Әдебиет • 02 Қараша, 2018

Шынайы жырдың шебері - Қайнекей Жармағамбетов

3509 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Көзі тірісінде көп мақталмаған, лауреат атануды аңсамаған, мерейтойының ең болмағанда біреуін де дүрілдетіп өткізіп үлгермеген қазақ әдебиетіндегі қарымды қаламгерлердің белді, беделді өкілінің бірі Қайнекей Жармағамбетов болатын.

Шынайы жырдың шебері - Қайнекей Жармағамбетов

Қайнекейдің сөз өнеріне, жанға рухани азық әдебиетке ерекше ықыласы, зор сүйіспеншілігі ерте басталды. 1932-1934 жылдары көне Торғай қа­ласындағы жетім балалар үйінде тәр­биеленіп, жоғары сыныпта оқып жү­ріп қолына қалам ұстады. Шамасы ақынның:

Әлі есімде онда жетім баламын,

Үйренбеген дәстүріне қаланың, 

Панасыздар мектебіне сан қилы

Алып кірдім дүлейлігін даланың,–деп жазған әйгілі жыр жолдары сол жылдары туса керек. 

 Көне Торғай топырағында кіндік қаны тамған қара бала іркіліссіз ізденісімен, қарымды қабілетімен, табиғи талантымен зиялы қауымның назарын өзіне аударған. Ірі лауазым­ды қызметтердің жұмсақ орындықтарына жайғасқан. Атап айтсақ, Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситетінің аға оқытушысы, до­центі, директордың орынбасары қыз­­меттерін абыройлы атқарған. Әр жылдары «Әдебиет және исскуство» (қазіргі «Жұлдыз»), «Ара» – «Шмель» журналдарының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында жауапты хатшы, әдеби кеңесші болған. Қазақстан ЛКСМ орталық комитетінің идеологиялық жұмыстар жөніндегі хатшысы қызметін атқара жүріп, жас­тарды ата-баба өсиеті рухында тәр­бие­леуге жанды басшылық жасап, 1964 жылдан бастап шығармашылық жұмыс­пен біржола айналысады. 

Қайнекей Жармағамбетовтің ал­ғашқы жинағы «Заман біздікі» деген атпен 1950 жылы басылып шықты. Бұдан кейін ақынның әр жылдары әртүрлі баспалардан «Адам туралы аңыз», «Мұғалима туралы баллада», «Балладалар», «Соңғы түн», «Сырлы тал», «Шыңдағы шамшырақ», «Дәурен», «Сәмбі тал» деп аталатын кітаптары талғампаз оқырман қауы­мның қолына тиді. Сондай-ақ 2008 жылы туыс-туған қолдауымен «Бет­пақдала аңызы» жинағы жарық көрді. 

Жармағамбетов қазақ әдебиетінің проза жанрына да белсенді түрде атсалыс­қан қаламгер. Оның қаламы­нан туған 1951 жылы қазақтың мем­лекеттік көркем әдебиет баспасынан жарық көрген «Әнші азамат» повесі кейінгі жылдары да сұранысқа ие болып, бірнеше мәрте басылып шықты. Әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың өнердегі өзіндік бейнесін шебер сом­дауға негізделген шынайы шығар­ма ұлттық әуезіміздің зеңгір көгіне ша­рықтап көтерілген табиғи тұлғаға қара сөзден қойылған мәңгі әрі берік ескерткіш іспеттес. 

Жармағамбетовтің оқиғалы өлеңді жазуға, балладаға бет бұрғанына таң­дай қағып, тамсану артығырақ. Ол қа­зақы, қасиетті топырақта туды. Көне Торғайда ежелгі ел байлығы, оқиғасы тартымды, сөздері жүйелі, мазмұны терең қисса, дастандарды айтатын айтулы жыраулардың көзін көрді. 

Оқиғалы өміршең өлеңдерді жа­зу­дағы Ерубаевтың жақсы дәстү­рін ілгері дамыта білген, балладаны ұлт­тық әдебиетке әкеліп берік орнық­тырып, жайғастырып, кемелдендірген Қай­некей Жармағамбетов шығарма­шы­лығы туралы тереңнен сөз қозғау қалың оқырманның өз сұранысы, уақыттың өз талабы. 

Кезінде Қайнекейдің «Кекті ба­ла», «Мұғалима» балладалары орта мектеп­ оқулықтарына да енге­нін ере­сектер жағы жақсы біледі. 

