Қазақстан • 06 Қараша, 2018

ШҚО-ның Тарбағатай ауданында жылыжайлары бар балабақша жұмыс істейді

812 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жылыжайы бар, гүл сататын дүкені бар, тіл үйрететін орталығы бар әмбебап балабақша көргеніңіз бар ма? Көрмесеңіз, Тарбағатай ауданының шалғайындағы, шекара шебіндегі Ақжар ауылына барыңыз. Шынында, ғажап!

ШҚО-ның Тарбағатай ауданында жылыжайлары бар балабақша жұмыс істейді

Суреттерді түсірген - автор

Арзан қияр - Ақжарда

Әуелі жылыжайдан бастайық. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, балабақша аумағында бір емес, екі жылыжай бар. Алғашқы жылыжай 2014 жылы БҰҰ жобасы арқылы ашылып, жұмысын 2015 жылдың қыркүйегінде бастапты. Екінші жылыжай аудан әкімдігінің қолдауымен, жергілікті бюджеттен қаржы бөлуімен 2016 жылы іске қосылыпты. Қысы-жазы жұмыс істейтін жылыжайларда қияр, қызанақ, баклажан, түрлі дәмдеуіштер (аскөк, сарымсақ) пен гүлдің бірнеше түрі өсіріледі. Балабақша бүлдіршіндердің тамағына қажет жеміс-жидекті сырттан тасымайды. Бәрі өздерінде. 1964 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Балауса-балғын» балабақшасының директоры Алмагүл Құсайынова жылыжайларда қиярды жылына үш маусым отырғызып, өнім алуға мүмкіндік бар екенін айтады. «Үш маусымда бір жарым миллион теңгеге дейін табыс табамыз. Мәселен, бір маусымда 600 келіге дейін қияр жинаймыз. Біздің жылыжайда өсірілген қиярларды Ақжардағы мектептер мен мемлекеттік мекемелер сатып алады. Қарапайым халық та осында келеді. Себебі, бізде баға төмен. Базардың бағасынан 100-150 теңге арзанға сатамыз. Базарда қыс мезгілінде қияр 1200 теңгеден сатылса, біз 900-ден сатамыз. Екіншіден, біздің қиярлар экологиялық жағынан таза. Ешқандай қоспа жоқ. Базардағы қиярлардың жан-жақтан әкелінгенін өздеріңіз де жақсы білесіздер», - дейді тәжірибелі педагог.

Базар демекші, сол базарда қияр сататындардың өзі үйіне керек қиярды балабақшадан келіп алады екен. Балабақшаны баққа айналдырған ақжарлық ағайындардың бағбандығы облыстың өзге де аудандарын қызықтыра бастаған секілді. Жақында Тарбағатай ауданына іргелес Зайсан мен Марқакөлден бизнесмен жігіттер келіп, тәжірибе алмасып, жылыжай жұмысымен танысып қайтыпты.  

Тарбағатайдағы жалғыз гүл дүкені

Балабақша аумағында былтыр ғана ашылған Гүл дүкені де жұмыс істейді. Тарбағатай ауданындағы жалғыз Гүл дүкені. Ақжардың өз басы мен ауыл-ауылдарын былай қойғанда, аудан орталығы – Ақсуаттан, тіпті іргедегі Көкпекті ауданының тұрғындары да осы дүкеннен гүл сатып алады екен. Өйткені, мұндағы гүлдің бағасы да арзан. Мәселен, қалада 7 тал раушан гүлін үш жарым-төрт мың теңгеге алсаңыз, Ақжардағы ең қымбат деген гүл дестесі мың жарым теңгеден аспайды. Дүкенде той-томалаққа, туған күнге, түрлі мереке кезінде сыйлауға, үйге апарып өсіруге де болатын гүлдер де бар. Гүлдерді жазда балабақша ауласында өсірсе, қыста жылыжайларда, тұқымбақта баптайды. «Дүкенімізде гүлдің 100-ге жуық түрі бар. Тропикалық гүлдер де бар. Аулада гүлдің 70-80 түрі өседі. Әсіресе бөлме гүлдері мен раушан гүлі жақсы өтеді», - дейді Гүл дүкенінің қызметкері әрі сатушысы Айгүл Хасенқызы.

Балабақша аумағында гүл дүкенін ашу идеясын аудан әкімі Ділдәбек Тәжібайұлының өзі айтыпты. «Жылыжайды біршама меңгердіңдер. Енді гүлдер дүкенін ашсақ қайтеді» деген соң бірден іске кірісіп кеттік. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, Гүлдер дүкенін балабақшаның өзінің 2014-2015 жылдары тапқан табысына жасаттық. Ішіндегі гүлдерін қоспағанда 1 миллион, 200 мың теңгедей шығын шықты. Қазір біздің өсірген гүлдерді аудандағы мекемелер, мектептер, Мәдениет үйлері сатып алып жатыр. Биыл ауданды толығымен гүлмен қамтамасыз еттік. Бұдан екі-үш жыл бұрын аудан әкімдігі гүлдерді тегін алып жүрсе, былтырдан бастап аудан әкімінің тапсырмасымен сатып алып жатыр. Біле білген адамға гүл өсіру дегеніңіз ғажап дүние. Біздің балабақшаның ересек топтарындағы бүлдіршіндер де гүлдерді түптеуге баптауға, гүл көшеттерін көшіруге көмектеседі. Баланы ерте бастан еңбекке баулу деген осы емес пе?», - деген Алмагүл Шүренқызы жуықта көршілес Көкпекті ауданының мектептері мен балабақшаларының өкілдері Ақжардың гүл өсіру тәжірибесімен танысып, арнайы келіп, көріп кеткенін жеткізді.

