Қазақстан • 08 Қараша, 2018

Зейін Әліпбек: ​Қоғамға «Ерекше көзқарас» қажет

551 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Хабар 24» арнасының биылғы телемаусымының басты жаңалығы - «Ерекше көзқарас» бағдарламасы.  Алғашқы хабарынан-ақ көтеретін тақырыбы мен сөйлейтін қонағының салмағымен көрерменнің назарын аударды. Бағдарлама туралы жобаның жүргізушісі Зейін Әліпбекпен аз-кем сұхбаттасқан едік.

Зейін Әліпбек: ​Қоғамға «Ерекше көзқарас» қажет

– Бүгінгі күні сұхбат жанрындағы телебағдарламалар аз емес. Ал енді «Ерекше көзқарастың» осы тектес өзге хабарлардан ерекшелігі неде?

– Ерекшелігі – болған оқиғаға өзгеше ой-пікірдің айтылатындығында. Елімізде, жалпы әлемде болып жатқан жаңалықтар көбіне ақпараттық мазмұнда ғана айтылып, көрсетіліп жатады. Тақырыпты жеке алып, жан-жақты талдау жағы кемшіндеу. Ал, «Ерекше көзқарас» бағдарламасы – беделді сарапшыларды қатыстыра отырып, ең өзекті мәселелерді ашық талқылайтын пікірталас алаңы. Мұнда мәселе сан қырынан сараланып, түрлі көзқарастың айтылуына мүмкіндік беріледі. Қазір қоғамға ерекше пікір айтылатын бағдарламалар қажет. 

- Тақырыпты қалай таңдайсыздар?

Тақырып аптаның маңызды уақиғасына негізделеді. Оны шығармашылық ұжым болып таңдаймыз. Белгілі-бір уақиғаны алып, соған қатысты ой-пікірге кезек береміз. Мәселен, біздің алғашқы хабарымыз доллар бағамының шарықтауына арналды. Дәл сол күндері шетел валютасы күрт қымбаттап кеткен еді. Белгілі экономистен доллардың келешегі жайында сұрадық. Сол секілді бұдан басқа сарапшылардың жемқорлық, жұмыссыздық, дәрі-дәрмек бағасы туралы да көзқарастарын білдік. Жақында ғана бір хабарымызды мұғалімдер мәртебесіне арнадық.

- Студияға келетін қонақтар негізінен кімдер? Шенеуніктермен ғана шектелесіздер ме, әлде...

- Сөзіңіздің төркінін түсіндім. Бағдарламаның басты ерекшеліктерінің тағы  бірі – дәл осы сұхбат берушілерге қатысты. Атап айтқанда, сұхбат беруге қоғам өкілдері көбірек шақырылады. Әдетте, мәселені тереңнен көре білетіндер де, жеріне жеткізе айтатынар да солар. Ал, бағдарламамыздың аты айтып тұрғандай, хабарға негізінен белгілі-бір мәселеге өзіндік ой-пікірі бар қонақты шақыруға тырысамыз. Оқиға қай салада болса, сол саланың маманын сөйлетуді мақсат тұтамыз. Бастысы – айтары болуы тиіс. Сонда сұхбат та қызықты шығады.

- Қанша күйіп тұрған мәселе болса да сұхбат кезінде сабырлы қалпыңыздан аса бермейсіз. Себебі неде?

- Ол – рас. Біз телевизия – тәрбие құралы екендігін мойындауымыз және естен шығармауымыз керек. Тәрбие құралы болғанда ешкім эфирде отырып алып «Мынау – дұрыс, мынау дұрыс емес» деп ақыл айтпайды. Эфирден өтіп жатқан дүние көрерменді өзі тәрбиелейді. Яғни, теледидардан көрсетілетін хабарлардың қоғамға тигізер ықпалы үлкен. Сұхбат беріп отырған адамның сөзін қайта-қайта бөліп, сұрақтармен жағасынан алу – менталитетімізге де, мәдениетімізге де жат нәрсе. Қонақты сөзін тыңдау үшін шақырдың. Әлбетте, ойы шашырап бара жатса айтылып отырған әңгімеге қақпайлап алып келесің. Оңды сөйлеп отырса сөзін бөліп не керек? Ал, өткір сауалды сыпайы қоюға да болады.

- Журналистиканы әлеуметтік желі ығыстырып барады деген пікірге көзқарасыңыз қандай?

- Бұл – мүмкін емес нәрсе. Себебі, екеуі екі бөлек дүние. Бір-бірін ешуақытта алмастыра алмайды. Әрқайсысының өз орны бар.

- Тарқатып айтсаңыз...

- Мәселен, журналистика нақты бір фактіге негізделеді. Жауапкершілік бар. Талдау бар. Ал, мәтінінде қателер өріп жүретін әлеуметтік желіде бұл өлшемдер бола бермейді. Суреттеп айтар болсақ, елдің бәрі көлік жүргізгенмен барлығы бірдей раллиге қатыса алмайтыны секілді, мәтін жаза алғанның бәрі журналист бола алмайды.

- Әңгімеңізге рақмет!

 Әңгімелескен Гүлнұр ДОСБОЛ

«Хабар 24» арнасынан әр жұма сағат 21:30-да «Ерекше көзқарас» бағдарламасын тамашалаңыздар.