Қазақстан • 05 Қараша, 2018

Цифрлы нұсқа – дәрігерлер жұмысын жеңілдетудің жолы

438 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Цифрлы нұсқа – дәрігерлер жұмысын жеңілдетудің жолы

Жуырда аудандық орталық ауру­хананың инсульт орталығы, соңғы заманауи құрылғымен жаб­дықталған томография кабинеті ашылды. Өткен жылы 209 медициналық аппараттар алынса, биыл алынатын жаңа жабдықтар саны одан да арта түсті. Ауруханаға қарасты 75 медициналық емдеу нысандары халыққа қызмет көр­сетуде. Осы Сарыағаш аудандық ауруханасында жұмыс істеп келе жатқаныма 22 жыл болыпты. Яғни денсаулық сақтау мекемесі көз алдымда жыл өткен сайын жаңарып, қызметі жақсарып келеді. Аурухананың заман талабына сай болуы, өсіп-өркендеуі, әрине Елбасының медицина саласына жасаған қолдауының нәтижесі екені мәлім.

Аудандық орталық ауруханада 2121 адам жұмыс істейтін болса, оның 307-сі дәрігер, 1600-і орта және кіші буын медицина қызметкерлері. Айтайын дегенім, бір ғана біздің ауруханадағы осыншама қызметкер Елбасы Жолдауындағы игі бастамалар мен нақты міндеттерді қызу қолдауда, жүзеге асырылуына өз мүмкіндіктері шеңберінде үлес қоспақ. Жолдауда жалпы тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған оң шешімдер көп. Мемлекет басшысы адами капиталдың сапалы өсуіне жағдай жасауға ерекше назар аударып отыр. Бұл орайда білім беру, ғылым және денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығындарды ІЖӨ-нің 10 пайызына дейін жеткізу еліміздің әлеуметтік дамуын анық­тай­тын негізгі бағыттарға серпін беретіні анық. Бүкілхалықтық қолдауға ие болып отырған маңызды құжатта меди­циналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл күйінің аса маңызды компоненті болып саналатыны айтылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы «ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитар­лық көмектің қолжетімді болуын қамтама­сыз ету қажеттігін» атап өтті. Алғаш­қы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ын­та­ландыру үшін 2019 жылдың 1 қаң­тары-

нан бастап ауруларды емдеу ісін бас­қарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырды. Міне, осындай қолдау, ынталандыру қосымша күш-жігер беріп, әрбіріміздің алаңсыз және мінсіз еңбек етуімізге ықпал етіп отыр. Дәрігерлер аудан тұр­ғын­­дарының денсаулықтары мықты болып, науқастың алдын алу мақсатында ғана көмекке жүгінгенін қалайды. Сон­дай-ақ Елбасы Жолдауларында бұқара­лық спортты дамыту, саламатты өмір салтын қалыптастыру арқы­лы ха­лықтың денсаулығын нығайту қа­жет­­­тігі айтылып келеді. Осы жолғы Жол­­­дауда да спорттық нысандардың жас­тарға, балаларға қолжетімді болуы керек­тігі айтылды. Бұл орайда дәрі­гер­­леріміз көпшілікке үлгі көрсетуде. Ауру­хана­да спорттық жаттығу жабдық­тары орнатылған. Ол жерде ауру­хана қызметкерлерімен бірге денешынық­тырумен айналысқысы келетін кез келген азамат жаттыға алады. Дәрігерлеріміз түрлі спорттық жарыстарға қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуде.

Дәрігерлердің қағазбастылықтан арылуы да тұрғындарға көрсететін қызмет сапасын жақсарта түсетіні анық. Елбасы Жолдауында «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлы нұсқада жүргізуге көшуге тиіс» делінген болатын. Бұл қадам дәрігерлер жұмысын жеңілдетудің жолы екеніне қағаз толтыру­дан құтыла бастаған біздің көзі­міз жетіп отыр. Әрбір тармағы халық­тың өсуіне, табы­сының артуына, тұр­мысының жақсара түсуіне арналған Жолдауда жүктелген міндеттердің сапалы орындалуына аурухана дәрігерлері де мүдделі. 

Әділбек СӘРСЕНОВ,
Сарыағаш аудандық орталық 
ауруханасының ревматолог-дәрігері

Түркістан облысы