Әлі есімде мектепке алғаш бар­ғаным,­

Сумка асынып дәптер, қалам алғаным,

Бір бұрышында сол сумканың жатқаны

Кеней сақа, кендір баулы қармағым, деп төгіле жөнеліп, оқырманын оқиға ортасына қолынан жетелеп әкететін балладаны аға-апалар, замандастар оқып-тоқып қана қоймай, сонымен бірге жаттап өскенінен хабардар­мыз. Өзекті өртер өкініш, қатты қате­лік сол, осы оқиғалы өлең әлгі кітап­тар­дан беймәлім, түсініксіз себептермен алынып тасталған. Жалғыз емес, бас­қа да қазақтың ақын-жазушылары тамаша туындыларының әдебиет пәні оқулықтарына енгізілмей, еске­русіз қалуын түсінбей жүрген, бұл жөніндегі сауалды кімдерге қоярын білмей сандалып жүрген сабазыңның бірі біз болармыз шамасы. 

Көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев­тың «Қазіргі қазақ поэзиясында баллада мен поэманың жігін жымдастыра жақындастырған да Қайнекей еді. Жақындастыру дегенді екі түрдің ерек­шелігін жойып жіберу екен деп түсінбеу керек. Меніңше Қайнекей балладаға поэманың жүгін арқалатса, поэмаға балладаның ықшамдылығын, шымырлығын, динамикалылығын әкелді. Сонымен Қайнекейдің бірта­лай дүниесін мен баллада поэма, немесе поэма баллада дер едім» деп жазуы бекер емес. 

Қазақ поэзиясының қарапайым қойторысы осы бір адамның 50 жыл­­дық шығармашылық өмірінің қоры­тын­дысындай болған «Дәурені» менің қара басымды қатты қуант­ты. «Дәуреннен» бүкіл бір адам ғұмы­рының жарты ғасырлық қорытын­дысын ұғындым. Мынадай өлең жолдары үңіле қарамауыма, бұрылып, сәлем бере кетпеуіме еркімді қоймады:

«Өскенді де көргенбіз,

Бөскенді де көргенбіз,

Өсіп, бөсіп ақыры

Өшкенді де көргенбіз.

Асқанды да көргенбіз,

Тасқанды да көргенбіз.

Асып, тасып ақыры

Сасқанды да көргенбіз», дейді ақын. Аумалы-төкпелі адам ғұмы­ры­ның ақиқаты мен шындығы іспет­­тес осы өлең. Тіптен де ақыл айту, тәу­бе­сіне келген жалған мещандық емес бұл өлең. Бұл өлең ақын жүрегінің ұя­ты мен уайымы», деп жазады ұлттық поэзияның ұлы тұлғаларының бірі, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев.

Көрнекті қаламгер, қоғам қайрат­кері Ілияс Омаров кезінде Қайнекей ақынның өзіне хат жолдап, бір өлеңі­не байланысты ойларын былайша өрбіт­кен.

Қ. Жармағамбетовке!

«Өзім Алтайды жақсы көретін бол­ған соң «Алтай аясы» деген өлеңіңді зейін қойып, оқып едім. Әр жерінен астын сызып, бюрократтығымызға салып, бұрыштама жазып, қағазда­рымның ішіне салып қойып едім. Бүгін «татарларым» қағаздарың бұр­­қы­рап кетті, тәртіпке салсайшы­ деп әмір еткесін, көп қағаздың ішінен сенің өлеңіңнің үзіндісі шыға келгені. Менде жай жата бергенде не қажет бар деп, осы үзіндіні өзіңе жібергелі отырмын. Менің барлық бағам бұрыштамада айтқаным.

Жол түсіп араласаң Алтай маңын,

Көре­сің тарлан таудың 

­қар­тай­­ға­­нын,

Тентек жел, долы нөсер 

әжім салған

Жартастың тынығуға

жантайғанын.

Мінеки,тарих, шындық. Көркем теңеулер осылай жымдасу керек. Сон­да ғана өлең поэзияға айналмақ, поэ­зия қоры байымақ. Тек поэзияның қарышы мол болғанда ғана бір ауыз өлең мен шағын романдық өмірді беруге болады. Артық кетсе де айтайын, осы төрт ауыз өлең әдебиет та­бы­сына лайықты сый. Автордың өзі қиып алып қойғанынан оқушының қиып алып авторға жіберген үзіндісі қым­баттырақ бола ма деп отырмын»

Құрметпен Ілияс Омаров.

Қарашаның 6 жұлдызы 1965 жыл. 

