Президент • 14 Қараша, 2018

Астана клубының отырысында Елбасы әлемдік қоғамдастыққа бірнеше маңызды ұсыныс жасады

537 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Елордада екі күнге созылған Астана клубының төртінші отырысының пленарлық мәжілісі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтті. Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге мүмкіндік беретін шешімдер қалыптастыру және іздестіру үдерісінде Астана клубының мәні мен өзектілігінің зор екенін айтты. 

Астана клубының отырысында Елбасы әлемдік қоғамдастыққа бірнеше маңызды ұсыныс жасады

Державалар арасындағы текетірес

Елбасы халықаралық қа­­ты­настар­дағы жаңа ахуалдың басты си­паттары мен түйткілді тұстарына тоқталды.

– Ірі державалар арасындағы қарама-қайшылықтың өршуі қазіргі әлемнің тұрақсыздығын күшейтіп, оқиғаларды болжап-білу мүмкіндігін азайтуда. «Постбиполярлық» деп аталатын әлемдік тәртіп келмеске кетіп барады. Үлкен Еуразия пішіні көз алдымызда қалыптасып келе жатыр, – деді Нұр­сұлтан Назарбаев.

Елбасы геосаяси бақталастықтың өршуі жергілікті дағдарыстардың ау­қы­мы мен оларды уысында ұстау деңгейіне кері әсер еткенін атап өтті. Мемлекет бас­шысының айтуынша, соның нәти­жесінде, ауқымды қақтығыстарға ұласып кетуі мүмкін жағдайлардың болу қаупі бірнеше есе өсті.

– Текетірестің күшеюі жалпы даму мен қауіпсіздікке қатысты жаһандық инс­ти­туттардың тиімділігіне күмән кел­ті­руде. Бүгінгінің басты тренді – стра­­­те­гиялық тұрақтылықтың негізін «шай­­­қалту». Орта және жақын қашық­тық­­тағы ракеталарды жою жөнін­дегі уағ­­­да­лас­тықтарға қатысты жағдай ша­рық­­тау шегіне жетті, – деді Президент.

Нұр­сұлтан Назарбаев сауда сала­сын­дағы теке­ті­рестің салдарынан әлем экономика­сы өсімінің төмендеу қаупі туралы ай­тып, біржақты эконо­ми­калық санкциялар мәселесіне тоқталды.

Сонымен қатар Елбасы Таяу Шы­ғыс елдеріндегі проблемалардың шешілмеуіне, халықаралық террористік және экстремистік топтардың әрекетіне бай­ланысты қауіп-қатерлер туралы айтты.

– 2018 жыл киберқауіпсіздік жаһан­дық тұрақтылықтың мүлде жаңа өлше­міне айналғанын айқын көрсетті. Негізгі державалар арасындағы текетірес осы кеңістікке ауып барады. Алдағы жылдары кибертехнологиялар көмегімен істен шығарылған ядролық және басқа да стратегиялық нысандардың қауіпсіздік проблемаларының өзектілігі арта түсетін болады, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге Қазақстан Президенті сауда саласындағы текетірес және санкциялық соғыстар жағдайында әлем елдері қолданатын коммуникациялық құралдардың қауіпсіздік мәселелеріне тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық сын-қатерлерді еңсеру жолында тың шешімдер іздестіру мақсатымен 1975 жылғы Хельсинки қорытынды актісін жаңартып, 2020 жылы қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа арналған конференция өткізуді ұсынды.

– Жаңа келісім жасау үдерісі оңай болмайтынын түсінеміз. Сондықтан қорытынды келіссөздерге әзірлікті 2019 жылдың өзінде бастаған жөн. Әрине, бұл мәселеде көп нәрсе әлемдік державалардың ұстанымдарына байланысты болады. Осыған орай, ірі мем­лекеттерді жаңа келісім жасау жөніндегі бірлескен жұмыстарға шақырғым келеді, – деді Елбасы.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы яд­ролық қару-жарақты одан әрі қысқарту және ядролық қарудан азат аймақтар құру туралы келіссөздерді жандандыру арқылы ядролық державалар арасында сенімге негізделген диалог орнатудың ма­ңыздылығын айтты. Қазақстан Пре­зи­денті тағы да халықаралық қоғам­дас­тықты ядролық қарудан ада әлем құруға шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік сауда саласындағы даулы мәселелерді шешу үшін мүдделі тараптарға Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында көпжақты форматта келіссөз үстеліне отыруды ұсынды.

