Қазақстан • 01 Қараша, 2018

Аукциондық сауданы өткізу халыққа тарифтерді өсірмеуге жол ашады — Энергетика министрлігі

174 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаңартылатын энергия көздерін жоспарлы дамыту кезеңдерінің бірі ретінде аукциондық сауда-саттық ең үздік жобаларды іріктеп, электр энергиясының нарықтық бәсекеге қабілетті бағасын қалыптастыруға бағытталған. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте ҚР энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа айтты, деп хабарлайды primeminister.kz

Аукциондық сауданы өткізу халыққа тарифтерді өсірмеуге жол ашады — Энергетика министрлігі

Энергетика министрлігінің мәліметіне қарағанда, аукциондық сауда-саттықтың жаңа тетігі ЖЭК нысандары өндіретін электр энергиясының тиімді нарықтық бағасын айқындап, әлеуетті инвесторларды іріктеуді ашық өткізіп, еліміздегі жаңартылатын генерация саласын дамыту үшін инвестиция тартуға септігін тигізеді. Биыл көктем мен күзде қуаттылығы 1000 МВт болатын ЖЭК жобаларының: күн электр станциялары (КЭС), жел электр станциялары (ЖЭС), су электр станциялары (СЭС) және БиоЭС типтері бойынша халықаралық аукциондық сауда-саттық өткізілді.

«Салаға инвестициялар тарту арқылы тарифтер төмендеді. Орта есеппен алсақ, ЖЭС 12,2%-ға, шағын СЭС 12,12%-ға, КЭС 35,71%-ға төмендеген. Жел генерациясының аукциондық бағасы ең көбі 23,3%-ға түсті, күн генерациясы бойынша – 48%, шағын СЭС жобалары – 23,4%, БиоЭС – 1%. Бұл – жақсы нәтиже», — деді А. Шкарупа.

Биыл аукциондық саудаға 113 қазақстандық және шетелдік компаниялар (Қытай, Ресей, Түркия, Франция, Болгария, Италия, Біріккен Араб Әмірлігі, Нидерланды) қатысты. Олардың ішінде жалпы қуаты 857,93 МВт болатын 36 ЖЭК жобасы жеңіске жетті.

«Жалпы, сауда аукционына түскен өтінімдер көлемі 3 422 МВт болды, яғни сұраныс көлемі ұсыныс көлемінен 3,4 есе артық екенін көреміз. Сауда аукционының жеңімпаздары ұсынылған аукцион қуаттылығының 85%-ын өтеп отыр», — деді вице-министр.

Вице-министрдің айтуынша, қабылданып жатқан шаралар халыққа тарифтердің өсуін тежеуге мүмкіндік береді.

«Біз аукциондық сауда-саттық тетіктерін енгізгенге дейін белгіленген бағамен салыстырамыз. 2018 жылы болған бекітілген бағамен салыстырғанда, қазіргі баға төмендеуде, яғни біз әлеуетті түрде халыққа тарифтердің өсуіне жол бермеудің амалдарын жасап жатырмыз», — деді А. Шкарупа.

Энергетика вице-министрінің айтуынша, аукциондық сауда-саттық тетіктерін енгізу халық арасында тарифтердің көтерілмеуінің маңызды қоры болуы мүмкін.

«Мәселен, күн энергиясы бойынша бізде 2018 жылға дейін белгіленген баға 34 теңгеден сәл жоғары болса, енді аукциондық сауда-саттық есебінен күн генерациясы бойынша бұл баға 48%-ға төмендеді. Бағаны барынша төмендету – іске асыра алатын жоба, сондықтан біз орташа мәндерді есепке алуды ұсынамыз», — деді ол.

Сонымен қатар, А. Шкарупа Қазақстанның энергия жүйесі негізгі қуаттылықтың неғұрлым жоғары үлесімен және жоғары маневрлік қуаттылықтың аз үлесімен сипатталады, бұл жалпы энергия жүйесінде қуатты реттеуге мүмкіндік беретін су электр станцияларын дамытуға ықпал етеді.

Бұдан өзге, энергетика вице-министрі қатты тұрмыстық қалдықтарды, қоқысты қайта өңдеу бойынша жұмыс істейтін био электр станцияларының құрылысы мәселесін пысықтау қажеттігін атап өтті.

«Аталған секторда барынша көп басымдық пен ынталандырулар жасағымыз келеді. Полигондар базасында бірден бірнеше мәселенің шешімін табатын био электр станцияларын орнатуды көздеп отырмыз. Бұл – қалдықтарды басқару, таза және жасыл энергияны өндіруде қайталама шикізатты пайдалану», — деді ол.

Айта кету керек, Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің аукциондық сату жүйесі алғаш рет 2018 жылғы 23 мамырда іске қосылған.