Қазақстан • 10 Қараша, 2018

Мырзатай Жолдасбеков: Кітаптарымнан басқа байлығым жоқ

1252 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков Елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана қорына жылдар бойы сырласы, мұңдасы болған кітап қорының бір бөлігін табыс етті. 

Мырзатай Жолдасбеков: Кітаптарымнан басқа байлығым жоқ

Жиын «Кітаптарымнан басқа байлығым жоқ» деп басталып, естеліктерге жалғасқан Мырзатай Жолдасбековтің тағылымды әңгімесінен басталды.

Шараға Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі,  Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Бодаубай, Мырзатай Жолдасбековтің немересі – Ақбота Жолдасбекова және Ираннан келген қонақтар мен еліміздің зиялы қауым өкілдері қатысты.

Басқосу барысында профессор кітапхана қорына «Қазақ Совет энциклопедиясының» 12 томдығын және «Большая советская энциклопедия» кітабының 31 томдығын тарту етті. Бұл кітаптар ендігіде «Мырзатай Жолдасбековтің Мемориалдық кітап коллекциясы» залының сөрелерінен орын алып, ел игілігіне қызмет ететін болады. 

Бұл кітаптардың жеке кітапхана қорына қалай түскенін еске алған ол:

«Біздің кезімізде бір жарыс болатын, рухани жарыс. Ел қорына келген кітапты қолымызға ұстай алмасақ дүниенің ең қызығынан құр қалғандай болатынбыз. Мен тіпті Орталық партия комитетінің идеология бөлімін басқарып тұрған кезімде бәрі менің қолымда болса да, бұл кітапты қолға түсіре алмадым. Себебі, мына «Большая советская энциклопедияға» жазылу менен бұрын жүріп кеткен. Бір күні немерем – Ақбота дүкен аралағанда осыны көріпті. Осылайша, 31 томдық кітапты түгел сатып алды», деді.

Кездесу ортасында сөз алған Дархан Қыдырәлі де «құр қол» келмепті, кітапхана қорына Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған «Жамиғат-ат тауарих»  кітабын сыйға тартты:

«Кітап – сырласың да, мұңдасың да, ол – тозбайтын байлық, сарқылмайтын қазына. Мен Мырзатай Жолдасбековтың жеке кітапханасына Рашид ад-диннің «Жамиғат-ат тауарих»  кітабын тарту етемін, нағыз тарих осының ішінде. Кітап кітапхана арқылы ғана ел игіліне айналады», деді Халықаралық түркі академиясының президенті. 

Жиын барысында халқымыздың асыл қазынасына айналған –кітапхана сапасын көтеруге бағытталған ұсыныстар да талқыланды.

Қарлығаш ҚҰРАМЫС,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше