Руханият • 01 Қараша, 2018

Кірме сөздерді меңгеріп жазуды ескеруіміз қажет

4164 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Латын графикасына негіз­­­делген жаңа әліпбиге көшудің тілтанымдық артықшылықтарын ескеруіміз қажет. Бұл, әсіресе білім беру жүйесінде латынграфикалы қазақ тілінің емле ереже­сін меңгертудің оң нәтижесін береді деген сенімдеміз. 

Кірме сөздерді меңгеріп жазуды ескеруіміз қажет

Атап айтатын болсақ, бұрынғы кирилл графикасына негізделген қазақ емле ережесін оқытуда қиындық тудырып жүрген, қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сәй­кес келмейтін ц, щ, ю, я, э, ё, ь, ъ жат әріптерінен арыламыз. Профессор Н. Уәлидің айтуынша, бұл таңбалар әуелде шетелдік сөздерді орыс тілінің орфографиясымен жазу үшін арналған еді. Содан қазақ тілінің емле ережесі басқа тілдің ережесіне кіріптар болды. Осының салдарынан шет тіл сөздерді дыбыстық жақтан игерудің механизмдері жұмыс істемей қалды. Сондықтан ла­тын негізді «Жаңа әліпбиге» көшу­де­гі басты артықшылығымыз – қазіргі кирилграфикалы қазақ әліпбиіндегі 42 әріптен гөрі «Жаңа әліпбидегі» 32 латын әріпін меңгерту оңайырақ болады.

Бүгінгі сөздік қорымыздағы орыс сөздерін игерудің тілдік механизмдерімен тереңірек айналысып жүрген фонетист-маман А.Фазылжанованың пі­кі­рінше, «Бізде орыс тілінен алын­ған, бірақ қазақ тіліне қарай бейім­дел­меген бір топ сөздер бар. Олар орыс орфографиясымен жазылады және солай айтылады. Қазақ мектебінің оқушысы орыс тілінің де, қазақ тілінің де жазылу, айтылу ережелерін жаттайды. Мұндай жағдай өзге тілдерде жоқ. Қазақ тілінің қорғаныс тетіктерін қалпына келтіру үшін осындай жағымсыз стереотиптерден ада басқа бір алфавитке көшу қажет».

Елбасымыз «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты ма­қаласында «Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. ...алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұс­тарынан бас тарту керек» деп көр­сетеді. Олай болатын болса, ла­тын графикасына көшудегі не­гізгі мақсатымыз – шет тіл сөз­дерді қазақ тілінің дыбыстық әуезіне икемдеп жазу. 1929 жыл­ғы реформа бойынша орыс ті­лінен енген зат, бұйым атаулары қазақ тілінің әуезіне, ұлттық си­патына икемделіп жазылғаны бар­шамызға белгілі. Мысалы, бә­теңке (ботинка), әртіс (артист), кір­піш (кирпич), түрме (тюрьма), т.б. 1940 жылдан бастап кеңес­тік идеологияның салдарынан иге­рудің бұл механизмдері де жұ­мыс істемей қалғаны да түсінікті. 

Ал бүгінгі таңда бөгде тілдің тәртібімен жазылып жүрген сөз­дерді күнделікті оқып жүрген га­зет-журнал, оқулықтар мен ғылыми еңбектерден байқауы­мызға болады. Яғни, орыс тілі ар­қылы енген шет тіл сөздер орыс тілінің (донор тілдің) заң­ды­лығымен жазылып жүр. Яғни, қолданыс аясы кең орыс тілі өз ық­палын белсенді жүргізіп ке­леді. Мысалы, комиссия, дис­сер­тация, стресс, хоккей, резиденция, гастроль, пароль, профессор, т.б.

Осындағы орыс тілінің заңды­лығымен таңбаланған геминат дыбыстарды (сс – бір дыбыстың қосар орналасуы) айтып та, жа­зып та жүрміз. Сондай-ақ орыс тілінен енген сөздердің құра­мында (алдыңғы, ортаңғы пози­цияларда) кездесетін о дыбыстары да донор тілдің тәртібімен таң­баланады. Мысалы, комис­сия, компания, т.б. Осы сияқты сөздік қорымызға күн санап еніп жатқан шет тіл сөздер­ді латын графикасымен иге­рудің орфографиялық, линг­воәлеуметтік және лингвоп­си­хо­логиялық тұрғыдан профессор Н.Уәли, А.Фазылжанова, Қ.Кү­де­ринова, А.Алдаш, Н.Әмір­жанова, т.б. орфограф-тілтанушы ма­ман­дар айналысып келеді. 2017 жылы шыққан «Жаңа ұлттық әліп­би: Қазақ жазуын жаңғырту (ғылыми-тілтанымдық зерттеу)» атты ұжымдық монографияда бұл мәселенің алғышарттары зерттелген болатын. Ғалымдар қазіргі шет тіл сөздерді игерудің үш моделін көрсетіп отыр. Олар: әріп модель, тіркес модель және қосымша модель. 

