Үкімет • 13 Қараша, 2018

Халықаралық саясаткерлер – Астанада

1483 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Астанадағы Назарбаев орталығында «Астана клубының» IV отырысы басталды. Әлемге танымал сарапшылар, саясаткерлер мен дипломаттардың басын қосып, саяси форум үлгісінде өтетін бұл белді халықаралық алаңның биылғы жиынында дағдарыс пен тұрақсыздық кезеңінде Еуразияға төніп тұрған қауіптер талқылануда. Жалпы, «Астана клубының» ұйымдастырушысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры және осы Қордың жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты.

Халықаралық саясаткерлер – Астанада

IV отырысқа әлемнің 30 елінен келген 50-ге жуық спикер қатысуда. Оның ішінде Аус­трия, Ауғанстан, Бельгия, Мысыр, Италия, Польша, Пор­ту­­галия, Ұлыбритания, Үндіс­тан, Индонезия, Иран, Испа­ния, Қытай, Норвегия, Ресей, Хор­ватия, АҚШ, Швеция және Жапо­ния мемлекеттерінің өкіл­дері бар. 

Шараға экс-президенттер мен бұрынғы премьер-министр­лер, бұрынғы сыртқы істер ми­нистрлері, Нобель сыйлығының лауреаты, геосаясат жөніндегі әлемдік бестселлерлердің авторлары және халықаралық қатынастар, геосясат пен экономика бойынша сарапшылар арнайы келген. Мәселен, спикерлер арасында Ауғанстанның 2004-2014 жылдардағы президенті Хамид Карзай, Пәкістанның 2004-2007 жылдардағы пре­мьер-министрі Шаукат Азиз, Словенияның 2007-2012 жылдардағы президенті Данило Тюрк, Италияның 2002-2004 және 2008-2011 жылдардағы сыртқы істер министрі Франко Фраттини, Португалияның 2002-2004 жылдардағы премьер-министрі Жозе Мануэл Баррозу, 1997-2009 жылдар аралығында МАГАТЭ-нің бас директоры лауазымын атқарған, Нобель сыйлығының бейбітшілік бойынша лауреаты Мохаммед Әл-Барадей және атақ-даңқы мен беделі алысқа кеткен басқа да тұлғалар бар. 

Отырыстың бірінші күні бірнеше секция бойынша ойларын ортаға салып, өзекті мәселелерді тереңнен талдаған сарапшылар негізінен «Үлкен Еуразияға апарар жол: ортақ болашақты қалай құрамыз?» деген басты тақырыпты қаузады. Тақырыптың бұлай алынуының себебі де жоқ емес. Өйткені «Астана клубы» төртінші оты­рысының арнайы сессиясы аясында «2019 жылы Еуразия үшін төніп тұрған әлемдік қауіптер рейтингі» халықаралық зерттеуі көпшілік назарына ұсынылды. Зерттеу жұмысына әлемнің ең үздік отыздан аса сарапшылары мен саясаткерлері қатыстырылған. Атап өтерлігі, олардың пікіріне мемлекет басшылары, халықаралық институттар мен бұқаралық ақпарат құралдары құлақ асып отырады. Сонымен қатар зерттеу барысында 60 мемлекеттен 1000-нан аса респонденттер арасында сауалдама жүргізілген. Жалпы, зерттеудің мақсаты Еу­разия аймағындағы ғана емес, жалпы әлем бойынша қалыптасқан геосаяси және геоэкономикалық үрдіске баға беру болғандығын журналистерге арналған брифингте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев айтып берді.

– Сауда соғыстары, санк­ция­лық және басқыншылық саясат орнаған бұл заманда теке-тірестерді шешуге ба­ғыт­талған БҰҰ, ДСҰ сынды маңызды халықаралық инс­ти­тут­тардың өздеріне қауіп төніп тұр. Қазіргі үрдістер жаһан­дық қауіпсіздік жүйесінің дағ­дарысқа ұшырағанының дәлелі. Ал мұның салдары ауыр бол­мақ. Сондықтан Еуразия қазір күр­делі әрі маңызды шешім қабыл­дауға мәжбүр. Не бірігуі тиіс, не жаһандық шиеленіс алаңына айналу қаупі туады. 

Таңдау қайсысына түсетіні жақын болашақта белгілі болмақ. Еуразия жүрегінде орна­лас­қан Қазақстан үшін осы аймақ­тағы елдердің барлық теке-тірестерді бейбіт жолмен шешіп, ымыраға келуі аса маңыз­ды. Сондықтан Еуразияның жетекші елдері арасында диалог орнату – Қазақстанның сырт­қы саясатындағы басты міндеттердің бірі. Бұл орайда, біз әзірлеген қауіптер рейтингі осы диалогтың негізі бола алатындай өзекті мәселелерді айқындауға бағытталған, – деді ол. 

Сонымен, 2019 жылы Еуразияға қандай қауіп төнуі мүмкін? Олар мыналар – Қытай мен АҚШ теке-тіресінің шиеленісуі, кең ауқымды сауда соғыстары, Таяу Шығыстағы үлкен соғыс, Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынастың одан әрі нашарлауы, Еуразиядағы «шиеленіс ошақтарының» қайта жандануы, жікшілдік, этнос пен конфессияаралық шиеленістердің ушығуы, экологияға және су рес­урстарына төнген қауіптердің ушығуы, киберқауіптердің дамып, күшеюі, жаппай қаруланудың жаңа кейпі және ірі ядролық, техногендік апаттар қаупі.

Әрине, бұл – сарапшылардың болжамы ғана. Бірақ кәнігі, дуалы ауызды мамандардың ортақ шешімге келіп, іріктеген қатерлердің жаңсақ болатын кезі сирек. Осы орайда, баспасөз мәслихатына қатысқан Америка Құрама Штаттарынан арнайы келген Атлантикалық кеңестің аға сарапшысы Ариэль Коэн құрлыққа төнген қауіп-қатерлерді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осыдан бірнеше жыл бұрын ескертіп, әлемдік қоғамдастық назарын бұруға күш салғандығын атап өтті. Ал Еуразия зерттеулер институтының директоры, Шанхай мемлекеттік басқару және халықаралық қарым-қатынастар мектебінің өкілі Ян Чен құрлықтағы тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан тарапы көп еңбектеніп жатқандығына тоқталды. 

Жалпы, сарапшылар көп жақты саясат пен ірі емес елдердің ықпалы күшейе бастаған кезеңде Еуразия қандай стратегиялық қадамға баруы қажет екендігін арнайы талқыламақ. Мәселен, қазіргі уақытта Үлкен Еуразияның қандай болатындығына байланысты түрлі сценарийлер қарастырылуда. 
Айта кетелік, «Астана клу­бы­ның» жалпы отырысы бүгін өтіп, негізгі мәселелердің қоры­тын­дылары шығарылмақ.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»