Медицина • 13 Қараша, 2018

Қызылорда тұрғындарын электронды құжатпен қамту 95,6%-ға жетті

422 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында халыққа медициналық көмек көрсетуді жақсарту жолында жағымды жаңалықтар көбейіп келеді. Әлемдік медицинаның қол жеткізген жетістіктері Сыр өңіріне қанатымен су сепкен қарлығаштай біртіндеп келіп жатыр. Денсаулық сақтау саласында табысқа жеткен мемлекеттермен іскерлік байланыс орнатылуда.

Қызылорда тұрғындарын электронды құжатпен қамту 95,6%-ға жетті

Облыс тұрғындарын электронды құжатпен қамту 95,6 пайыз дәрежесіне жетіп қалды. Бұл туралы жуырда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Баян Бурамбаева айтты.

– Электронды денсаулық төл­құ­жатының көмегімен дәрігер­лер пациенттің денсаулық жағ­дайы, оның анамнезі, созылмалы аурулары, препараттарды қа­был­дау аллергиясы туралы толық ақпаратқа қол жеткізе ала­ды. Көмек көрсету жері мен ме­дициналық ұйымдарда пайдаланатын ақпарат жүйесіне қарамастан адам денсаулығы туралы барлық түйінді мәлімет­тер бір базада жиналады. Нәтиже­сінде пациентке дәрігерге баруды алдын ала жоспарлау, элек­­тронды жолдамалар мен тал­­дау нәтижелерінің есебінен дәрі­герге барудың санын 2 есеге қысқарту, дәрігер пациенттің ден­саулығы туралы ақпаратты бір жерге жинақтауы және дә­рі­герлер мен орташа медицина персоналының еңбегін оң­тайландыруға мүмкіндік береді,–деді ол.

Облыстық онкология орта­лығы директорының орынбасары Жандос Әділхан:

– Елбасының Жолдауында көрсетілгендей, облыста онко­логиялық қызметті жетіл­діру мақсатында жүйелі жұмыс ат­қарылып келеді. Қазіргі таңда Қызылорда қаласының сол жа­­­­ға­лауында жоспарланған он­кологиялық профильді көп­са­лалы 300 төсек орындық ауру­хананың жобалық сметалық құ­жаттамасын әзірлеуге 150,5 млн теңге қаржы бөлініп, жыл со­ңына дейін жұмыс жобасына мемлекеттік сараптама қо­рытындысы алынбақ. Облыста онкологиялық аурулардың алдын алу, оны емдеуде көптеген тың тәсілдер енгізіліп отыр. 2016 жылы онкологиялық орта­лықта паллиативті көмек көр­сететін бөлімше, 2018 жылы диаг­­ностикалық палаталар ашыл­­­ды. Диагностикалық пала­талар арқылы қысқа уақытта күмәнді онкологиялық ауруларды анықтауға қол жетсе, пал­лиативті көмек ІV сатыдағы он­кологиялық сырқаттардың толық ем алуына жағдай туғызды. Со­нымен қатар биыл облыс әкі­мі Қырымбек Көшербаевтың қол­дауымен облыстық онкология орталығы Оңтүстік Корея елі­нің жетекші клиникаларымен ме­морандумға отырды. Жыл бо­йы­на Оңтүстік Корея елінің профес­сорлары мен білікті дәрігерлері облысымызға келіп, науқастарды қарап, ота жасап, зертханалық тәжірибесімен де бөлісті, – деді.

Қазір әлемдегі медицина са­ласындағы жетістіктерге Оң­түс­тік Корея мемлекетіне ба­сым­­­дық беріледі. Алып мұхит жа­ғасындағы мемлекеттің мұн­дай табысқа жетуі ішкі бәсе­ке­лестіктің мықтылығынан де­­лінеді. Өйткені мұндағы аурухана, клиникалардың дені он, жиырма жыл бұрын жеке қолға өткен. Жекелеген инвестордың табысқа жету құралы – әлемдік озық медицина игіліктеріне жол­­ ашып, өзіне адамдарды маг­­­­нит­тей тартуы болмақ. Дү­ние­жүзінде Оңтүстік Корея мем­ле­кетімен денсаулық сақтау саласында ынтымақтастық танытып, әріптестік байланыс орнатуға тырысып жатқан елдер көп. Соның бірі – Қазақстан.

Бәсекелестікті арттыру­ үшін­ аурухана атаулыны же­ке инвес­торларға берген мемлекет­тің ме­дицинадағы өз үлесі 5 па­йыз­­дан аспайды. Мұндай жағ­дай­да жеке клиникалардың бір-бірінен қызмет көрсету сапасын арттыратындығы белгілі. Мә­селен, Сеул университетінің жанындағы Будан госпиталінде науқас қағазын толтыру деген мүлдем жоқ. Барлық дерек компьютерде сақталады. Әр бөлімше интерактивті тақталар арқылы сырқат мәліметімен қанығады. Арнайы білезік тағып жүретін науқастың барлық жағдайы, дәрі қабылдауы wi-fi арқылы дерекқорға тіркеледі.

Шетелден жанына дәру іздеп келген науқастарға мүмкін­ді­гінше өз тілінде қызмет етеді. Бу­дан университетіндегі профессор Сергей Кимнің кіндік қа­ны Қазақстанда тамған екен. Санкт-Петербургте медициналық уни­верситетті тәмамдаған Сергей жиырма жыл бұрын Оңтүстік Кореядағы оқу орнының магистратурасына түсіпті. Тарихи Отанына оралған Сергей Ким орыс тілінен бөлек, қазақшаға да жетік.

Сол Сергей Қызыл­ордаға да корей дәрігер­лер­імен бірге ат ізін салып тұрады. Ол Корея­­дағы денсаулық сақтау са­ла­сындағы жетістіктерді жа­ңа тех­­но­логияларды тез енгі­зу­мен қа­тар, медициналық сақ­тан­дыру жүйесінің жақсы жұмыс іс­теуімен байланыстырады. Әдет­­те, дертті азамат ауру­ха­на­ға кет­кен шығынының 30 па­йы­зы­на ғана төлем жасайды екен. Ал қалғанын сақтандыру қо­ры төлейді. Қазақ «аты жаман ауру» деп атап келген қатер­лі ісік­тің барлық шығынын дер­лік сақтандыру қоры көтеріп ала­ды. Науқасты сауықтыру жө­нінен әлемде жақсы табысқа жетіп отырған Оңтүстік Корея дәрі­герлері өз тәжірибелерін өзге мемлекеттермен бөлісуге кел­генде іштарлық танытпайды. Дәрігерге науқасты алалауға бол­майды. Ол сырқатынан толық айығып кетуі үшін барлық жағдай жасалуы керек.

Қызылорда облыстық ден­саулық сақтау басқармасымен ұзақ мерзімге меморандумға қол қойған Оңтүстік Корея елінің дәрігерлері мыңдаған жандардың сыр­қатын қазақстандық дәрі­герлермен бірге емдеп келеді. Дүниежүзілік медицина саласында орнын ойып алған корейлермен бірге ота жасауға қатысып жүрген отандық дәрігерлер де біліктілік жағынан өсіп жатыр.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы