Әлем • 07 Қараша, 2018

Шахматшы Динара мен Жансая әлем чемпионатының екінші кезеңінде өнер көрсетуде

591 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл күндері Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында шахматтан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты өтуде. Бұл жарыста 28 мемлекеттен келген 64 ойыншылар бақ сынауда.

Шахматшы Динара мен Жансая әлем чемпионатының екінші кезеңінде өнер көрсетуде

Жер жаһанның ең үздік шахматшылары бас қосқан байрақты бәсеке нокаут жүйесі бойынша өтуде. Яғни, жеңіске жеткен үміткер келесі кезеңге жолдама алса, жеңілгені сол мезетте жарысты аяқтайды. Бұл жарысқа Қазақстанның үш спортшы аттанды. Олар – Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік және Гүлісхан Нақбаева. Өкіншіке қарай, Гүлісханның Ханты-Мансийскіде жолы болмады. Аса шиеленісті өткен бәсекеде ол ресейлік Алиса Галлямовадан ұтылып қалып, көрермендер қатарына қосылды.

Ал қалған екі қызымыз алғашқы сынақтан сүрінбей өтті. 22 жастағы Динара Сәдуақасова Испанияның туы астында көрсетіп жүрген 35 жастағы грузиялық шахматшы Ана Матнадзені әдемі ұтты. Есеп – 2:0. 18 жасар Жансая 24 жастағы Үндістанның өкілі Падмини Роуттан басым түсті. Есеп – 1,5:0,5.  

Қазіргі кезде екінші кезеңге жолдама алған ойыншылар жарыс көрігін қыздыруда. Динара Болгарияның беткеұстары, кезіндегі әлем чемпионы 39 жастағы Антоанета Стефановамен шеберлік байқасуда. Жансаяның қарсыласы да өте мықты. Қазақ қызы Қытайдың 33 жастағы сақа ойыншысы Чжао Сюэмен сайысқа түсуде. Олардың екеуінің де қандастарымыздан рейтингі жоғары.  Соған қарамастан Сәдуақасова мен Әбдімәлік атақты шахматшыларға лайықты қарсылық көрсетуде. Бұл межедегі алғашқы партиялардың екеуі де тең аяқталды.

Жүлде қоры 450 000 АҚШ доллларын құрап отырған айтулы жарыс 23 қарашада өз мәресіне жетіп, жаңа әлем чемпионының есімі белгілі болады.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»