Өнер • 09 Қараша, 2018

«Күлтегін» мультфильмін белгілі актерлер дыбыстады

962 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Ұлы түрік мемлекетіне ыдырау қаупі төнеді. Түркілердің бірлігін сақтап қалан Ұлы Елтеріс қаған жаңа мемлекетті құруды көздеген сатқындардың қолынан мерт болады. Тақтың мұрагері Елтерістің ұлы 12 жасар Күлтегін қашып құтылады. Өзінің туған жеріне оралу үшін ол көптеген қиындықтарды басынан өткізеді. Бұл жолда оған түркілердің жебеушісі Көк Бөрі мен туған бауыры Білге көмекке келеді. Басы біріккен олар жауды жеңіп, түркі әлемін құтқарып алады. Білге қағанды таққа отырғызған Күлтегін түркі мемлекетінің әскери қолбасшысы атанады...

«Күлтегін» мультфильмін белгілі актерлер  дыбыстады

Көшпенді халықтардың басын біріктіріп, дәстүрін жалғастырған түрік қағанатының даңқты әскери қолбасшысы Күлтегіннің жастық шағына құрылған, тарихи салмағы мың батпан мультфильмді бесіктен белі шықпаған балаға қалайша «жеңіл» етіп жеткізуге болады? Мың сан суретпен сәйкестендіре отырып, төрт аяғын тең басып, тайпалып тұрған жатық тіл тауып, кейіпкер сөзін жүрекке байлап беретін дауысты орайластыра сюжет құру режиссерлерге оңайға соқпасы анық. Әрине, бала танымында сурет пен дыбыстың орны ерекше, мульфильмдегі қиялды самғататын әдемі суретке, тебірентетін сазды дауысқа оның ересектер секілді елігіп, елітіп қарайтынын байқау қиын емес. Әзірге көргені мен естігеніне ғана сенетін кішкентай көрерменнің жүрегін бірден баурап алатын, сенімі мен сезімін билейтін дауысты меңгеруге кез келген әртістің шеберлігі жете бермейді де. Санасы қалыптаспаған бүлдіршіндер жағымды-жағымсыз кейіпкерлерді ең алдымен дауыс арқылы ажыратады.

Еліміздің барлық кинотеатрында 22 қарашадан бастап прокатқа шығатын толықметражды анимациялық «Күлтегін» мультфильміндегі негізгі кейіпкерлерді еліміздің белгілі театр және кино актерлері дыбыстаған. Қазақстанның халық артисі Нүкетай Мышбаева, Мерей Әжібеков, Динара Әбікеева және Филипп Волошиндер қатысқан мультфильм көрермен қызығушылығын оятып жатса, жетістік сыры сапалы жасалған дубляж жұмысымен тікелей байланысты. Белгілі әртістермен бірге көптеген голливудтық фильмдерді қазақ тіліне дыбыстаған  Рамазан Амантай («Бизнес по-казахски»), Әлихан Байсұлтанов («Семья Базарбаевых») секілді жас актерлер де тарихи кейіпкерлерді аса жауапкершілікпен дыбыстаған.  

Филипп Волошин: Мен бала Күлтегінді орыс тілінде дыбыстадым. Мультфильм кейіпкерлерін дыбыстауды жаным сүйеді, өйткені студия ішінде отырып-ақ дауыстың көмегімен кейіпкеріңнің образын жасай аласың. Кейіпкердің мақсатын, ерекшеліктерін және астарлы әрекеттерін дауыс қана береді. Бұл ретте актер көптеген техникалық машықтармен қарулануы тиіс. Мен үшін мультфильмде жұмыс істеу – өзімді актер ретінде жан-жақты сынап-байқау, тәжірибе жинақтау. 

Рамазан Амантай: «Күлтегінді» көрген кезімде оның голливудтық мультфильмдерден еш кем түспейтінін байқадым. Мен бұл мультфильмде Білге Қағанның бала кезін дыбыстадым. Дубляждағы тәжірибем көп болмаса да, бұл дыбыстаудан ерекше ләззат алдым. Өйткені, менімен бірге досым Әлихан Байсұлтанов та дыбыстауға қатысты. Оның дыбыстауындағы Күлтегінді жайбарақат отырып қарай алмайсың.

Адай Әбілдинов, фильм режиссері: Тарихи кейіпкерлерді дыбыстауда актерлер бар күшін салып жұмыс істеді. Жалпы бәрімізге де «Күлтегін» фильмі баға жетпес тәжірибе берді. Жиырмаға жуық еліміздің үздік компьютерлік графика және анимация мамандары жұмыс істеді. Бір жылдың ішінде ғана бұрын-соңды болмаған анимациялық ауқымды туынды жасап шығара алдық. Бұл халықаралық стандарттар бойынша өте аз уақыт. Алайда, бар күшіміз бен жанымызды  салып жасап шығарған бұл туынды кішкентай көрермендерімізге ғана емес, барлық қазақстандықтардың да талғамынан шығатынына, ұнайтынына сенемін.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