Қазақстан • 06 Қараша, 2018

Диагноз қоюда кілтипан көп

367 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жұртшылық көбіне-көп ме­дици­налық жәрдемнің кешігуіне, сапасына көңілдері толмай жатады. Мемлекет болса кепілді медициналық көмектен тыс, онкология, туберкулез тәрізді аурулардың емделуін толықтай тегін жүргізіп, бірқатар диспан­серлік есептегі жандарға дәрі­лік препараттарды пациенттің қалта­сынан бір тиын шығармай береді.

Диагноз қоюда кілтипан көп

Тегін скринингтен өткізіп, ауруды алдын ала анықтауға жағдай жасайды. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын кезеңдерінде жабылып қалған аурухана, фельдшерлік-амбулаториялық пункттер қайта ашылып, жаңадан заманауи орталықтар салынды. Астананың өзінде бүгінгі заманның барлық сұранысына жауап беретін тұтастай клиникалар кластері пайдалануға берілді. Облыс орталықтарында орган алмастыру операцияларына мүмкіндік туды. Бұрын шетелде ғана жасалатын күрделі операциялар бүгінде Үкімет бөлген квотамен тегін жасалады. Алайда жұртшылықтың көңілі арта түсуінің сыры неде? Қазақ «Ауруын жасырған өледі» дейді. Сондықтан олқы тұстың сыры ашылып, оны жою жолында қадам жасалуы тиіс.

Қазір қоғамнан дертіне медет сұ­райтын жандар көбейді. Солар­дың бі­ріне назар аударып кө­релік. «Ауруым асқынып бара жатыр, порталдың да­йын болуы қиынға соғып кетті. Мен əлде де бол­са ақиқат бар деп ойлаушы едім, дәл бүгін сол үмітім үзіліп тұр. Маған «жатырда рактың бас­талуы» деген диагноздың қойыл­ғанына екі айдан асқан. «Сізге шұғыл түрде операция жасау ке­рек» деген еді, міне, әлі хабар жоқ. О бас­та диагноз қоя алмады. «Гиперплазия эндеметрия» деген диагнозбен жүре бер­дім. Əр ай сайын емхана мен аурухананың табалдырығын тоз­дырамын. 4 баланың жалғыз асы­раушы анасымын. Жұмысқа жарамсыз болып жатқаныма – 4 ай, денсаулығым барда ешкімге қол жаймай балаларымды ба­ғып­ жатқан едім. Үкіметтен жəр­­­­дем ақша бөліңіздер десем,­ үш ай сайын құжат тапсыр дей­ді. Оны жиюдың өзі оңай емес. Денсаулығымның жоқ­ты­­ғынан құжат жиюға шыға ал­май, екі рет есімнен танып құла­дым. Балаларым үшін өмір сүргім келеді». Бұл – Алма­ты­ облысының тұрғыны Сә­би­ра­ Шербайқызының әлеумет­тік желіге жариялаған хаты. Бұл мәселе көпшіліктің, «Еге­мен Қа­зақстан» газетінің дәнекер­лігімен Денсаулық сақтау министрлігінің назарына жеткен соң Сәбира ауруханаға жатқызылып, көптен күткен операциясы жасалды, енді химиотерапия алады. 

Сәбираға дәрігерлік көмек көрсетілді, алайда мұндай оқиға жал­ғыз емес. Елімізде квотамен порталға кезекке тұрып, ауруха­наға жатудың кілтипаны көбірек болып кеткендей әсер қалдырады. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі назар аударатын бір олқы тұс – порталға тұрудың ашық­тығына қол жеткізу тәрізді.

Осы мақаланы жазуға дайын­­дық барысында Астана қала­сы­ның емханаларын түгел дер­лік аралап шықтық. Ойымыз дерек­теріміз нақты, мысалдарымыз өмір­ден алынсын деген талап еді. Емханаларға кіріп, адам қарасы көп жиылған бөлменің тұсына келе­міз. Бұл әдетте маманданған дәрі­герлердің бөлмесі болып шы­ғады. Қаралатын көптің бірі тәрізді кезекке тұрып, отырған адамдардың айтқандарына құ­лақ түріп, әңгімеге араласамын. Сонда жиі бас қатыра­тын проблеманың бірі – диагноз қою мәселесі. 