– 2020 жылы Астанада осы ұйым­ның министрлер деңгейіндегі кездесуі өте­ді. Біз сауда-инвестициялық ынты­мақ­тастықтың бірыңғай әділетті ережесін әзірлеу жағдайдан шығудың жолы деп білеміз. Сонымен қатар сауда сала­сын­дағы текетірес проблемасының шешімін Дүниежүзілік сауда ұйымын реформа­лау­дан іздеу қажет, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы Азиядағы ұжым­дық қауіпсіздік ұйымын құру қажет екенін айтты.

– Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі жөніндегі Қазақ­станның бастамасы Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі келешек ұйымның негізі бола алады. Осы идеяны жүзеге асыруға бағытталған алғашқы қадам ретінде Еуропадағы қа­уіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің консультативтік отырысын және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының қауіп­сіздік жөніндегі аймақтық форумын өткізуді ұсынамын, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назар­баев қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен халық­аралық конференциясы сияқты беделді басқосуларды ұйымдастыру кезіндегі тәжі­рибені ескере отырып, Астана клубы­ның базасында Еуразиядағы қауіп­сіз­дік жөніндегі конференция өткізу­ді ұсынды.

Елбасы Ақпараттық кеңістікті дамыту саласындағы өзара іс-қимылдың жа­һан­дық стратегиясын әзірлеу қажет­тігін атап өтті.

Ашық әңгімеге ұласты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтан соң кезегімен сөз алған әлемге танымал сарапшылар, саясаткерлер мен дипломаттардың пікірлері бейбітшілік пен тұрақтылықты қалыптастырудың маңыздылығы тұрғысында өрбіді. «Үл­кен Еуразияға апарар жол: ортақ бола­шақты қалай құрамыз?» тақырыбы бо­йынша екі күн ойларын ашық айтып, пікір­лерін еркін жеткізген спикерлер алды­мен осындай саяси алаң ұсынған Қазақ­стан тарапына ризашылықтарын жеткізді. 

Атап айтқанда, 1997-2009 жылдар аралы­ғында МАГАТЭ-нің бас директоры лауа­зымын атқарған, Нобель сыйлы­ғының бейбітшілік бойынша лауреаты Мохаммед Әл-Барадейдің пікірінше, қырғи-қабақ соғыс ширек ғасырдан астам уақыт бұрын аяқталғандығына қарамастан, әлемдік жаңа тәртіп жүйе­сінде белгілі бір мемлекеттердің іс-қимылдарында прогресс сезілер емес. Қазіргі ахуал кей жағдайларда әлем кері кетіп бара жатқандай әсер қалдырады. Оған қоса халықаралық институттар беделінен айырылып барады. Сондай-ақ М.Әл-Барадей әлемде әлі де 15 мыңдай ядролық оқтұмсық бар екендігіне жә­не олардың екі мыңдайы оқтаулы тұрған­дығына тоқталды. 

МАГАТЭ-нің бұрынғы бас директоры әлемдегі ядролық қарудың таралмауына бағытталған іс-шараларға тоқтала келе, бұл саладағы Қазақстанның үлесіне жоғары баға беріп өтті. 

– Жақында МАГАТЭ-нің бақы­лауы­мен Қазақстанда ашылған төмен байы­тылған уран банкі – ядролық қаруды жою мен таратпауға бағытталған маңызды қадам, – деп атап өтті Мохаммед Әл-Барадей.

Ал Ауғанстанның бұрынғы прези­денті Хамид Карзай алдымен Қазақстан Президентіне Ауғанстанға көрсетіп отыр­ған қамқорлығы үшін алғысын білдірді. Оның ішінде ауғанстандық жастарға Қазақстанның оқу орындарында білім алуға бөлінген 1000 стипендия да бар еді. Қазір ол жастардың көбі жо­ғар­ы оқу орындарын тәмамдап, өз елінде қызмет көрсетуде. 

– Біз көп жағдайда тарихи және гео­гра­фиялық себеп-салдарға тәуелдіміз және оның тұтқынына айналып отырмыз, – деген Х.Карзай өз елінде қалыптасқан ахуалға кеңінен тоқталды. 