Бұл жердің бүлдіршіндері памперс кимейді

Әуелде таңғалдым. Бірақ рас екен. Балабақша меңгерушісі жіпте жайылып тұрған бөбектердің іш киімдерін көрсетіп: «Ақжардың бүлдіршіндері памперстің не екенін білмейді. Балабақша қызметкерлері аналарының қызметтерін атқарып, киімдерін осылай жуып-шаяды, іліп қояды» деген сәл жымиып.

Иә, бүгінде бұл балабақшадағы 10 топта 203 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Оның 46-сы 7 айдан 1 жарым жасқа дейінгі балғындар. Қалғандары 2 жастан 6 жасқа дейін қабылданады. Балабақша меңгерушісі Алмагүл Шүренқызы сөз арасында қазір 9 айдан бір жарым жасқа дейінгі балаларды балабақшаға әкеліп, жұмысқа шығуға асығатын ата-аналардың көбейгенін айтып қалды.   

Балабақша ішінде 12 үйірмесі бар инновациялық орталық та жұмыс істейді. Мұнда талапты балалар спортпен шұғылданады, сурет салады, ән айтады, ағылшын тілін үйренеді. Ал балабақша аумағындағы осыдан біраз жыл бұрын сол кездегі облыстық білім басқармасының басшысы болған Айжан Садықованың бастамасымен Өскемендегі «Дарын» орталығының филиалы ретінде ашылған «Валео» орталықта Ақжардағы гимназияның мұғалімдері ауылдың балаларына ағылшын тілін меңгертуге көмектеседі екен.  

Ақжардағы балабақшаны сөз еткенде осы тәрбие ошағында табан аудармай 38 жыл еңбек етіп, 36 жылдан бері басқарып келе жатқан Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы, Елбасы Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған Алмагүл Құсайынованың жанқиярлық еңбегін бөліп айтпасқа болмайды. Жанқиярлық еңбек деп отырғанымыз, елдің жағдайы қиындаған Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында, аудандар тарап, бір-біріне қосылғанда Алмагүл Шүренқызының Ақжардағы иесіз қалған балабақшаны сақтау үшін амалсыздан цех ашып, жүн қабылдап, көрпе-жастық тіккені, дәмхана, қонақүй ашып, тәрбие ошағын 2010 жылға дейін өз күшімен, қайрат-жігерімен ұстап, бірнеше адамды жұмыспен қамтығаны жанқиярлық емей немене? «Сол кезде көп кісі жұмыстан кетті. Балабақшада 7-ақ адам қалдық. Өмір сүру керек болды. Балабақшаны сақтау керек болды. Бәрін істедік. Жүнді қабылдап, оны қолмен жудық. 100-ге жуық инкубатор тауығын әкеп, мамығын пайдаландық. Әупірімдеп жүріп 60 баланы ұстадық. Өзімізді өзіміз асырап, 32 адамды жұмыспен қамтыдық. Құдайға шүкір, 2010 жылдан бері мемлекеттік тапсырыс алып, әуелде 2, кейін 4 топ ашып, қазір олардың санын 10-ға жеткіздік. Ұжымымызда ұзын саны 62 адам еңбек етеді», - дейді ұлағатты ұстаз.

«Адамның бір қызығы бала деген» деп ұлы Абай айтқандай, күнәдан пәк, жан-дүниесі ақ парақтай таза бүлдіршіндермен жұмыс істеу, бұрынғы бекзат болмысты ата-бабаларымыздай табиғатқа етене болып, табиғатпен үндесіп, гүлдерді баптау, жеміс-жидек өсіру адамға кенеусіз күш-қуат беретіндей ме қалай? Жұмыстан шаршамайтын, еңбектен ләззат алатын Алмагүл Шүренқызының ендігі арманы – құс фабрикасын ашу. Ақжар ауылынан 3 шақырым жердегі Жаңатілеу ауылынан екі гектар жер алып, бұл іске білек сыбана кірісіп те кетіпті. «Айтпасқа болмайды, бұл идеяны айтып отырған да аудан әкімі Ділдәбек Тәжібайұлы. Ол кісі бізге: «сенімгерлік балабақшаға көшіңдер. Мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеп, қосымша жер алыңдар, құс фабрикасын салыңдар, өздеріңді сүтпен қамту үшін мал ұстаңдар» деді. Жаңағы алған екі гектар жерімізге бау-бақша өнімдерін отырғызып, картоп егіп, сол жерде құс фабрикасын ашсақ па деп отырмыз. Қаз асырасақ, түйеқұс өсірсек дейміз. Қазір жоба-жоспарымызды жасап, есебін түгел шығардық», - дейді ол.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы,

Ақжар ауылы