Үкімет • 14 Қараша, 2018

Экономика өсімі тұрақты

254 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Үкімет отырысы Мемлекет басшысының Қауіпсіздік кеңесіндегі тапсырмаларына қатысты мәселені қарастырудан басталды. Энергетика министрі Қ.Бозымбаев 2019 жылдан бастап электр энергиясын өндіру секторы үшін жаңа тарифтік әдіснама қолданылатынын жеткізді. Энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясына арналған шекті тарифтерінің объективті деңгейі белгіленетін болады.

Экономика өсімі тұрақты

Электр қуатын өндірушілерге шекті тариф белгіленеді

«Бүгінгі таңда негізгі электр стансаларын тексеру бойынша Бас прокуратурамен бірлескен жұмыс аяқталды. Энергетика министрлігінде кесте бекітіліп, барлық энергия өндіруші ұйым­дарды тыңдау басталды. Атал­ған жұмысты 20 қарашаға дейін аяқтаймыз», деді министр.

Министр энергия өндіруші ұйымдардың сату бағасын өзгер­туінің негізінде, табиғи моно­полиялар салаларында бас­шы­лықты жүзеге асыратын уәкі­летті орган (Табиғи монополия­ларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құ­қық­тарын қорғау комитеті) түпкі тұтынушылар үшін электр энер­гиясының құнын төмендету бо­йынша шаралар қабылдауы тиіс екенін айтты.

Бұдан өзге, энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясы­на тарифтерін төмендету мақ­сатында Энергетика министрлігі Бұйрық жобасын да әзірледі. Бұл жобада тауарлық газдың шекті көтерме бағаларын төмендету көзделген.

«Біздің бағалауымыз бойын­ша, көтерме сауда бағасын 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап тө­мендету – тауарлық газдың түп­кілікті бағасын газ пайдаланатын электр стансалары үшін 6-15%-ға төмендетуге мүмкіндік береді», деді министр.

Ұлттық экономика минис­трі Т.Сүлейменов қысқа мер­зім­ді шаралар шеңберінде, бірін­шіден, Бас прокуратураның ұсынымын орындау аясында монополистердің электр энергиясын беру және жабдықтау саласындағы қызметтерге ар­нал­ған тарифтерді төмендету бо­йынша жұмыс жүргізілгенін, соның нәтижесінде монополистік кәсіпорындар қызметтерінің бағасы төмендетілгенін айтты. Екіншіден, халықпен кері байланысты ұйымдастыру үшін барлық облыс орталығында, Ас­тана, Алматы және Шымкент қала­ларында, сондай-ақ облыс­тық маңызы бар қалаларда 2018 жылғы 12 қарашада БАҚ, жер­гі­лікті атқарушы органдар, Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы, «Нұр Отан» партиясы, қоғам­дық бірлестіктер және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуы­мен тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық саласындағы түйт­­­кілді мәселелер бойынша қо­ғам­­дық қабылдаулар ашылды. Үшін­шіден, өткізілген қоғам­дық қабылдаулар қорытын­дысы бо­йынша 2018 жылғы 16 қа­рашаға дейін түскен ша­ғым­дардың не­гізінде сумен жаб­дық­тау, су бұ­ру, жылумен жабдықтау және электр энергия­сы мен газды беру, жабдықтау қызметтерін көр­сететін базалық монополис­тер қызметіне жос­пардан тыс тексеріс жүргізу ұйым­дас­ты­ры­лады.

Ұлттық экономика ми­нис­трінің айтуынша, тарифтерді белгілеу және монополистердің тарифтік сметалар мен инвес­тициялық міндеттемелерді орындауды бақылау ашықтығын күшейту үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілуде. Осы орайда Премьер-Министр нақты тапсырмалар берді. Бірін­ші, табиғи монополистердің та­­риф­тік сметалар мен инвес­ти­ция­лық міндеттемелерді орындамау, қызмет құнынан өндірістік емес шығындарын заңсыз қосу бо­йынша анықталған барлық фак­тілерге талдау жүргізу қажет. Жо­сықсыз монополистер мен та­риф­терді көтеру арқылы пай­даға кенелген компаниялар заң ал­­дын­да жауап беруі тиіс. Оны тер­геу барысы жариялауы керек. Екі аптадан соң бұл мәселе ке­зекті Үкімет отырысында қара­лады. 

