Қазақстан • 02 Қараша, 2018

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына дауыс беру басталды

679 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» онлайн дауыс беру арқылы анықталады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде айтылды.  

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына дауыс беру басталды

100 жаңа есім Республикалық конкурсына арналған баспасөз конференциясына Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі  Н.Мауберлинова мен «Қазконтент» АҚ төрағасы Д.Қожахметов қатысты. Жиын барысында өткен жылғы жоба жеңімпаздарының жетістіктері айтылып, жаңа дауыс беру кезеңінің басталғаны жарияланды. Сондай-ақ Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі  Н.Мауберлинова Министрліктің Жол картасының тізіміне кірген жобалар туралы айтып өтті.

«Өткен жылы 1 қаңтарда «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жарияланған болатын. Жоба қорытындысы бойынша 102 жеңімпаз анықталды. Бүгінде олар әртүрлі қызмет саласында жаңа жетістіктерге жетіп, идеялары мен жобаларын дамытып келеді. Жеңімпаздар ұсынған 17 әлеуметтік маңызы бар жоба Министрлік әзірлеген Жол картасы тарапынан  қолдау тапты», деді вице-министр.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің бірлесе ұйымдастырған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы биыл өз жалғасын тапты. Жиын барысында «Қазконтент» АҚ басқарма төрағасы Д.Қожахметов жобаның екінші кезеңіндегі үміткерлерді тіркеу аяқталғанын атап өтті.

«Президентіміз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «100 жаңа есім» жобасы арқылы еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы азаматтардың жетістіктеріне назар аударуды ұсынды. Соның негізінде өткен жылы бірқатар жұмыстар атқарылды. Дарынды азаматтардың өмірбаянын үлгі ету арқылы жастарды тәрбиелеуде бұл жобаның маңызы ерекше. Ел арасында кең тараған жобаның екінші кезеңі өз жұмысын бастады. Жобаның бірінші кезеңі бойынша 2388 кандидат тіркелді. Соның ішінде 200 адам барлық талаптарға сәйкес келіп, екінші кезеңге өтті», деді Д.Қожахметов.

Онлайн дауыс беру 100esim.el.kz сайтында 2-15 қараша аралығында өтеді. Дауыс беру процесі үміткер сайтқа тіркелгеннен кейін жүзеге асады. Одан соң пайдаланушы поштасына келген кодты активтендіру керек. Әрбір категория бойынша дауыс беруші үш дауыстан бере алады. Жоба нәтижесі ресми сайтта жарияланады.  

Маржан ТІЛЕУБЕК,

«Егемен Қазақстан»