Театр • 06 Қараша, 2018

Нартай Сауданбекұлының «Мұқағали, Нұрғиса» драмасының премьерасы өтті

767 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының сахнасында Нартай Сауданбекұлының «Мұқағали, Нұрғиса» драмасының премьерасы өтті.  

Нартай Сауданбекұлының «Мұқағали, Нұрғиса» драмасының премьерасы өтті

Жаңа қойылымның кейіп­керлері – қазақтың аңызға ай­налған қос тұлғасы компози­тор Нұрғиса Тілендиев пен ақын Мұқағали Мақатаев. Пьеса авторы Нартай Сауданбекұлы бұл шығарманы ерекше тебі­реніспен жазғанын айтады. Сиясы кеппеген, әлі еш сахнада қойылмаған дүниені Батыс Қазақстан облыстық театрының басшысы Қуаныш Амандықов ат-түйедей қалап алыпты. Алатау алыптарының бейнесін Ақжайықта тірілткен – Қалибек Қуанышбаев атын­дағы Астана Мемлекеттік ака­демиялық Қазақ музыкалық драма театрының режиссері, Қазақ­станның еңбек сіңір­ген қайраткері Нұрлан Жұма­ниязов. 

Шығармаға ақын өмірінің соңғы күндері, қаламгер мен сазгердің шығармашылық тан­демі, «Құстар қайтып барады», «Саржайлау», «Есіңе мені алғайсың...» әндерінің шығу тарихы өзек болған. Бас­ты рөлдерді Орал театры­ның танымал тарландары – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сердеш Қажымұратов (Нұрғиса) пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосов сомдады. Драмада сазгердің жары Дариғаны сомдаған Ақмарал Амандықова мен Мұқағали жырын жатқа соғатын «айық­тырғыш қызметкері» Салауат Түменовтің ойыны да ерекше қанық, нанымды шыққан. Қойылымның музыкалық кеңесшісі – «Құрмет» орденінің иегері, Мәдениет саласының үздігі Еркін Нұрымбетов пен хормейстер Наталья Санбаева болса, сахнаны сәндеген – қою­шы суретші Мұрат Мәмбетов. Сахнада өнер көрсеткен хор капелласының өнері өлмес жыр мен өшпес саз туралы шығарманың шырайын кіргізді. 

– Қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлғалардың өмірі, тағдыры көз алдымызға келгендей болды. Осы көріністі әсерлі жеткізген актерлердің шеберлігіне ризамыз. Сондай-ақ қойылымды сахналаған режиссер, өзіміздің жерлесіміз Нұрлан Жұманиязовқа, автор Нартай Сауданбекұлына Ақжайық көрермендері атынан ризашылығымызды біл­діріп, қазақ салтымен шапан жабамыз, – деді премьера со­ңынан сахнаға көтерілген Батыс Қазақстан облыстық мә­дениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев. Бұл құрмет осы премьераны тамашалауға арнайы келген танымал актер Қуандық Қыстықбаевқа да көрсетілді.

Айта кетейік, Орал театрында қазақстандық, тіп­ті шетелдік режиссерлер ар­найы шақырылып, қо­йы­лым қоюы – көп жылдан бері қалыптасқан дәстүр. Мә­селен, бүгінгі премье­ра­ның режиссері Нұрлан Жұ­маниязовтың өзі бұған дейін осы сахнада америкалық драматург Вина Дельмардың «Баянсыз бақ» драмасы мен Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесін» сахналаған. «Мұндай әріптестік театр ұжымының шығармашылық әлеуетінің өсуіне, өзара тәжірибе алмасуына оң әсер етеді», дейді театр басшысы Қуаныш Амандықов. 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы