Қазақстан • 06 Қараша, 2018

Астананың түпкі атасы – Бозоқ

3514 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қойнауы тұнған қазына, шежірелі Сарыарқа төсінде салтанат жа­­рас­тырған үшінші мыңжылдық қа­ла­сы – абат Астана тарихында ежел­гі дәуір мәдениеті мен бүгінгі жаһандану өркениетінің берік са­­бақтасқандығы дәл қазір талассыз ақиқат.

Астананың түпкі атасы – Бозоқ

Күні кеше үшінші мың­жылдықтағы жаңа шежіресінің мерейлі жиырма жылдығын атап өткен бас қаламыздың ғұмырнамасы сонау бір Дешті-Қыпшақ заманында дәуірлеген Бозоқ қаласынан бастау алады. Бұл туралы Астана қаласы төңірегінің толық археологиялық картасын жасауға алғаш бастамашы болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «...ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы, ал оның соңғы тікелей мұрагері қазіргі Қазақстанның елордасы – Астана қаласы деп есептеуге болады», деп атап көрсетті.
­­­­­­

Нұра мен Есіл өзендерінің сағасын­дағы ортағасырлық қала­лар туралы алғашқы деректер Ресей империясы Бас штабының тапсырмасы бойынша 1816 жылы Есіл мен Нұра аумағын зерттеген кен инженері Иван Шангиннің күнделігінде келтірілген. Оның­ бұл күнделіктері 1820 жылы Ресейдің императорлық «Си­­­бир­ский вестник» журналын­да жарияланған. Осы ерте ор­та­­ғасырлық қалалардың жұрна­ғын табу жұмысымен өткен ға­сыр­дың 50-70-жылдарында халқымыздың біртуар пер­зенттерінің бірі Әлкей Марғұлан да айналысқан. Алайда Астана қаласы төңірегінде орын тепкен Бытығай және Бозоқ қалала­рының орны тек елі­міздің астанасы Алматыдан Ақмолаға көші­рілген кезеңде анықталды. Мем­лекет басшысының тікелей тапсырмасымен Бозоқ қаласының орнын 1997 жылы тауып, 1998 жылы алғаш археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген академик, Есіл археологиялық экспедициясының негізін қалау­шы және жетекшісі, марқұм Кемел Ақышев болатын.

Бозоқ қаласы Есіл өзенінің сол жағалауындағы Бұзықты кө­лі­нің шығыс жағында, Есіл өзенінен өтетін дәстүрлі өткел – Қараөткелден оңтүстік-шығыс бағытқа қарай 5 шақырым қа­шықтықта орналасқан. Қазіргі кезде бұл археоло­гиялық нысан­ның аумағы Астана қала­сы­ның шеңберінде қалған. Бұл ар­хео­логиялық ескерткіш үш бөліктен – орталық және шет жағындағы екі бөліктен тұрады. Олардың әрқайсысы орлармен, бөгеттермен қоршалған. Осы орталықтан 70 метр солтүстікке қарай жер үй кейпіндегі тұрақ­тар, құдықтар және өзеннен тар­тылған егін суаратын арықтар орналасқан. Орталықтан 40 метр оңтүстікке қарай қыш кір­піш­тен құйылған мазарлар мен кесенелердің қалдықтары сақ­талған. Археологиялық ескерт­кіштің төртінші құрылымы қа­ланы шығыстан солтүстікке қарай қор­шаған қорғандар мен орлардан тұрады. 

Осыдан біршама уақыт бұрын біз кезінде өсіп-өркендеген ор­таға­сырлық қаланың археология­лық деректерін білу мақсатымен Бозоқ қаласын алғаш ашқан, 1998 жылы осы өңірде тұң­ғыш­ қазба жұмыстарын жүр­гіз­ген Есіл архео­логиялық экспе­дициясының негізін қалаған академик Кемел Ақышевтың ізін жалғастырушы, К.Ақышев атын­дағы археологиялық ғылыми-зерттеу инсти­тутының директоры, ЕҰУ профессоры Марал Хабдулинамен әңгімелескен бола­тынбыз. Сонда Марал Қа­лым­жанқызы бүгінгі елорда­мыз­дың түпкі атасы саналатын ортағасырлық қала туралы ғы­лыми-зерттеу деректерін жан-жақ­ты тілге тиек еткен еді. 

«Қазба жұмыстарының барысында біз бұл археологиялық ескерткіштің ғұ­мырын үш ке­зеңге бөліп қарастырдық, − деп бастаған еді әңгімесін Марал Хаб­дулина. − Бірінші кезең кө­не түркі дәуірінен бастау ала­ды.­ Яғни, Бозоқ қаласының орнынан табылған үш төртбұрыш формасындағы алаңдардағы жәдігерлер VIII-IХ ғасырларға жат­қызылды. Бұл жәдігерлер аумағы 12 636 шаршы метрді алып жатыр. Сондықтан Бозоқ қаласы көне түркілердің әскери ордасы – резиденциясы болған. Екінші кезең Қазақстанның Ұлы Даласында Қыпшақ хандығы дәуірлеген Х-ХІІ ғасырларға жатады. Бұл кезеңде Қыпшақ тайпалары көне Бозоқ қаласының айналасын қоршаған орларды қайта тазалап, ішкі алаңдарды саз балшықпен әрлеген екен. Орталықтағы үш квартал аума­ғына қайтадан жер үйлер тұрғыз­ған. Бұл көне тұрақтардың ма­ңайы­на бақша салып, егін еккен. Суармалы егістік дамыған. Оған арық, канал жүйелері тү­рін­дегі суармалы егіншілік мәде­ниетіне тән жәдігерлер дәлел. Көне Бозоқ қаласының үшінші кезеңі – көне қала қоныс тепкен орынның бергі уақытта мұсыл­мандықтың діни орталығы бол­ған­дығын көрсетеді. Бозоқ шежіре­сі­нің үшінші кезеңі ХІІІ-ХІV ғасыр­лардағы алтынордалық дәуір­­ден біздің заманымызға дейін жал­ғасқан. Бұл кезеңде көне Бо­зоқ қаласының орны Нұра-Есіл төңірегіндегі халық­тың атақты тұлғаларын жерлейтін қа­­сиетті мекен болып саналған. Түркі тек­ті көшпенділер Еуразия кеңістігін алғаш қоныстанған кезде өздерінің елді мекендері мен тұрақтары үшін таби­ғи қорғаныс ерекшеліктері бар сулы-батпақты өңірлерді таң­даған. Бұл жау­гершілік заманда шапқыншылардың батпақты өңірлерде кең соғыс қимыл­дарын жүргізе алмайтындығына байланысты болған. Мұндай «батпақты аймақтағы қалалар» мысалына Арал өңіріндегі оғұздар, Дағыстандағы Терек өзенінің жағасындағы батпақты өңірлердегі хазарлар тұрғызған қала­ларды келтіруге болады. Бозоқ қа­ласы да осындай то­по­­графиялық қасиет­терімен ерек­шеленеді. Ол Есіл өзенінің саға­сындағы батпақты өңірге қоныс тепкен. Осы арқылы екі тиім­ділікке қол жеткізілген. Бі­рін­шіден, бұл − қорғаныс үшін қолайлы болса, екіншіден, егін­ші­лік­пен айналысуға таптырмайтын кеңіс­тік. Бозоқ қаласының батыс жағы Бұ­зықты көлімен қорғалса, шығыс жағы батпақты болып келеді. Ал қаланың оңтүс­тік аймағы қолдан жасалған орлармен қоршалған».

Қазақ археологиялық ғылы­мына өш­пес қолтаңбасын қал­дыр­ған дарынды ғалым, академик Кемел Ақышевтың игі іс­терін жалғастырушы, атақ­ты ғалым негізін қалаған Есіл ар­хео­логиялық экс­педиция­сының бүгінгі жетекшісі, профессор Марал Қалымжанқызы орта­ға­сыр­лық дәуірге жататын қаланың неге «Бозоқ» деп алынғаны туралы да бұл­тартпас ғылыми негіздерге сүйенген тұжырымдарды алға тартқан еді.

«Түркі тілдес және моңғол тай­пала­рының арасында үшке бөлінген әске­ри лагерьлерді − ордатұрақтарды ұйымдас­тыру ежелгі дәстүр болып табылады. Орта­ғасырлық мемлекеттердің үшке бөлінген әкімшілік құ­рылымы жазба дерек­терде де қолданылған. Орду – ор­та­лық, бузук – шығыс қанаты, учук – батыс қанаты. «Бузук» тер­мині бүгінгі күн­ге дейін келген Бұзықты көлінің атауында сақ­талған. Бозоқ қаласы осы Бұзықты көлінің жағасында ор­наласқан. Сон­дықтан біз бұл архео­логиялық ескерт­кішті Бозоқ қалашығы деп ата­дық. Тағы бір айта кететін мәселе, «бо­­зоқ» – түркі-оғыз термині. Яғни, көне түркі мемлекеттерінің әкімшілік құры­лымының шығыс бөлігінің атауы. Түркі-оғыздың бузук (боз оқ) термині – тесіп өтетін жебе немесе ақ жебе деген ұғымды білдіреді. Сонымен бірге түркі ұғымында «боз» сөзі боз дала, ақ селеулі құтты қоныс дегенді айғақтаса керек», − деп түйіндеді әңгімесін К.Ақышев атындағы археологиялық ғылыми-зерт­теу институтының директоры. 

Елорданың төл құрдасы Есіл архео­логиялық экспедициясы соң­ғы кезеңде Ас­тана қаласы әкімдігінің қолдауымен қала маңындағы Күйгенжар елді меке­нінің жанында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Экспедиция жетекшісі Марал Хабдулинаның айтуынша, сақ дәуірінің жәдігерлері табылған «Күйгенжар-1» және «Күйгенжар-2» қорғандарының қойнауына бүккен тылсым сыры терең. Алдағы уақытта архео­логиялық қазба жұмыстарының барысында бас қаламыздың шежіресін құнды тарихи жаңа­лықтармен байытатын жаңа деректер ашылмақ. 

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйі­­ніне» келетін болсақ, Сары­ар­қаның төсі­­мен жарыса ағатын қос өзен – Нұра мен Есіл жаға­лауы ежелден-ақ дала­лық­т­ардың құтты қонысы, қасиетті меке­ні болған. Бозоқ қаласы бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның бас қала­­сы – Астананың шежіресі сонау көне дәуір тарихымен са­бақ­тасатындығын айғақтайды. Бозоқ қаласы көне дәуірде Батыс пен Шығысты жалғастырған атақты Жібек жолының елеулі ор­талық­тарының бірі болса, Астана бү­гінгі Батыс пен Шығыс өркениетінің алтын көпіріне айналды.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»