сомасы $3,6 млрд болатын, 12 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 50 инвестициялық жоба қарқынды іске асырылып жатыр.

ҮАК отырысының барысында Қазақстан мен Ресейдің екіжақты өзара ынтымақтастығының басты бағыттарының бірі аймақаралық және шекара маңы ынтымақтастығы болып табылатыны атап өтілді.

Үкіметаралық комиссияның XX отырысының қорытындысы бойынша ҮАК тең төрағалары Асқар Мамин мен Антон Силуанов Қазақстан–Ресей Үкіметаралық комиссияның XX отырысының Хаттамасына қол қойды.

Қазан қаласына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Асқар Мамин Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановпен келіссөздер өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Татарстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастың барлық саласы, оның ішінде сауда-экономика саласы бойынша қарқынды ынтымақтастықты атап өтті, экономикалық және инвестициялық байланыстарды арттыруға мүдделі екендерін танытты.

2017 жылдың қорытындысы бойынша сыртқы сауда айналымы 1,7 есеге артып, $700 млн-нан асқан. 2018 жылдың I жарты жылдығының қорытындысы бойынша өзара сауда айналымының көрсеткіші 67%-ға артып, $400 млн-ға жуық болды. Биылдың өзінде өзара сауда айналымы көлемін $1 млрд дейін жеткізу мүмкіндігі бар.

Асқар Мамин мен Рустам Минниханов машина жасау, көлік пен логистика, мұнай химиясы, АӨК, АТ-технологиялар, шағын авиация және т. б. салаларда ынтымақтастықты дамыту керектігін атап өтті.

ҚР Бірінші Вице-Премьері А. Мамин мен Татарстан Президенті Р. Минниханов Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша Іс-шаралар жоспарына қол қойды.