• әріп модель: ц, щ, ю, я, э, ё, ь, ъ тәрізді әріптердің латын графикасы бойынша игерілуі. Мәселен, жаңа емледе Ё әрпі О́ әрпімен таңбаланады: manо́vr, derıjór, т.б. Э әрпі Е әрпімен жазылады: element, elevator, т.б. Ал жіңішкелік белгісі (ь) бар буынға жіңішке дауыстылардың әрпі жазылады да, жіңішкелік белгі (ь) ескерілмейді: gаstról, parо́l, т.б. 

• тіркес модель: ст, нт, нг, нд, нт, мб, мп, ск, ндр, рд, дж, нх, рх, мф, пт, фр, стр, тч, рц, лс, лк, нк, ст, рк, гс, рг сияқты тір­кес­тердің жаңа орфография бо­­йынша игерілуі. Қазіргі қазақ тілінің сөздік қорында осындай тіркеспен аяқталын шет тіл сөздер өте көп. Мәселен, паркинг, боулинг, бланк, холдинг, роуминг, скотч, билборд, допинг, патент, девидент, бифштекс, ботекс, очерк, люкс, т.б. Дегенмен жаңа емледе мұндай тіркесті мо­дель­дермен аяқталатын сөздердің барлығы игеріліп жазылмайды, бірақ қосымшалар үндесім заңдылығына сәйкес жалғанады. Мәселен, очерк, люкс, т.б. 

Ал тч, нг, ст, сть, зд дыбыс тіркестерімен аяқталатын шет тіл сөздерді игерудің жаңа емледе келесідей механизмдері көрсетілген: ТЧ дыбыстар тір­ке­сімен аяқталатын сөздердегі Т әрпі түсіріліп жазылады: skoch, skech, mach. Сөз соңындағы -НГ әріп тіркесі Ń әрпімен жазылады: parkıń, boýlıń. Сөз аяғындағы -CТ, -СТЬ, -ЗД әріп тіркесінің соңғылары түсіріліп жазылады: ensıklopedıs, poves. 

• қосымша модель: -ия, -изм, -ция, -тор, -ий, -ка сияқты қосым­шалардың жаңа орфография бо­йынша игерілуі. Мұндай қатар­да­ғы сөздер тілімізде бұрыннан орнығып қалыптасқан. Мысалы, модернизация, революция, калий, магний, т.б. Осындағы ий мен ка сияқты қосымшаларға қатысты ереже жаңа емледе былайша көрініс табады: ИЙ-мен аяқталған сөздердің соңында бір ғана I әрпі жазылады: kalı, alúmını, natrı, kafeterı, komentarı, realı. Шет тіл сөздердің соңындағы А әрпі сөз мағынасына әсер етпе­ген жағдайда түсіріліп жазы­лады: gazet, mınýt, kapsýl, kardıogram. 

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-прак­тикалық орталығының ұйым­дас­ты­руымен жүргізіліп жатқан сынама сауалнама нәтижесі мен көпшілік талқылауларда бүгін­гі кирилл санадағы қоғам­ның орыс тілі арқылы енген шет тіл сөздерді ұлттық айтылым нормаларына игеруге байланысты көзқарастары әрқи­лы екенін көрсетті. Тілдік ұжым ішіндегі белгілі бір әлеу­меттік топ өкілдерінің шет тіл сөздерді жаңа тұрпатта қол­да­майтындардың саны аз болмады. Мұның себебі осы күнге дейін орыс тілінің айтылуы бойынша айтып, жазылуы бойынша жазып жүрген бүгінгі қоғамның тілдік санасында орыс тілінің дыбыстық моделі мен орфограммасы қалыптасып кеткен. Шет тіл сөздерді игеріп айту мен жазу – тілдік нормадан ауыт­қу сияқты болып көрінеді. Тіпті орыстілді азаматтар үшін бұл кә­­дімгідей психологиялық дис­ком­­форт тудырып отыр. Алай­да өз еліміздегі тілдік кеңіс­тік­те орыс тілдік санамен жүре бер­сек, өзі­міздің дыбыстық қоры­мыз­дың, қала берді сөздік қоры­мыз­дың жұтаңдануына әкеп со­ға­ты­ны белгілі жайт. Сол се­беп­ті, жа­­һандану заманында осын­­дай тіл­дік мәселені алдын алу үшін тіл­ші-мамандардың жаңа гра­­фи­камен шет тіл сөз­дерді қа­зақ тілінің дыбыстық әуе­­зіне иге­ру­дің механизмдері мен при­цип­­терін ескеру қажет. Яғни, ла­тын графикасына көшу барысын­да әліпбиіміз ҰЛТТЫҚ, емле ере­же­міз ҰЛТТЫҚ болуы аса маңызды.

Айнұр СЕЙІТБЕКОВА,

Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық 

ғылыми-практикалық орталығының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, 

Ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық жұмыс тобының мүшесі