– Президент мырза, сіздің тұрақ­ты­лықты қалыптастыруға бағытталған тәжі­рибеңізбен Ауған жерін құнар­лан­дырғымыз келеді. Оның ішінде тепе-теңдікті қалыптастыра отырып көркею­ді мақсат еттік. Қазір менің елімнің қиын­дықтары шаш-етектен, – деді Хамид Карзай Қазақстан Президен­тіне қарата айтқан сөзінде. Ол, сон­дай-ақ Нұр­сұлтан Назарбаевтан Ауғанстан­дағы тұрақтылық пен бейбітші­лікті қа­лып­тастыруға бағытталған халық­аралық ке­ліссөздерге араағайындық етуді сұрады. 

Шын мәнінде, Х.Карзайдың үмітте­нетін жөні бар. Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығының алғашқы сатысында-ақ биылғы жылдың қаңтар айында Қазақстан Президентінің бастамасымен осы халықаралық ұйым алғаш рет Ауғанстанға байланысты нақты шешім қабылдаған болатын. 

Өз кезегінде Түркияның бұ­рын­ғы Премьер-министрі Ахмет Да­вутоғлу сөзін Астана клубында маңызды халық­аралық және өңіраралық мәселелердің көтерілгендігінен бастап әлемдік геосая­си ахуалға шолу жасап өтті. 

Ашық пікір, еркін ой көрініс тап­қан жалпы отырыста халықаралық сая­­сат­тың серкелері халықаралық жә­не өңір­аралық жағдайларға байланыс­ты Қа­зақстан Президентінің ой-пікірін бі­луге құлшынып, сауалдарын берді. Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев олар­дың әрқайсысына тиянақты жауап қай­тарып, халықаралық саясаттағы Көш­басшылардың бірі ретінде өз ұстанымы мен көзқарастарын білдіріп отырды. 

Жалпы, пленарлық отырыстың соңында Мемлекет басшысы болашақ ұрпақ үшін ғаламшарды сақтау жолында барлық күш-жігерді біріктірудің маңыздылығын айтты.

«Үлкен Еуразия» идеясы

Клубтың алғашқы күнгі жиынын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының директоры Дариға Назарбаева ашып, биылғы отырыстың тақырыбы Қазақстан үшін өте маңызды екенін атап өткен болатын. Өйткені «Үлкен Еуразия» идеясы Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баевқа тиесілі. Елбасы бұл ұсыны­сын алғаш рет 2015 жылы БҰҰ Бас Ас­самблеясының мінберінен айтқан еді.

– «Үлкен Еуразия» немесе «инте­гра­циялардың интеграциясы» дегеніміз – Еуразиялық экономикалық одақ, «Жібек жолы» экономикалық белдеуі мен Еуроодақтың тығыз байланыс орнатуы. Ортақ достық алаңын құру, яғни бейбітшілік, қауіпсіздік пен даму – осы кеңістіктегі барлық ірілі-ұсақ елдердің басты саяси ұстанымы, – деген еді Дариға Назарбаева. 

Астана клубының бірінші күнінің бас­ты жаңалығы көпшілікке «2019 жылы Еуразия үшін төніп тұрған әлемдік қауіптердің рейтингі» халықаралық зерттеуі ұсынылғандығы болды. 

Астана клубының төртінші отырысына қатысушылар жаһандық экономикадағы өзгерістер мен адамзат алдына қойылған жаңа міндеттер туралы пікір таластырған болатын. 

Сарапшылардың ойынша, гео­я­саясаттағы мәселелер мен сауалдардың шешімін экономикалық интеграция арқылы табуға болады. 

Енді сарапшылардың қоры­тын­дысына келетін болсақ, Бреттон-Вудс (RBWC) жаңарту жөніндегі комитеттің директоры, әрі оның негізін қалаушы Марк Узан экономикалық бағыттарға баса мән берді. Сарапшы онжылдық қар­жы­лық дағдарыстан соң әлем моне­­тарлық саясатты жөнге келтіре бастаға­нын еске салды. Алайда, келешекке жасалған болжам жаңа қауіптер мен жаңа міндеттерді айқындап берді. М.Узанның айтуынша, саудалық кедергілер жайында сөз қозғағанда жаңа протекционизм құру қажеттігін де ескерген жөн. 

– Жаһандық экономика туралы сөз қозғағанда саудалық кедергілерді де ұмытпаған жөн. Олар әлемдік эко­но­миканың ілгері жылжуына жол бер­меуі мүмкін, – деді Астана клубының қаты­сушысы, Бреттон-Вудс басшысы. 

