Қоғам • 13 Қараша, 2018

Балдыр жесе, балық та бағалы

902 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көрікті Көкшенің омырауына сексен моншақ таққандай мөлт-мөлт етіп жататын сексен көлдің талайын бұл күнде балдыр басқан. Табиғатқа жасаған тағылықтың әсері. Балық түгілі бақа өрістемейтін болғалы қашан?!  

Балдыр жесе, балық та бағалы

Шалғайдағы Жақсы ауданын­дағы Белағаш көлі де бір кезде көз жасындай таза, табаны жар­қырап жататын ақ айдын еді. Жылдар өте келе кілкіген уа­­қыт тозаңы көлді қорысқа айнал­дырып жіберді. Лай су­дан балық біткен қырғын тап­қан. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін аудан әкімдігі облыс­тық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қолдауымен көл­ге әрқайсысының салмағы 20-30 грамм болатын, ұзын саны жеті мыңға жуық Амурдың ақ­марқасы мен дөңмаңдай балық жіберді. Ондағы мақсат – аудан тұрғындарын ауыз сумен қам­та­масыз етіп отырған Бел­­ағаш кө­лін биологиялық тұр­ғыдан тазарту. 

– Бұл жақсы бастама, – дейді «Аркуда Платиниум» серіктес­тігінің өкілі Василий Вейбер, – қазір көлге балық жіберіп жатырмыз. Балықтың бұл түрлері көл та­банындағы балдырлы қорысты құр­туға тиіс.

Көлді тазартуға септігі тиетін балықтың бұл түрлерін Ресейден осы серіктестік арнайы әкелген екен. Олардың орташа өмір сүру ұзақ­тығы –30 жыл. Көл суына бой үйрету үшін арнайы температураны қалпында ұстайтын құ­рылғылармен жабдықталған ыдыс­тармен жеткізіліпті. 

– Ел игілігі болып отырған та­биғатымызға жанашырлықпен қара­масақ болмайды. Осы көлден алты мыңға жуық халық су ішіп отыр, – дейді «Белағаш» серік­тестігінің директоры Виктор Герт­нер, – ұзақ уақыттан бері ше­шімін таппай келе жатқан мәсе­ле еді. Енді міне, іс оңынан орал­ғалы тұр. Алдағы уақытта жыл сайын тазарту жұмыстарын жү­йе­лі жүргізуді ойластырудамыз. 

Мамандардың айтуына қара­ғанда, балық біткеннің қоныс аударуы үшін қоңыр күз қолайлы екен. Бұл кезде ауру-сырқаудан дін аман болатын көрінеді. Са­бақ­ты ине сәтімен оралса, ақмар­қа мен дөңмаңдайдың арқасында Белағаштың суы балдай мөлдір көлі бағзы қалпына қайта келмек.  

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан» 

Ақмола облысы, Жақсы ауданы