Монополистер қаражатты мақсатты жұмсаулары тиіс

Ұлттық экономика ми­нис­трлігіне екі аптадан соң бюджеттен субсидия түрінде бөлінетін қаражатты монополистердің мақ­сатты жұмсауы туралы баяндауы тапсырылды. Халықты ТКШ қызметтерінің барлық түрімен қамтамасыз ететін ұйымдардың міндеттемелерін орындауын ба­қы­лау нәтижелері тыңдалады.Екінші. Ұлттық экономика ми­нис­тр­­­­­­лігінің Монополияға қар­сы комитет пен оның өңірлік бө­лім­шелерінің жұмысын рет­ке кел­тіруге қатысты тәсіл­де­ріне қолдау білдірілді. Б.Сағын­таев табиғи монополия­лар са­ла­сындағы саясат пен мо­но­по­лияға қарсы комитет жұмы­сына жетекшілік ететін Ұлттық экономика вице-министрі С.Жұ­ман­­ғариннің жазаланғанын хабарлады. Үшіншіден, 1 желтоқсанға қарай Ұлттық экономика, Энер­гетика министрліктері электр, жылу, су мен газ беру, кәріз, те­ле­­­фон байланысы, интернет та­риф­тері қалай және қаншалықты төмендейтіні көрсетілген жан-жақты жоспарды енгізуі тиіс.

Төртіншіден, Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бір­лесіп ТКШ мониторингі рес­публикалық жүйесін құру тапсырылды. Мониторинг жүйесі қоғам өкілдерінің қатысуымен жергілікті жерлерде жұмыс істеп, тариф, қызмет сапасы, халықтың сұранысына байланысты барлық мәселені көтеруі тиіс. Сонымен қатар апта соңына дейін ТКШ тарифтері бойынша жедел желі ашу тапсырылды. Бесіншіден, Ұлттық экономика, Энергетика министрліктеріне және өңір әкім­діктеріне көмірдің, газдың, дәрі-дәрмектің және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың ба­ға­сын ерекше бақылауға алу тап­сы­рылды. Алтыншы, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау ми­нистрліктеріне халықты алаң­датып отырған өзекті мәселелерді шешу бойынша кеңес өткізу тапсырылды. Негізгі акцент – оқу құнын, сондай-ақ медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектің бағасын төмендету. Орындалу мерзімі – екі апта. Жетінші, Ақ­па­рат және коммуникациялар министрлігіне барлық бағыт бо­йынша жұмыстарды ақпараттық сүйемелдеу тапсырылды.

Содан кейін Үкімет отырысы күн тәртібіндегі мәселе­лер­ді қарауға көшті. 2018 жыл­ғы 10 айдағы әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық даму және респуб­лика­лық бюджеттің орындалу қо­рытындылары қаралды. Ұлт­тық экономика министрі Т.Сү­лей­менов осы жылдың қаң­тар-қазан айларында Қазақ­стан эко­­номикасы өсудің оң үрдісін сақ­тап отырғанын атап өт­ті. «ІЖӨ өсуі есепті кезеңде 4,1% құ­­­рады. Жоғары инвести­ция­лық белсенділік, инфляция­ның бә­­сеңдеуі, сондай-ақ эконо­ми­ка­­ның базалық салаларында өн­ді­ріс­тің ұлғаюы экономикалық өсу­­дің негізгі факторлары болды», деді Ұлттық экономика ми­нистрі.

Инфляция деңгейі күтілген болжамнан төмен

Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев 2018 жылғы қа­зан айында инфляция 0,4% құ­рағанын айтты, бұл күтілген болжамнан төмен көрсеткіш. Нәтижесінде инфляция жылдық мәнде 5,3%-ға дейін төмендеді, бұл көрсеткіш 2017 жылғы қазанда 7,7%-ды құраған еді. Бұл 2015 жылдан бастап жыл­дық инфляцияның ең төменгі көрсеткіші. Инфляцияның төмен­гі көрсеткіштері жыл соңын­да жылдық инфляцияны 5-7% дәлі­зінде сақтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Д.Ақышев «7-20-25» бағдарламасын іске асыру барысы жөнінде баяндады. Бағдарлама 7 банк арқылы орындалады. 2018 жылғы 8 қа­ра­шадағы жағдай бойынша, банктер 35 млрд теңге көле­мінде несиеге берілген 2900 өті­німді мақұлдаған. Ұлттық банк халық арасында түсіндіру жұ­мыстарын жүргізіп жатыр. Тәу­лік бойы колл-орталық жұмыс істейді. Жақын арада «Ал­дын ала біліктіліктер» жобасы іске қо­сы­лады. Бұл әрбір қазақ­стандыққа онлайн-режімде бағ­дарламаға қатысу үшін өз мүм­кіндіктерін бағалауға мүмкіндік береді.

Қаржы министрі Ә.Смайы­лов есепті кезеңде бюджеттің бар­лық деңгейінде кірістердің (трансферттерді есепке алма­ғанда) орындалуы 2017 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда жақсарғанын жеткізді. Мемле­кеттік бюджет кірістерінің өсу қар­қыны 117,5%-ды құрады, респуб­ликалық – 120,6%, жергі­лікті бюджеттер – 110,4% болды.