Қай­некей Жармағамбетов қа­зақ және орыс тілдеріне бірдей, же­тік адам болған. Ол өз пәтерінде аса бай, республиканың орталық кітап­ханасынан да ешқашан кездестіре алмайтын кітаптарды ұстаған. Халық жауы ретінде әлі ақталып үлгермеген, алты алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсыновтың әдебиеттану ғы­лым үшін аса маңызды жинағын жұрт­шылық осы кісінің үйінен ең алғаш көргенін көбі естелік ретінде емірене айтады. Үздіксіз оқуы, ұдайы ізденісі арқасында орыс тілін бір адамдай жетік меңгерген жазушы қазақ әдебиетінің аударма саласына да аянбай айтарлықтай үлесін қосты. Чилидің патриот ақыны Пав­ло Неруданың «Қашқын» поэмасын, С.И.Тургеневтің «Әкелер мен ба­ла­лар» романын, Б.Ершовтың «Тұл­партай, сұңқартай» ертегісін, жапон жазушысы Карридің «Шығыстағы бір бейбақ» драмасын, И.Шиллер, А.Мицкевич, А.Барто, М.Лермонтов, А.Пушкин, В.Маяковский сонымен қатар көптеген туысқан қырғыз ақындары өлеңдерін қазақшаға тәр­жімалаған.

Қайнекей Жармағамбетов – 50-60-жылдары қазақ сатирасына­ да аян­бай атсалысқан қаламгер. Ол республикалық «Ара-Шмель» жур­налдарының бас редакторы қыз­меттерін атқарған. Мәскеуден жа­рық көретін, басқа түгіл, түкірігі жер­­­ге түспей тұрған, коммунистік пар­­­тия басшыларының өзі жалтақ-жал­тақ қарап, жасқанып, ығып жүретін «Крокодил» журналының Қа­­зақстандағы меншікті тілшісі куә­лігін иеленген. Өмірлік маңызға ие сатиралық туындыларды көптеп жазды. Белгілі ғалым, қазақ сатириктерінің бап­кері Темірбек Қожекеев Қайнекей Жармағамбетовтің «Хадишаға хат» атты еңбегі тұңғыш фельетон-баллада есебінде ұлттық поэзияның тарихына алтын әріппен жазылып қалғанын жазды. 

Бас-аяғы 56 жыл өмір сүрген көр­­некті ақын Қайнекей Жармағам­бетов өзінің туған жері Қостанай об­лысы, Жангелдин ауданы, Шилі ауы­лына жерленді. Әріптестерінің естелік әңгімелеріндегі деректерге мән берсек, Жармағамбетовтің шы­­ғар­машылық жоспарының аясы кең болған. Әттең ғұмыры қысқа бол­ды. Артында қалған азды-көпті мұрасына сан мәрте тәубе-тәубе деу­ден басқа амал қалмай тұр. Алматы қаласындағы Абай және Абылай хан көшелерінің қиылысындағы соңғы жылдары өзі тұрған үйге тақта орнатылды. Торғай селосында ақын есімінде орталық кітапхана жұмыс істейді. Шилі ауылындағы орта мектеп жерлес ақындарының есімінде. 

Қайнекей Жармағамбетовтің 1973 жылдың қазан айының 10-ншы жұлдызында жазған «Тоқтам» деп аталатын өлеңі бар. Менің жеке мұрағатымда осы туындының қолжаз­ба түріндегі нұсқасы сақталған. Сол өлең­нің соңғы шумағында:

Қиялменен төңіректі түгендеппін,

Адамдыққа арамдық жібермеппін, 

Азап көрсе, азамат ер болмай ма,

Ашуымды ақылға жүгендеттім,– деп жазыпты.

 Көлеңкеде кідіріп, мүдіріп, қалта­рыста қалт тұрып қалмай күнгей жақ­тан өзінің өзгеше кескін-келбеті көр­кем, айқын көріне бастаған Қайнекей қазынасын ақтара берсеңіз олжалы боласыз. Жауһары да жеткілікті, гау­­һары да мол. Артында қалған аз­ды-көпті әдеби мұрасына адал бо­лайық. Ежелгі елде, көне Торғайда кін­дік қаны тамып, барша қазақтың таны­мал қайраткері, қарымды қалам­гері қатарына қосылған көрнекті ақын, табиғи талант Қайнекей Жарма­ғамбетовті, ұлттың ұлағатты ұлын ұмыт­пайық. 

Нағашыбай МҰҚАТОВ,

ақын, қайнекейтанушы,

филология ғылымдарының кандидаты