«Сәуір айында жүрегім қысы­лып, жедел жәрдемге жүгіндім. «Тұрғылықты жердегі емханаға барып міндетті түрде қаралуыңыз керек», деді дәрігерлер. Содан бе­рі диагноз қойылуы мұң болды» дейді тағы бір сырқат. Дәрігер­лер­дің өз ісіне салғырт қарауына наразы болған оған алғашында өз учаскесінің дәрігері болмай, тек­се­рілуге бірнеше жолдама бе­ріліпті. Ультрадыбыстық зерт­теуде жүрек қақпақшасы дұ­рыс жабылмайды деп жазылып,­ одан кейін гормондарға ақылы анализ тапсырады. Тағы жүрек­ке қатысты бірнеше жолдама бе­ріледі. Ал келесіде басқа дәрі­гер: «Бұл жолдаманы неге берген, сізде мұндай ауру жоқ» деп, ақырында барлық жолдама да, республикалық клиникадан өткен зерттеудің қағаздары да жарамсыз болып қалды. «Жүрегім қысы­лып, ауа жетпей, түн баласы самал­дықта тұрамын, 70 жастағы атам 3-ші қабатқа менен бұрын шығады, ал мен сол аралыққа де­малып алмасам көтеріле алмаймын. Бес айдың жүзі болды, жағ­дайым жақсарған жоқ, тарс-тұрс еткен жүрегімнің соғысынан шо­шимын, диагнозым болса қойы­лар емес», дейді ол.

Тағы бір кейіпкеріміз «белдің ауруы­ның бебеулеткені сондай,­ аяғым басылмай қалды» деп бас­тады назын. Мейіргер қыз келіп тыныштандыратын екпе егеді, ауруым азайып ұйықтап қаламын. Оян­сам мең-зеңмін, солай мәңгі­ріп жатқанымда тағы екпе салады, тағы ұйықтаймын. Бір күні: «Қалқам, осы маған не бе­ресің, сендер келсеңдер болды, кө­зім жұмыла беретін болды ғой», десем, «Апай, дә­рігердің тағайын­дауы бойынша сізге ауруды басатын, ұйықтатын дәрі саламыз», дейді. 10 күн осылай ұйықтатып, ауру­ханадан шығарды. Енді осы ем бе?! Ақылы түрде тағы қа­ра­лып едім, омыртқаға опера­ция жасату керек деді. Осы диаг­нозды аурухана дәрігерлері 10 күн жатқанымда айтқан жоқ. Ең болмағанда жаныңды жылытып, аурудың мән-жайын түсіндірмейді, – дейді налып...

 Мұны жазудағы мақсат – меди­цинаны даттау емес. Осы салада қалам тартып жүргендік­тен дәрігерлер еңбегін біршама білеміз деуге негіз бар. Медицина қызметкерлерінің күн-түн демей ауруы жанына батқан па­циен­тінің қасынан табылып, ажал­мен арпалысып, қаншама адам­ның демі таусылмауы жолында күресетінін көз көріп жүр. 500-600 грамм болып туған ша­рананы адам қатарына қосып, алақандай сәбиге опера­ция жасап, аман алып қалып жүрген­деріне де куә болдық. Бірақ отан­дық медицинада ана мен баланың өмірі де қыршын қиылып жататын жағдай аз­ емес. Биыл жазда 5 бірдей ана Астанадағы перинаталдық орта­лықта көз жұмды. Бас дәрігер өз өтінішімен орнынан кетті. Егер мұның бәріне аналардың өз ден­сау­лығына жете мән бермей, өмір­ге ұрпақ әкелу жолындағы көзсіз тәуекелге баруы ғана себеп дегенге сенсек, онда бас дәрігер неге орнын босатты? Көпшілік тә­різді біздің де көңілімізге сан сауал ұялайды... 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»