Өнер • 31 Қазан, 2018

Құндылықтарымыздың иесі – жастар

294 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

А.Селезнев атындағы хореографиялық училищеде Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын талқылауға байланысты «Өрлеу» театрында «Ұлттық құндылықтардың иесі – жастар» тақырыбында шығармашылық қауымның, оқытушылар мен студенттердің кездесуі өтті. 

Құндылықтарымыздың иесі – жастар

«Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында өткен мәдени шараға халық әртісі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы эстрадалық вокал кафедрасының меңгерушісі, профессор Лаки Кесоглу, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, Мемлекеттік рес­пуб­ли­калық корей музыкалық комедия театрының директоры Любовь Ни және де басқа мәдениет, өнер қайраткерлері қа­тысып, ел да­муындағы жастардың рө­­ліне қа­тыс­ты мазмұнды пікірлерімен бөлісті.

Училище директоры, Қа­зақ­­станның еңбек сіңірген қай­раткері Ая Қалиева бүгінде Қазақстанның болашағы, дамуы, құндылықтары, экономи­ка­сының өсуі, саяси-қоғамдық өмірі жастармен тығыз байланыс­ты екендігіне тоқталып, жас­тарға қолдау көрсету – ел дамуы­ның инвестициясы екенін атап өтті. Ел Тәуелсіздігінің алғаш­қы жыл­дарынан бастап жас­тар­дың әлеуметтенуі Елба­сы­ның на­зарында болып келеді. Рес­публиканың әлеуметтік-эко­но­микалық және мәдени дамуын­дағы жастардың келеш­егіне, білім алуы мен дамуына, бел­сен­ді еңбе­гіне қамқорлық ерекше.

Училищенің болашағы да жастар­дың өмірімен тығыз бай­ланысты. Атал­ған оқу орнын­да би өнерінің дамуы, сақталуы мен насихатталуы жолында жастарды көптеп тартуға басымдық бе­рілген. Сонымен қатар бәсекеге қабі­летті балет әртістерін тәрбиелеу мақ­­са­тында, қазақ балетін әлемде наси­хат­тауға байланысты «Жа­һандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында көптеген жұмыстар жолға қо­йыл­ған. Бұл бағытта көрнекті қазақ бишісі Рамазан Баповтың шығармашылығы­на арналған «Рамазан Бапов. Танец ­длиною в жизнь», қазақ бишісі, балет­мейстер Сара Көшербаеваның өмірі мен шығармашылығы туралы «Балери­на» кітабы жарық көргендігін айта кет­кен жөн. 

Ал училище түлегі Анвара Сады­ко­ваның «Тұран дала – қыран дала» хорео­графиясын мысалға алған училище директоры, бұл қойылымның өн бойында бүтін бір ұлттың қалыптасуы, батырлығы, отансүйгіштігі мен қазақ халқының өз еліне деген сүйіспеншілігі жатқандығын атап өтті. Оттың жалыны, қа­лықтаған ауа, судың сылдыры, жердің қуаты көрініс беретін балет «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің музыка­сы­мен әсер арта түсіп, ерекше ізде­ніс­тегі ­қо­йы­лым ретінде бағаланды. Либ­ретто­сын жас балетмейстер Дамир Оразымбетов ­жазса, костюмдердің авторы қазақ­­стан­дық белгілі дизайнер Әсел Лұқпанова мен сценограф Ербол Бисеновтың шығармашылық еңбегі зор. 

Шығармашылық кездесу аясында отансүйгіштік, ел мен жер­ге деген сүйіспеншілік, ұлт­тық салт-дәстүрге құрмет, жа­һан­дану заманында рухани құн­ды­лықтарды сақтап қалуға байла­нысты мазмұнды ойлар айтылды. 

Жас әртістер ұстаздарының пікір­лерін тыңдап, өздерін толған­дырған сұрақтарға жауап алды. 

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