Руханият • 13 Қараша, 2018

Сөз сойыл №70

761 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Сөз сойыл №70

Еңкіш екеу, бәсірелі біреу

Бір купеде жолаушылап келе жатқан екі жігітке терезенің ар жағындағы жауын-шашын ұнамай томсырайып біраз отырды да, біреуі түңілген қалпы:

– Мен әйелімнен кетіп тындым, – деп еді:

– Менен әйелім кетіп қалды, – деді қарсы отырған өзі тектес жігіт-желең. Осы сәт олармен бір купеде келе жатқан қартаңдау кісі сырттағы жауын-шашынға риза кейіппен:

– Мен күні кеше ғана үйленіп отбасы құрадым, – деп шаттық сезімін сездірді. Сәл үнсіздіктен соң жігіт желеңнің бірі:

– Жаңа ғана бес мың теңгемді жоғалтып алдым, – деп еді, екіншісі де еңкіш тартып:

– Менің де он мыңым үшті-күйлі жоғалды, – деді. Осы сәт шал:

– Үйлене салып лотореядан мотоцикл ұтып алдым, – деп желпінген болды. Жігіттің етжеңділеуі шалдың бұнысына тыжырынған қалпы:

– Бүйрегім ауырушы еді, пәлекет бүріп барады, – деп еді, ана арықтауы:

– Менің асқазаным ауырады, – деп қосарланған болды. Осы сәт шал:

– Мен өмір бойы ауырып көрмедім, – деп көтеріліп отырды.  Купеде келе жатқандар ұйқылы-ояу теңселіп отыр еді:

– Балам мектепте ілініп-салынып жүр, көбіне алатыны екілік, – деп қалды жігіттің бірі. Оған қапталдас отырған да қалыспай:

– Менікі мүлдем мақұрым, биылғы сыныбын келесі жылы қайта оқитын шығар, – деп қапаланды.

Осы сәт:

– Менің немеремнің алатыны кілең бестік! – деп шал шалқыды. Сәлден соң етжеңді орнынан ырғалып тұрып аяқ киімін нұқып:

– Атаңа нәлетті жақында ғана сатып алып едім, қарашы өкшесі мыжырайып түсейін деп тұрғанын, – деп тыжырынып еді, қарсы отырған:

– Келген қаламнан аяқкиім сатып алып едім, мәубас басым пойызға мінерде отырған орнымда қалдырып кетіппін, – деп өкінген болды. Осы сәт шал аяғындағы шәлкейіне риза кейіппен:

– Пәлекет сапалы тігіліпті, тастамай «тарпып» басып келе жатқаныма он жылдан асты, – деді де, – ал жігіттер, біраз әңгімелестік, келесі Тындарево станциясынан мен түсемін, – деп еді, жігіттің етжеңдісі:

– Не дейді!? Тындаревосы несі! Мен бір станция өтіп кеткенбін бе-ей! – деп тыпыршып еді, екіншісі:

– Ит-ай-ә, мені де қарабасып екі бекеттен өтіп кетіппін ғой! – деп орнынан атып тұрды.

Илья БУТМАН

Қарғаның батасы

Қай ғасырда, қай жылы

Белгісіз тіпті ай, күні, 

Жоқ болса да дерегі 

Аңыз-мысал мынадай

Ел аузында келеді. 

Кәдімгі құзғын қарға,

Қонып ап биік жарға

Қанаты жалпылдап,

Дарақылана қарқылдап, 

Дауысы қарлыққанша бақырыпты, 

Үрім-бұтағын алдына шақырыпты,

Ентігіп әулеті түгел кепті. 

Оларға ата Құзғын былай депті: 

– Мен үш ғасыр жасаған,

Өңкей өлімтік жеп асаған,

Мекенім қоқыс болған,

Тоңда түнеп, күлге қонғам

Бармаған жерім қалмаған, 

Қарғыстан басқа алмаған, 

Бар ғұмырым қарқылдаумен 

Текке дарқылдаумен өтті.

Жөңкіген аң көрсем де,

Сасық иіс қан көрсем де 

Бас салып қарқылдайтынмын, 

Жылқының жауырын, 

есектің сауырын

Шоқудан да тартынбайтынмын. 

«Жақсылықты» жария етіп жүрсем де

Құс біткен мені есепке алмады, 

Құзғын атым қалмады...

Ұрпақтарым, бұдан былай

Беделді құс болам десеңдер, 

Шыңға шырқап қонам десеңдер,

Бүгіннен бастап 

Бүркіттің соңына еріңдер, 

Жемтіктің семізін Бүркітке беріңдер, 

Қазірден бастап тілін үйреніңдер, 

Қыз беріп, қызына үйленіңдер. 

Бастарыңа пайдасы жоқ, 

Құр қаңқылдан басқа айласы жоқ,

Жанға жайлы жұғымы жоқ,

Не түсінік ұғымы жоқ

Қысқасы мына мәңгүрт тілдеріңді, 

Қырылдаған үндеріңді, 

Дереу ұмытыңдар, 

Бүркіттің тілінде сөйлеуге 

ұмтылыңдар. 

Ол үшін күн демей, түн демей

Ұлық тілін жаттаңдар,

Бұдан былай қарғаша тіл қатпаңдар. 

