Қазақстан • 31 Қазан, 2018

«Алтын жүректі» жандар анықталды

643 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қайырымды жандардың басын қосып, істеген игі істерін халыққа жария етіп, зор ілтипатқа ие болған «Алтын Жүрек» сыйлығы еліміздің барлық мейірімді жандарын марапаттады.

«Алтын жүректі» жандар анықталды

Жылдан-жылға жалғасын тауып келе жатқан ұлттық сыйлық қайырымдылық саласына үлесін қосқан барша мейірбандарға, оның ішінде жеке тұлғаларға, ұйымдарға және мекемелерге алғыс айтуды өзінің міндеті санайды. Биыл 12 номинация бойынша жүлдегерлердің есімі белгілі болды. Марапат иегерлері - кәсіпкерлер, ірі компаниялар, БАҚ өкілдері мен қарапайым тұрғындар.

Мысалға «Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін» номинациясында ALMAU-дың Әлеуметтік Кәсіпкерлік Орталығының директоры – Нұржан Әлжанова жеңімпаз атанды. Бизнестің қыр-сырын танитын Нұржан ханым, білім мен мансапты дамыту арқылы мүмкіндіктері шектеулі адамдар арасында әлеуметтік теңсіздікті еңсеруге бағытталған жұмыстар жасайды.

«Менің ойымша, қайырымдылық деген жай ғана дайын материалдық көмек емес. Мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға өздерінің білгендерін жетілдіріп, жобалары болса, оларды жан-жақты дамытуға қолғабыс етемін. Болашақта олар қоғамда өз орнын тауып, тұлға ретінде қалыптасып жатса, одан артық не керек? Қайырымдылықтың негізгі идеясы сонда жатыр», - деп бөлісті Нұржан Әлжанова.

Сондай-ақ «Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесі үшін» номинациясында мәскеулік Ольга Батутина және Илья Байгабулов, «Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін» Гүлнәр Қабылбекова, «Денсаулық сақтау саласына көрсеткен қолдауы үшін Роза Әлімханова және т.б бар.

Қайырымдылықты асыл қасиет деп танитын «Baurzhan» қоры өкілдерінің айтуы бойынша, 5 ай ішінде «Алтын Жүрек» сыйлығына 300-ден астам өтініш келіп түскен. Олардың ішінен әділ-қазылар алқасы тек лайықты деген жүлдегерді таңдаған.

«Алтын Жүрек» - қайырымдылық жолындағы ең беделді марапат. Араға 12 жыл уақыт салса да «Baurzhan» қорының ұйымдастыруымен өтетін бұл жоба бүгінде ел назарында.

«Қазіргі таңда қоғамда адамдар арасында жылулық мен қамкорлық сиректеп барады. Осы мәселелерді қарастырып, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, қарт адамдар мен ардагерлерге көмектесіп жүрген адамдарды анықтап алып, оларға құрмет  көрсету, менің ойымша, өте дұрыс. «Алтын Жүрек» сыйлығы -  философиясы мен қағидалары жетілген, адамдар арасында насихаттауға тұрарлық мән-маңызы бар үлкен жоба», - деп сыйлықтың өзектілігі жайында Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов айтып өтті.

Адамзат  баласын игі істерге итермелеп, ең бастысы, мұқтаж жандарға көмек қолын созуға деген талпынысты шыңдайтын «Алтын Жүрек» ұлтттық сыйлығы мәртебесін асқақтатып келеді. Оған салтанатты рәсімді тамашалауға келген мыңдаған адам куә болды.

«Алтын жүрек» жүлдегерлері

«Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін» номинациясы бойынша Гүлнар Қабылбекова

«Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша Асылбек Қожахметов

«Мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін» номинациясы бойынша  Нұржан Әлжанова

«Спортты дамытып, оны қолдағаны үшін» номинациясы бойынша  Арман Машимов

«Ардагерлерге көрсеткен құрметі үшін» номинациясы бойынша Сейдахмет Қалтаев

«Ақпараттық қолдаушы» номинациясы бойынша  «Bestdoctor.kz» медициналық ақпараттық  порталы

«Жылдың қайырымды адамы» номинациясы бойынша   Болат Өтемұратов

«Жыл ұйымы» номинациясы  бойынша «Харекет»  қоры

«Денсаулық сақтау саласына қолдау көрсеткені үшін» номинациясы бойынша Роза Алимханова

«Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша Ольга Батутина және Илья Байгабулов

«Қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша «Тазалық» экологиялық жобасы

Жыл меценаты Сергей Глушков

 

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