Қазақстан • 06 Қараша, 2018

Қазақстан – Еуропа мен Азия арасындағы цифрлы көпір

821 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Астанада Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ұйымдастыруымен, «Зерде» Ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ және Astana Hub халықаралық технопаркінің қолдауымен «Digital Bridge» халықаралық инновациялық форумы өтті.

Қазақстан – Еуропа мен Азия арасындағы цифрлы көпір

Форумға халықаралық ІТ-қоғамдастығының белді өкілдері, технология саласындағы танымал сарапшылар, кәсіпорын басшылары, технологиялық кәсіп­керлер, түрлі елдердің мем­лекеттік секторларының өкілдері, ға­лымдар, цифрлы әзірлемелер саласының кәсіби мамандары, сонымен қатар венчурлық ка­пи­­талистер мен инвес­торлар қатыс­ты.

Шараға арнайы келген Үкі­мет басшысы Бақытжан Сағын­таев өз сөзін Эстония Премьер-ми­нистрі Юри Ратас пен Ресей­дің Цифрлы даму, коммуникация және бұқаралық ақпарат министрі Константин Носковқа алғыс айтудан бастады.

– Осындай халықаралық дең­гейдегі шараны өткізу арқылы Астанада Еуропа мен Азия арасындағы инновациялық көпір құрғымыз келеді. Одан бөлек, қазақстандық кәсіпкерлер мен жастарға шетелдік кәсіпкерлер мен тәжірибелі мамандармен кездесіп, кеңес алып, сұхбат құру мүмкіндігін беру де ойымызда бар еді. Бүгінгі шара арқылы осы мақсатымызға жеттік деп ойлаймын. Бұл бастама болашақта жалғасын тауып, үлкен байла­ныс­тар орнататын алаңға айналады деп сенемін, – деді Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев.

Премьер-Министр бүгінде әлем­нің жылдам өзгеретінін, өзара байланыс орнату үшін мүд­делі мемлекеттер бір-бірімен қарым-қатынасты күшейте түсу керек­тігін жеткізді. 

– Байланысты интернеттің көмегімен де орнатуға, өзіңнің пікіріңмен бөлісуге мүмкіндік бар. Сондықтан бұл форум бола­шақта жалғасын тауып, жыл санап арнасы кеңейе түседі деп ойлаймыз. Бұл үлкен байланыстар жасалатын алаңға айналады, – деген Премьер-Министр «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан іс-шара­лардың бірқатарымен бөлісті. 10 жыл бұрын мем­лекеттік қызметтердің цифр­лы режімге өтуінен бастау алған жоба бүгінде  тек қызмет­терді емес, экономиканы цифрландыру мақсатында жұмыс істеп жатқанын айтты.

– Президентіміз цифрландыру экономикаға қатысты болуы керегін айтты. Үкімет мұндай қыз­метті өз мойнына алып отыр. Ең бірінші кезекте бұл цифр­лы форматта мемлекеттік қызмет­тердің толық көлемін ұсыну­мен байланысты. Қазіргі таңда еліміздегі бірқатар салалар цифр­лы жүйемен жұмыс істейді. Ден­саулық сақтау мен білім беру саласы толықтай цифрлы жүйеге көшті. Ата-аналар «Күн­делік» бағдарламасы арқылы бала­ларының үлгерімі туралы мәлімет ала алады. Соңғы 8 айда цифрлы жүйемен 13 миллион қыз­мет көрсетілді, – деді.

Үкімет басшысының ай­туынша, алдағы уақытта бизнес­ке қызметтерді ұсыну цифрлы форматқа көшіріледі: оларға өз өндірістерінде цифрландыруды енгізуге үлкен мүмкіндік берілген. Алда еңбек өнімділігін арттыру және өндірісті жаңғырту бойынша көптеген шаралар өткізу міндеті тұр. Бұл үшін цифрлы экономиканың жаңа бағыттары бойынша тұрақты дағдыларды қамтамасыз ету мақсатында кадрларды даярлап, мамандарды қайта оқыту қажет. Осыған орай, мемлекет заңнамаға енгізілген өзгерістер түрінде бизнеске қолдау көрсетуде.