Ә.Смайылов шығыстар бо­йынша атқару пайыздары өткен жылмен салыстырғанда жоғары екенін айтты. Мемлекеттік бюд­жет шығыстары 98,2% орындал­ған, республикалық бюджет 98,7%, жергілікті бюджеттер 98,3% атқарылған. Респуб­ли­ка­лық бюджет шығыстары 7788 млрд теңгені құраған. 100 млрд теңге атқарылмаған.

Он айдың қорытындысында оң сальдо бар

Қаржы министрінің баян­да­масын тыңдағаннан кейін, Премьер-Министр бағдар­ла­малар әкімгерлерінің лауазымды тұлғаларын тәртіптік жазалау бойынша ұсынылған шаралар­ды қолдайтынын атап өтті. Иге­рілмеген қаражаттарды алу және оны республикалық бюджетке қайтару жөніндегі жұмысты жал­ғастыруды тапсырды. 

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек он айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 104,7%-ды құрағанын атап өтті, оның ішінде тау-кен өнеркәсібі 104,6%, өңдеу өнеркәсібі 105,4%. Еліміздің 14 өңірінде өнеркәсіп өндірісі көлемінің оң көрсеткіші сақталды.

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев ауылшаруашылығы өнімдерінің нақты көлем индексі 10 айда 102,5%-ды құрағанын, оның ішінде өсімдік шаруашылығында 101,6%, малшаруашылығында 103,9% болғанын атап өтті. «Республикада астық дақыл­дарын жинау аяқталды. 15,1 млн гектар алқап жиналды (100%). Гектарына 15,1 центнер тү­сім­ділікпен 22,8 млн тонна астық бастырылды», деді А. Евниев.

Б.Сағынтаев Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нис­трлігіне, жергілікті атқару­шы органдарға еліміздегі халық табысының төмен болуы бойынша қазіргі жағдайға талдау жасауды тапсырды. Халық табысының атаулы және нақты мәндердегі өсімінің көрсеткіштері ара­сын­дағы айырмашылық туралы сөз қозғалды. Әлеуметтік-эко­номикалық даму туралы есеп­терді әзірлегенде бірінші кезек­те халықтың табысының көрсет­кіштеріне назар аудару тапсырылды, бұл орайда әкімдіктер с­татистикалық деректердің дұрыс еместігін немесе басқа да се­бептерді сылтау қылмауы тиіс. 

ЭЫДҰ жүргізген өнер­кәсіп­тегі ахуалды талдау гео­ло­гия­­лық және жер қойнауын пай­даланудағы ең өткір проблемалық аймақтарды анықтады. Бұл бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соңғы екі жыл­да саланың дамуын тежейтін мә­селелер шешіліп, негізгі көр­сеткіштер алға жылжыған. ҚР ИДМ деректеріне сәйкес, соң­ғы үш жылда нормативтік-құ­қықтық базаны өзгерту бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. 

«Кодекс аясында «Бірінші келген – бірінші алады» қағидасы енгізіліп, жер қойнауын пайдалану құқығын беру мерзімі қысқартылды. Сонымен қатар мем­лекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы қабыл­данып, геологиялық ақпаратқа қолжетімділік артты әрі көптеген әкімшілік кедергілер алынып тас­талды», деді Ж.Қасымбек.

Жыл соңына дейін жанар-жағармай қымбаттамайды

Қ.Бозымбаев қазіргі уақытта көптеген барланып жатқан кен орындары игерудің соңғы сатысында екеніне әрі өндіріс көлемінің төмендегеніне назар аударды. «Мұнай өндірудің келесі көрсеткіштерінің өсуі Теңіз, Қарашығанақ, Қашағанды игерудің қарқындауымен байланысты болады. Ресурстық базаны толықтыру мәселесі өзекті болып тұр. Геологиялық бар­лау жұмыстарын жандандыру қажет», деді Қ.Бозымбаев. Сон­дай-ақ ол жыл соңына дейін жа­нар-жағармайдың қымбатта­май­тынын айтты. Оты­рыс барысын­да аталған мәсе­ле бойынша Қы­зылорда және Маңғыстау облыс­тарының әкімдері Қ.Көшербаев пен Е.Тоғжанов та пікір білдірді.

Мәселені қорытындылай келе, Премьер-Министр Б.Са­ғын­­таев жер қойнауын пайда­лану саласындағы уәкілетті мем­лекеттік органдарға еліміздің ми­нералдық-шикізат базасын то­лықтыру бойынша тиімді жұмыс істеуді тапсырды.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»