Ал Атлантикалық кеңестің стра­те­гиялық болжау бастамасының директоры Мэтью Барроуз АҚШ пен Қытай арасындағы текетіреске назар аударды. Ол қос мемлекеттің қарым-қатынасы келесі жылы нашарлай түсуі екіталай екенін жеткізді. Сарапшының пікірінше, Қытай мен АҚШ-тың бірігуге ұмтылуы ғаламдық тұрақтылыққа үлес қосады. Сондай-ақ ол келесі жылы жаһандық дағдарыс болмайды деген сенім білдірді. Алайда алыс болашаққа деген болжамы көңіл көншітерлік емес. 

Өз кезегінде Мадрид клубының бас хатшысы Мария Елена Агуэро болса, әлем­дегі, оның ішінде Еуразиядағы діни және этностық шиеленіске баса мән берді. 

– Еуразия құрамына көп этностық және діни топтар кіреді. Сондықтан бұл аймақта шиеленістер туу қаупі бар. Еуразиядағы шиеленістердің тамыры діни қақтығыстарда жатыр, – деп атап өтті М.Е.Агуэро. 

Діни және этностық шиеленіс мә­се­лесіне басқа да сарапшылар, оның ішінде IDEA халықаралық институтының бас хатшысы, Бельгияның бұрынғы премьер-министрі Ив Летерм де тоқталды. Ол бұл проблемалардың миграциялардан туындағанын атап өтті. 

– Босқындардың гуманитарлық мә­се­лелерін ескерген жөн. Мәселен, бұл мигранттарды ерікті кәсіби мамандар ретінде жұмысқа тартуға болады. Немесе оларға белсенді азаматтар ретінде заңдық тұрғыдан рұқсат берілуі тиіс. Оларға мүмкіндік беру арқылы экстремизм мен терроризмге қарсы күрес күшейе түседі, – дейді И.Летерм. 

Ал Түркияның бұрынғы Премьер-министрі (2014-2016) Ахмет Давутоғлу болса, «қа­зір Еу­разия үшін ғана емес, бүкіл адам­зат үшін күрделі кезең келді» деп есептейді. 

– Қазір халықаралық қатынастарда турбуленттік жағдайды бақылап отырмыз. Осындай геосаяси тығырықтан қалай шығуға болады? Ең алдымен, біз осы тығырықтың тарихи алғышарттарын түсінуіміз керек. Жаһандық мәселе­лер­ді шешу барысында сол өңірдің мемле­кеттерінің жауапкершілігі өте маңызды. Бұл жауапкершіліксіз бейбітшілік орната алмаймыз, – деді Ахмет Давутоғлу. 

– Ең тиімді жауапты геосаясаттан емес, геоэкономикадан таба аламыз. Елдер арасында қалыптасқан геоэко­но­микалық ықпал ортақ қызығушылық туғызып, салдары геосаяси мәселелер мен мемлекеттер арасындағы текетіреске әкеледі. «Жібек жолы» бұған жақсы дәлел. Бірнеше ғасырлар бойы көптеген империялардың дәурені жүріп тұрды. Олар пайда болып, жоғалып та кетіп жатты. Ал «Жібек жолы» жүздеген жылдар бойы тұрақты болды. Өйткені бұл жерде барлық тараптар практикалық жағынан пайда тауып, қызығушылық содан болды. Мемлекеттер бір-бірімен соғысқанымен, бірақ бір мәселе бойынша үнемі ымыраға келіп отырды. Жолдардағы керуендердің қауіпсіздігі бәрінен де маңызды болды, – деп атап өтті Ахмет Давутоғлу. 

* * *

Астана клубының отырысы аяқталған соң Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның антиядролық бастамаларына және ядролық қару­сыздану үдерісіне арналған көрмені аралап көрді. Қазақстан Президенті көрмеге қойылған экспонаттармен танысып, экскурсияда жүрген Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенттерімен әңгімелесті. Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы өзінің студенттік шағынан сыр шертетін естеліктер айтты.

Жалпы, Астана клубының отырысына әлемнің 30 елінен 50-ге жуық спикер қатысқанын бұған дейін хабарладық. Оның ішінде Аустрия, Ауғанстан, Бельгия, Мысыр, Италия, Польша, Португалия, Ұлыбритания, Үндістан, Индонезия, Иран, Испания, Қытай, Норвегия, Ресей, Хорватия, АҚШ, Швеция және Жапонияның өкілдері болды. 