Балапандарың бүркітше қышқырып, 

Соларша сұңқылдайтын болсын, 

Соларша үһлеп,

Соларша ыңқылдайтын болсын. 

Құздан құзға өрлегенін де, 

Көкке қанат сермегенін де

Тышқанға түспейтін, 

Арамды ішпейтін

Мәрттігін әбден біліп алыңдар.

Әдет-ғұрпын үйреніп, 

Тек сонан білім алыңдар, 

Қысқасы, қолтығына кіріп алыңдар.

Осы айтқандарым болса – 

Бақтарың жанады,

Беделдерің үстем болады, 

Құзғын аттарың да қалады, 

– Деп өсиет айтса да атасы 

Қабыл болмай батасы

Үйренбек түгіл бүркітше 

саңқылдауды, 

Ұмытып қарғаша қарқылдауды,

Сөйтіп қарға біткен 

мәңгүрт боп кетіпті,

Тұқымының түбіне еліктеу жетіпті. 

Өтеген ЖАППАРХАН

ҚЫЗЫЛОРДА

***

Сұрақ-жауап

– Сізде 8 миллиард қайдан жүр?

– Жемқорлықпен күрестім, бұл солардан тәркіленген ақша.

– Онда неге мемлекетке қайтармайсыз?

– Мен не ақымақпын ба? Бюджетке қайтарсам, ақша қайтадан солардың қолына барып түспей ме?

***

Шетелде жүрген досым хабарласты.

– Жанармай таба алмай жатқандарың рас па?

– Иә, алдымен жоқ боп кетіп, артынан қымбаттап, сәл-пәл қиналып жатырмыз.

– Онда «қазы-қарта, жал-жая» деп жылқыны жей бермесеңдерші, күндердің күнінде керек боп қалар.

***

Әкімнің орынбасары қызметтік аттестациядан өте алмай қалыпты.

Әкім:

– Қандай сұрақ болды?

– Қазақтың үш биі.

– Сен не деп жауап бердің?

– «Қара жорға», «Қамажай», ал үшіншісін таба алмадым.

– Өй, сен де! Үшіншісі – «Қызыл өрік» емес пе?

***

– Ағылшынша сөйлей аласыз ба?

– Тек сөздікпен. Ал адамдармен тілдесуге ұяламын...

***

– Дәрігер мен аспазшының қай қасиеті ұнайды?

– Егер екеуі де жақсы қызмет істесе, олардың келушілерінің денсаулықтары оңалып кетер еді.

***

– Жас, әдемі, бай әрі ақылды әйелге қалай үйленуге болады?

– Ол үшін төрт рет үйлену керек.

***

Шолақ мылтық

 “Мерседес” көлігіне шалқая отырып қаланың iшiн аралап келе жатқан бай адам газонның шөбiн жеп жатқан бiр бомжды көредi. Бай адам шұғыл автокөлiгiн тоқтатып, әбден азып-тозып, содан кейiн шөп жеуге мәжбүр болған әлгi бомжды мiнгiзiп алады. Содан кейiн бомжға қарап:

 – Байғұс-ай, сенi мұндай күйге жеткiзген кiм?.. Қазiр мен сенi бiр жақсы жерге алып барайын, – дейдi.

 Жылы сөзге елжiреген бомж еңкiлдеп жылап жiбередi:

 – Рақмет саған, қайырымды жан! “Бай адамдар өте сараң болады. Олар бiр тиынға тiсiн сындырады” деп ойлаушы едiм. Қателесiппiн. Байлардың iшiнде де бiз сияқты жоқ-жiтiктерге жаны ашитын сiз сияқты қайырымдылар болады екен. Жаздым, жаңылдым...

 – Жә, сарнай берме! – дептi бай адам бомжға, – Артық сөз, артық мадақ не керек осы?! Қазiр менiң виллама келемiз. Менiң вилламның алдындағы газонның шөбi мына көшедегi газонның шөбiнен әлдеқайда бiтiк әрi онда шаң-тозаң да аз. Ақыры шөп жейдi екенсiң, сол менiң вилламдағы газонның шөбiн же!..

***

Мектептегі мысқыл

– Шеше, ертең ата-аналар жиналысы еді, барасыз ба?

– Жоқ!

– Неге?

– Жиналыстың себеп-салдарын білемін!... Одан да сол ақшаға екеуіміз Тайландқа барып келеміз...

***

Мектепте мұғалім оқушыдан сұрап жатыр:

– Сен құрамына сүт кіретін бес нәрсені атап берші.

– Қаймақ, айран, құрт, балмұздақ және ... сиыр!

***

– Мен саған адам мен киіз үйді сал деп едім ғой, – деді мұғалім. – Мұның адамы қайда?

– Ол киіз үйдің ішінде шай ішіп отыр, – деп жауап берді оқушы.

***

Мұғалім оқушы күнделігіне: «Қыздарыңыз мыжыма, көп сөйлейді» деп жазып жібереді.

Ертесінде сол күнделікке қыз әкесі: «Е, сіз оның шешесін тыңдап көрсеңіз!..» деп жауап жазып жіберіпті.

Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР