Медицина • 31 Қазан, 2018

Халықаралық деңгейдегі жаңа аурухана қажет

526 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысында 8 медици­налық нысан салу жоспарлануда. Бұл нысандардың қатарында аудандық ауру­хана, емханалар, сонымен қа­тар Түркістандағы перинаталдық ор­та­лық­тың жанынан қосымша 150 орындық корпус салынады.

Халықаралық деңгейдегі жаңа аурухана қажет

Түркістан облысын дамыту жөніндегі Елбасы тапсырмасы бойынша жасалған арнайы жоспарға сәйкес, мемлекеттік-жекешелік әріп­тестік аясында облыс орталығында көпсалалы аурухана бой көтереді. Қа­зірдің өзінде оны салуға қызығып отырған инвесторлар бар. Оған қоса қаржы ор­талықтарымен, Даму банкімен  келіс­сөздер жүргізілуде. Туристер көп­теп келетіндіктен халықаралық дең­гейдегі жаңа аурухана қажеттігі де туын­дап отыр. 

Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Түркістан облысына келген сапары барысында аудандық ауруханалардың бас дәрігерлерімен, түрлі медициналық ұйымдардың басшыларымен өткізген жиында мәлім етті. Министрдің айтуынша, енді үлкен емханалар салынбайды. Оның орнына мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында са­лынған мекемелерде тұрғындарға жақын жерден учаскелік дәрігерлер қызмет көрсете бастайды. Одан бөлек тұрғындарға дәрігерлер смартфондар арқылы кеңес береді. Түркістан қалалық емханасында министр меди­циналық мекеменің жұмысымен танысып, аталған ұйымның қағаз­сыз қызмет көрсету жүйесіне көш­ке­ні­не көз жеткізді. 

Емхана бас дә­рі­герінің орынбасары Бақытжан Жүзжасаровтың айтуынша, емханаға тіркелген тұрғындар бұрынғыдай медициналық картасын іздеп, қағаз тасып жүрмейді. Дәрігерге қаралудан бастап барлық қызмет түрі электронды құжат бойынша жүзеге асады. Табалдырық аттағаннан қарсы алатын қызметкер алдындағы мониторға қарап-ақ сұранысыңызды өтейді. Бұл үшін пациент жеке куәлігін көрсетсе болды. Келесі бір маман цифрландыру жүйесінің қызметін пациент­терге түсіндіріп, медициналық мобиль­дік қосымшаны смартфонына орна­тып береді. Оның қасында қарт кісі­лерге көмегін ұсынатын тағы бір ма­ман жұмыс істейді. Енгізілген жаңа­шылдықтармен танысқан министр пациенттердің бұған дейінгі кар­тотекасын сақтап қоюды, кей жағ­дайда қажет болып қалуы да мүм­кін екенін ескертті. Сондай-ақ Елжан Біртанов дәрігерлер мен мед­бикелердің біліктілігін арттыру, медициналық қызметтердің сапа­сын жақсарту мәселелерін сөз етті. Алғашқы медициналық көмек көр­сету­ді дамыту қажеттігін жеткізді. Министрдің айтуынша, бүгінде бір учас­келік дәрігерге 2500-3000 адамнан қаралады. Келешекте ол жүктеме 1500-ге түсірілмек. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы