Руханият • 06 Қараша, 2018

Ардагерлер ұйымының Қазақстан жастарына арналған «Жарқын болашақ – жастармен» атты Үндеуі

404 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ардагерлер ұйымының Қазақстан жастарына арналған «Жарқын болашақ – жастармен» атты  Үндеуі

Біз, аға буын өкілдері, еліміздің ертеңі болатын жастарға зор үміт артамыз. Елдік пен Тәуелсіздіктің киелі көк Туын асқақтата желбірететін – жастар, сіздер боласыздар. Біздің  алдымыздағы аға ұрпақ – Отанды сүю мен елге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетті. Олар елін жаудан қорғап, тұралаған халық шаруашылығын қалпына келтірді, қиын-қыстау заманда қажыр-қайраттарын аямай жұмсап еңбек етті. Бүгінгі біздің аға буын − Тәуелсіз Қазақстанның құтты іргесін қалаушылар!

Патриотизм жайлы айтуға біздің толық құқымыз бар. Аға буынның айтары – нақты  іс-тәжірибеден туындаған үлгі-өнеге, ғибратты тағылым.

XXI ғасыр –  жаһандық жас, қуатты және талантты адамдардың дәуірі. Бізді сіздердің азаматтық позицияларыңыз, білімге құштарлықтарыңыз, инновацияға ашық болуға талпыныстарыңыз қуан­тады. Отанымыздың өркендеуіне үлес қосып жүрген  жастар аз емес. Әлем жұрты көп ұзамай жас қазақстандық мықты ғалымдар, дәрігерлер, инженерлер, талантты музыканттар мен спортшылар туралы естіп-білетін болады. Елімізде жастардың әлеуетін дамытуға және жүзеге асыруға қажетті жағдай мен мүмкіндіктер молынан жасалуда. Атап айтқанда «100 нақты қадам», «100 жаңа есім», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Бизнестің жол картасы-2020», «Дипломмен – ауылға!», «Болашақ», «Жасыл ел», «Қолжетімді баспана», «7-20-25» бағдарламалары арқылы Ұлт жоспарында жастарды қолдауға бағытталған шаралар көптеп қарастырылған. Мемлекетімізде жасалып жатқан мақсатты  жұмыстар сіздер үшін, сіздердің болашақтарыңыз бен елі­міздің көркеюіне кең арна ашады.  Қазақстан дамыған қуатты 30 елдің қатарында болуы үшін сіздердің қажыр-қайратыңыз қажет. Сіздер алған білімдеріңіз бен күш-жігерлеріңізді барынша пайдалана білсеңіздер ғана ел болашағы жарқын болып, Елбасы Жолдауындағы қойылған мақсат-міндеттерге  жетеміз.

Еліміздің келешегі кемел болуы, гүлденіп-өркендеуі  жастардың білім деңгейі мен бәсекеге қабілеттілігіне тікелей байланысты. Жастарымыз білімді болса, ол − еліміз үшін  интел­лектуалдық капитал.

Сондықтан  жастарымыз үздіксіз ізденіп, білімдерін жан-жақты жетіл­діруге, қазіргі жаһандық алмағайып­тар кезінде заманауи талаптардың үдесі­нен шығуға ұмтылуы тиіс. Отан әрбір қазақ­стандықпен бірге еліміздегі өзгерістер үдерісіне жастардың да белсенді атсалысуын талап етуге хақылы. 

Сіздердің алдарыңыздан ата-бабалар армандап көрмеген ғаламат мүм­кін­діктер ашылуда. Біздің жеңісті жолымыз бен жасампаз дәстүрімізді сіздер лайықты жалғастырасыздар деп сенеміз. 

Жастар еліміздің экономикасына, әлеуметтік салаларына, қоғамдық өміріне де, ғылым мен мәдениетіне де, жалпы руханияты мен заңдық-құқықтық-тәртіптік тұрғыдан жақсарып кемелдене түсуіне де өз үлестерін қоса­ды. Сонымен бірге жастар бабалар аманатына адал болып, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болуы керек. Ұлттық кодымызды көздің қарашығындай сақтап, ана тіліміздің мәртебесін көтеруге үлес қосыңыздар.  Көпұлтты еліміздің бір шаңырақ астында тату-тәтті, ынтымақта өмір сүруі – біздің елдің зор жетістігі.  Дәл осы жетістікті одан әрі биік тұғырға көтере беріңіздер.

Елбасы өз Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Қазақстанның жарқын болашағы –   жас­тармен!  Аға буын жастарға сенеді!

Үндеу Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы Орталық Кеңесінің семинар-кеңесінде қабылданды