Ив ЛЕТЕРМ, 

Бельгияның 2008, 2009-2011 жылдардағы премьер-министрі, IDEA халықаралық демократиялық институтының бас хатшысы: 

– Қазақстанның Астана клубы отырысын өткізуге асқан жа­уап­­кершілікпен және үлкен дайын­­дықпен келгендігіне көз жет­кі­зіп отырмыз. Оған қоса, Аста­на клубы әзірлеген қауіптер жөнін­дегі есептің сапалы екен­дігін көрдік. Ең бастысы, бір алаң­да атағы алысқа кеткен акаде­миктер, теоретиктер мен саясаткерлердің бас қосқандығы қуантты. Әдетте, кез келген сая­си шешім тиянақты әзірлеген тал­даулардан соң қабылдануы керек. Ал Астана клубы әзірлеген шо­лудың дәл осындай ықтимал қауіп­тер мен тәуекелдердің алдын алуға бағытталған құжат екен­дігі көрініп тұр. Сондықтан құ­жат­та көрсетілген қауіптердің қай қай­сысы да ықтимал болғандықтан, Қазақстан тарапы оларды бол­дырмауға ықпал ете алады. 

Иво ЙОСИПОВИЧ, 

Хорватияның 2010-2015 жылдардағы президенті: 

– Соғыс адамзат тіршілігіндегі ең сұмдық қатерлердің бірі. Осы орайда, Қазақстанның әлемдік бейбітшілік орнатуға бағытталған бастамалары қуантады. Біз қазір Қазақстанға жақын орналасқан екі бірдей «ыстық нүктені» көріп отырмыз. Ол Сирия мен Таулы Қарабах деп айта аламын. Әлемде мұндай «ыс­тық нүктелер» жетіп-артылады. Олардағы ахуалдың қа­лай өрістейтіндігі де белгісіз. Сон­дықтан «ыстық нүктелерде» шие­ле­ністердің қаулап кетпеуі үшін нақты шешім қабылдауға Астана клубы әзірлеген құжат сынды дәйекті талдаулар қажет. 

Жозе Мануэль БАРРОЗУ, 

Еуропалық комиссияның 2004-2014 жылдардағы төрағасы: 

– Астана бейбітшілікті қалып­тастыру жолында әлемдік қоғам­дастыққа өз алаңын ұсынып, мемлекеттер арасындағы диалогтың қалыптасуына зор ықпалын ти­гізуде. Міне, осы жолы да ұста­нымдары мен көзқарастары қайшы мемлекеттердің өкілдері бір үстелдің басында бас қосып, әлемдік маңызды мәселелерді ашық талқылауда. Еуразия құрлығының аумағына қарайтын болса, бұл − Атлант мұхитынан Тынық мұхитқа дейінгі, Лон­дон­нан Владивостокқа дейінгі алып кеңістік. Ал Еуразияның жүре­гінде орналасқан Қазақстан − Қы­тай мен Ресей тәрізді алып­тардың ортасында отырып өңірдегі бей­бітшіліктің сақ­талуына зор ық­палын тигізіп отырған мемлекет. Қазір Қазақ­стан ұсынып отырған мемлекеттер арасындағы диалог жалпы әлем үшін ауадай қажет. 

Данило ТЮРК,

Словенияның 2007-2012 жылдардағы президенті, БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары (2000-2005): 

– Астана әлемдік бейбітшілік жолындағы маңызды шаралар өтетін алып алаңға айналды. Мәселен, Сирия жөніндегі келіс­сөздерді өткізуге Астананың таңдалуы кездейсоқтық емес еді. Іс жүзінде Астана клубының отырысына әлемнің барлық дерлік құрлықтарының өкілдері шақырылған. Біз, міне, бүгінгі отырыстан Орталық Азияның жаңғырғандығына көз жеткізіп отырмыз. Ал Астана ұсынған Еуразиядағы қауіптер туралы құжат жөнінде айтар болсам, бұл – жаңа құжат. Ондағы ық­тимал қауіптердің барлығымен ке­ліспесем де, Таяу Шы­ғыстағы шиеленістердің өршуіне байланысты ескертпелерді жоққа шығара алмаймын. Соғыстың қаупі бар. Бұл құжат мұндай алаңдарда алғаш рет ұсынылып отырғандығымен де бағалы деп есептеймін. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»