– Astana Hub халықаралық IТ-стартаптар технопаркінің ашылуы да біздің стартап-бизнесті дамытуға берілген мүмкіндік. Мұнда да заңнама толығымен өзгертілген. Біздің аумақта Қа­зақ­­стан резиденттері ғана емес, сондай-ақ осы жердегі мүмкін­дік­терді пайдаланып, қатысу­ға ниет білдірген шетелдік ком­па­нияларға да жұмыс істеу мүм­кіндігі қарастырылған. Astana Hub-тың шетелдік қаты­су­шылары үшін визалық және еңбек режімдері заңнама тұрғысынан жеңілдетілген. Бүгінде технопарк резиденттері үшін салық салуды оңайлату, түрлі нарықтарда сұранысқа ие болатын өнімді дайындауға қолайлы жағдай жасау мақ­сатында гранттық қол­­дау мен тиісті баспанамен қам­тама­сыз ету бойынша жұ­мыстар жүр­гі­зіліп жатыр. Бү­гінде бүкіл ел аталған бағдар­лама элемент­терін өмірде жүзеге асы­руға жұмыл­дырылған. Менің­ше, келесі цифрлы форумда же­тістіктер жайында айтатын боламыз, – деді Б.Сағынтаев.

Б.Сағынтаев, сонымен қатар Қазақстандағы кей салалардың кенже қалуына себеп болып отыр­ған бірқатар объективті себеп­терді де атап өтті. 

– Қазақстан аумағы өте үлкен, жер көлемі бойынша әлем­де 9-шы ел. Халық саны өте аз, шашыраңқы қоныс­тан­ған. Қазақстанда 7 мыңдай елді мекен бар. Егер біз олардың әр­қайсысына кеңжолақты интер­нет жеткізетін болсақ, онда оған ақшамыз жетпейтін еді. Соңғы ауылға жеткізгенімізше технология да өзгеріп кетуі мүмкін. Қа­жеті де болмай қалуы ықтимал, – деген Үкімет басшысы ауылдарға интернет жеткізудің өзге жолын таңдағанын баса айтты.

– Біз тірек ауылдарды дамытатын боламыз. Бізде олардың саны мыңнан асып жығылады. Олар ең бірінші кезекте дамытылып, ең алдымен кеңжолақты интернетке қол жеткізетін болады. Жұмысты бастап та кеттік, 2021 жылы аяқтаймыз. Біздің осындай ауқымды міндетіміз бар, оны жылдам шешуіміз қа­жет, – деді Б.Сағынтаев.

Сөз соңында Үкімет басшысы жас бизнесмендерге өз өнімдерін жа­сауда зор табыс тіледі. 

Сонымен қатар шараға қа­тысқан Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев форум арқылы еліміздің алға қойған мақсаттарының жүзеге асуына даңғыл жол ашылғанын айтты. 

– Биыл Қазақстан үшін ерекше жыл болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы то­лық іске асырыла бастады. Бұл – бүгінде мемлекеттік сая­сат­­тың басым бағыттарының бірі. Бағ­дарлама экономиканы жаңғыртып, елімізде жаңа тех­но­ло­гиялық кеңістік құрады. Ал бү­гін көз алдымызда ұлттық инно­вациялық экожүйеміз пайда болып жатыр. Ертең Елбасының өзі халықаралық «Astana Hub» IT стартаптар алаңын ашады, – деді Д.Абаев. 

Министр атап өткендей, бұл – Қазақстанның технологиялық дамуындағы жаңа дәуірдің басы. 

– Ұлы Жібек жолының басты мұрагерлерінің бірі ретінде біз көлік магистральдарының торабы ғана емес, сонымен қатар Еуропа мен Азияның арасындағы цифрлы көпір боламыз. Қоры­та айтар болсақ, форумға қаты­сып отырғандарыңыз үшін барлығыңызға жемісті еңбек пен қызықты пікірталас тілеймін, – деп сөзін түйіндеді министр.

Форум аясында Digital Bridge Awards сыйлығын беру рәсімі өтті. «Цифрлы Қазақстан» бағ­дар­ламасы аясында көлемді шоғыр­ландырылған жұмыс жүргізілді, қазақстандық экономиканың барлық секторында цифрландыру бойынша жобаларды талдап, бағалаған әрбір мемлекеттік органда офистер құрылды. «Үздік IТ-компания» номинациясында сыйлық «Documentolog» (қағаз тасымалдаушы арқылы жүргізілетін жұмысты қыс­қар­туға, кадрлық іс жүргізуді автоматтандыруға мүмкіндік беретін алғашқы қазақстандық платформа) жобасына берілді. «Үздік цифрлы офис» аталымында «Оңай» (қоғамдық көлікте жол ақысын электронды төлеу құралы) жобасы жеңімпаз атанды. «Үздік цифрлы бастама» номинациясының марапаты Денсаулық сақтау министрлігіне орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер арасындағы үздік цифрлы офисі үшін берілді.

Осылайша шараға қаты­су­шылар форумның үнқатысу алаң­ында цифрландыру саласындағы соңғы әлемдік трендтерді тал­қылап, алдыңғы қатарлы тәжі­ри­белермен және бизнес-модельдермен бөлісті. Digital Bridge форумы цифрлы трансформация, электронды үкімет, технологиялық кәсіпкерлік және 4-өнеркәсіптік революция идея­ларын ілгерілетуге арналған Еу­ропа мен Азия елдерінің арасындағы үнқатысу алаңын құрай­тын дәстүрлі шараға айнал­мақ.

Дипак Чандра Мисра, Үндістан Ұлттық ақпараттық орталығы (NIC) бас директорының орынбасары: 

– Астанаға келгеніме бүгін бесінші күн. Қазақстан халқының қандай да бір жаңалыққа ашықтығына таңғалдым. Жастары – алғыр, білімге құштар. Қазақстанға келуімнің басты себебі – электронды үкімет бағдарламасымен танысу. 

Үндістанның Ұлттық ақпараттық орталығы мемлекетті цифрландыруды өз міндетіне алған болатын. Бұл тұста Қазақстан бізден бір қадам алда. Осы сапарымда e-gov жүйесімен танысып, өз білгенімді де ортаға салуға келдім. Қазақстан мен Үндістан арасында бұдан басқа ортақ инновациялық жобалар болады деп үміттенемін. 

Крейг Смит, Dhahran Techno Valley бас директоры: 

– Қазіргі таңда мен Сауд Арабиясында жұмыс істеп жүрмін. Ол жақта бизнес зерттеу институттары өте көп. Әсіресе энергетика саласындағы зерттеу институттарының жұмыстары қарқынды дамуда. Энергетика саласы бүгінде технология мен цифрландыру саласымен тығыз байланысты. 

Жалпы, цифрландыру – тек Қазақстанның емес, әлемнің барлық мемлекеттерінің күн тәртібіндегі тақырып. Сондықтан Astana Hub цифрландыру мәселелерін талқылайтын, кәсіпкерлер мен іскер адамдарды бір ортада жинайтын, түрлі семинарлар мен дәрістер оқылатын алаңға айналады деп ойлаймын.

Камран Элахиан, Global Catalyst Partners венчурлық капитал фирмасының төрағасы: 

– Мұндай жүзбе-жүз кездесулер жаңа бастамаларға, үлкен жеңістерге негіз болады. Қазақстанда кәсіпкерлерге қолдау жақсы көрсетілген. Мемлекет тарапынан бөлінетін гранттар көп. Қазақстан жастары да білімге құштар, жаңашылдық жолында. Менің ойымша, қазір жастарға мүмкіндік беруден қорықпау керек.  

Мәселен, тегін грант пен ақшалай көмек бермес бұрын, оның сұрауы барын ескертсек, міндеті айқын болады. Цифрландыру мен инновация жастардың қолында. Сондықтан осындай шаралар жастарды жігерлендіріп, жаңа ой саларына кәміл сенемін.

Бауыржан МҰҚАН,

«Егемен Қазақстан»