Аймақтар • 02 Қараша, 2018

Павлодарда «Мені шыңдаған «Серпін» Республикалық кәсіби шеберлік байқауы өтті

505 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Облыс  орталығындағы С. Торайғыров атындағы  мемлекеттік университетінде өткен байқауға «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы аясында білім алып  жатқан еліміздің жоғары оқу орындары мен кәсіптік білім беру колледждерінің студенттері қатысты.

Павлодарда  «Мені шыңдаған «Серпін» Республикалық кәсіби шеберлік байқауы өтті

Байқауды Білім және ғылым министрлігі жанындағы «Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығы» ұйымдастырды. Орталық мәліметінше, бұл күндері «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша еліміздің 9 облысындағы 26 жоғары оқу орны мен 33 техникалық және кәсіптік білім беру колледжінде 16 мыңға жуық студент білім алуда. Былтыр  алғашқы түлектері диплом алып, олардың 60 пайызы сол білім алған өңірлерінде жұмысқа орналасқан.

- Ал, «Мені шыңдаған «Серпін» атты республикалық кәсіби шеберлік байқауы үшінші рет өткізілуде. Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында өтті. Байқауға жоғары оқу орындар мен колледждердің 3-ші, 4-ші курс студенттері қатысты. Мақсат – өз саласының үздіктерін анықтау. Байқау соңында қатысушылар әртүрлі  өндірістік кәсіпорындарға жұмысқа жолдама алуына мүмкіндік те бар. Байқауға өңірдегі кәсіпорын өкілдері де шақырылды,- дейді орталық  төрағасының орынбасары Айдос Мұқатаев.

Байқауға Павлодар, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарынан техникалық және кәсіптік білім беретін колледждерден 27 студент қатысты.

Байқаудың шарты бойынша студенттер бірінші кезеңде өздерінің білім деңгейлерін көрсетсе, екінші кезеңде колледждерде  тәжірибелік сынақтан өтті.

Бірінші теориялық кезең С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетінің мәжіліс залында болды. Екінші кезеңі, яғни, практикалық тәжірибе алаңы  аграрлық-техникалық, бизнес, технологиялық  колледждерінде, Ақтоғай аудандық аграрлық колледжінде және «Жаңа қала» шаруа қожалығында өтті. 

Студенттер тамақ әзірлеу, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру, ауыл шаруашылығын механикаландыру, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, тамақтандыру  кәсіпорындары өнімдерінің технологиясы және өндірісті ұйымдастыру» «Экология және табиғатты қорғау қызметі» Ветеринария» Ауыл шаруашылығын механикаландыру» сияқты салаларындағы  алған білімдерін нақты жобалары арқылы көрсете білді.

Байқау қорытындысында  «Экология және табиғатты қорғау қызметі» саласы бойынша Павлодар технологиялық колледжінің  студенттері Әсем Ділдәбекова 1-ші орын, 2-ші орын  Бурабай ауданы, «Экология және орман шаруашылығы» колледжінің Балнұр Балтабай Балнұрға берілді.

«Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» саласы бойынша 1-ші орын Зеренді ауданы, Шағалалы агробизнес колледжінің студенті Жасұлан Жансұлтановқа, 2-ші орын Павлодар бизнес колледжінің студенті Шері Аяжанға, 3-ші орын Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық колледжінің студенті Ақбота Тастыбайға берілді.

Мысалы, осы колледждерде білім алатын студенттер байқауда жақсы  нәтиже көрсетіп,  «Ветеринария» саласы бойынша 1-шы орынды Павлодар ауданы аграрлық-техникалық колледжінің студенті Шыңғыс  Ахметов, II орынды Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжінің студенті Бекболат Төребеков Бекболат, III орынды– Есіл ауылшаруашылық колледжінің студенті Сұлухан Сұлтан,  «Ауылшаруашылығын механикаландыру» саласы бойынша I орынды Павлодар ауданы  аграрлық-техникалық колледжінің студенті Нұркен Оспанов, II орынды Есіл ауылшаруашылық колледжінің студенті Уызбай Дастан, III орын Павлодар ауданы аграрлық-техникалық колледжінің студенті Тастанбек  Мейірхан иеленді.

- Алғашқы  2014 жылы  50 бала ғана келді. Алғашқы келгендердің қадамдары сәтті болып, 2015 жылы 175 студент оқуға түссе, 2016 жылы 185, 2017 жылы 200 баланы қабылдадық. Яғни, Оңтүстік Қазақстан облысынан 258, Қызылордадан 209, Жамбылдан 32, Алматы облысынан 4, Маңғыстау облысынан 2 жас келді. Былтыр «Серпінмен» келген жастардың алғашқы легі оқу бітіріп, 65 түлек қолдарына диплом алды, - дейді  облыстық білім басқармасының мамандары.

Байқауда бұл салада  өздерін көрсете  білген студенттер «Тамақтандыру кәсіпорындары өнімдерінің технологиясы және өндірісті ұйымдастыру» саласында I-ші орынды Бақытжан Арыстан, II-орынды Аманқос Мирас Павлодар технологиялық колледжінің студенттері, III- орынды Петропавл құрылыс–экономикалық колледжінің студенті Полат Күләш иеленді.

Ал, колледждерден басқа жоғарғы оқу орындарына түскендердің қатары бұдан екі-үш есеге артық. Облыстық жастар саясатын дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы «Жастар бастамаларын дамыту орталығының» мәліметінше, былтыр С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетте, Евразиялық Инновациялық университет,  және педагогикалық университетке оңтүстік өңірлерден 400-дей студент келіп түскен. 

Елбасы ұсынған «Серпін-2050» бағдарламасы  2014 жылдан бері жүзеге асуда. Осы жылдар аралығында облысқа  оңтүстіктен 1324 студент білім алуға келіпті. Кәсіптік және техникалық білім беру колледждеріне төрт жылда 610 студент қабылданған. Бұл күндері еліміздің әр өңірінен келген студенттер «Серпін» бағдарламасы арқылы еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарға даярлануда. Яғни, студент жастар өндірістік-техникалық, кәсіптік салаларға қарай бейімделуде.

Фарида БЫҚАЙ

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР

Суретті түсірген: Руфина Торпищева